Мәдениеттің мерейі асқан күн
Т.Рысқұлов ауданының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында Көгершін ауылында бой көтерген жаңа нысан ел игілігі үшін салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Айта кету керек, ауданға қарасты Көгершін ауылының тұрғындары елді мекенде дербес ауылдық клуб жоқтығын жылдар бойы айтып жүретін. Осы жылы ауыл тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 106 миллион теңге қаражат бөлініп, 90 орындық мәдениет үйі салынды.
«Ауданның мәдениет саласын өркендетуге айрықша ден қойып отырмыз. Соңғы үш жылдың бедерінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында төрт мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Сондай-ақ, өткен жылы құрылысы басталған Көгершін ауылындағы клуб пайдалануға беріліп отыр. Осылайша, аудандағы халық тығыз орналасқан елді мекендердің бірінің мәселесі шешілді. Ауданның 2027 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес, алты ауылда мәдениет үйі мен клуб бой көтереді деп жоспарлап отырмыз», – дейді аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғазы Еспенов.
Көгершінде ауылдық клуб уақытында жекенің қолына өтіп кеткені белгілі. Қысқасы, ұзақ жылдар бойы елді мекендегі мәдени нысан жапсарлас ғимаратта орналасқан болатын. Бүгінде жоба аясында ауылдықтарды алаңдатқан мәселе оңынан шешілгені – құптарлық қадам.
«Ауылымызда талантты жастар аз емес. Жаңа клубтың салынғанына бек қуаныштымыз. Енді осы мәдениет нысанында түрлі үйірмелер ашылып, талантты балаларымыздың талабын ұштай түссе деген тілегіміз бар», дейді ауыл тұрғындары.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
«Мәдениет–асыл қазынам» тақырыбында ұйымдастырылған мәдениет күнінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың рухына тағзым етіліп, еске алу мақсатында бір минуттық үнсіздік жарияланды.
Басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай мен аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерғазы Еспенов бастаған зиялы қауым өкілдері және аудан ардагерлері ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар, аудан орталығы Құлан ауылындағы орталық стадион аумағында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық ойындар мен салт-дәстүрлер бейнеленген көріністер, тақырыптық көрмелер көпшілік назарына ұсынылып, мәдени шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Концерттің шымылдығын ашқан Ерлан Жүнісбай құландықтарды мәдениет күнімен қатар келген 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, Ерғазы Еспенов тілектер легін жалғастырып, ауданның тарихы мен жетістігіне шолу жасады.
Ұлы Жібек жолында жатқан киелі Құланның мақтаныштарынан құралған керуен көші жүріп өтіп, «Тұғыры биік – қазағым» театрландырылған қойылымы сахналанды.
Туған жерге ат терлетіп арнайы келген Досымжан Таңатаров, «Астана» тобы, Руслан Мамытов сынды белгілі өнер майталмандары мен аудан өнерпаздары әсем әндерімен құлақтың құрышын қандырды.
Мың бұралған бишілер, әртүрлі аспаптың құлағында ойнайтын күйшілер де өнерлерімен дүйім жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлай білді.
Іс-шара соңында жиналған қауым жайылған ақ дастарқаннан дәм татты.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді