«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талабы таудай Талғат

Талабы таудай Талғат
ашық дереккөз
Талабы таудай Талғат
Әулиеаталық рухы биік спортшының бірегейі – Талғат Аманбеков. 1989 жылдың 11 қарашасында өмірге келген оның өмір жолы өзге замандастарына үлгі. Ол тағдырдың сынынан сүрінбей, ел намысы сынға түскен сәттерде жасындай жарқылдай білді. Спортты жанына серік еткен кейіпкеріміз жеңіске деген жігерінің арқасында дүбірлі жарыстардан жүлдесіз қайтқан емес. Шын мәнінде, мұның бәрі төккен тер мен еселі еңбектің нәтижесі. Жасыратыны жоқ, он екі мүшесі сау кейбір адамның би өнерін шебер меңгеріп, толайым табысқа жетуі екіталай. Ал, Талғаттың маңдайына мұндай бақ бұйырған екен. 2012 жылы халықаралық мүгедектер қозғалысына мүше болған ол дәл осы жылы мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік қызмет алушылар арасында өткен «Мүгедектік – шектеу емес» атты сайыста қоларба жарысында алдына жан салмады. Ал, араға бір жыл салып Атырау қаласында өткен ІХ халықаралық турнирде спорттық биден өзгелерден оқ бойы озық шығып, үздік атанады. Айта кетейік, Талғаттың қоларбадағы спорттық жарыста серігі Толғанай да ерекше күтімді қажет ететін жанның бірі. Бұл жұп спортқа деген құлшыныстарының арқасында аңсаған армандарына қол жеткізуде. Арбаға таңылған жігерлі жастар ел аумағындағы көптеген жарыстарда толайым табыстарға жетті. Атап айтқанда, тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен мүгедек спортшылар арасындағы IV спартакиадада «Комби шоу» бағдарламасы бойынша тұғыр биігінен көрінді. Кейіннен «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты республикалық фестивальдің облыстық байқауында «Үздік номинациясын» еншілейді. Қоларбада отырып спорттық жарыстардан жүлдесіз оралмаған Талғат бүгінгі таңда көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, спорт шебері Наргиза Ахметованы өзіне серік еткен. Мүгедектік арбаға таңылған олардың басты арманы – өздігінен жүріп-тұру. Белсенді өмір сүруге бейім бұл екеуі ел ішіндегі жарыстарда ғана емес, шет мемлекеттердегі додаларда да өздерін мойындатты. Мәселен, 2019 жылы Голландия елінің Кейк қаласында өткен халықаралық лицензиялық турнирде бақ сынап, «Қойылым көрсету биі» номинациясы бойынша үздік үштікті түйіндейді. Ал, өткен жылы Словакия мемлекетінің Кощице қаласында жалауы желбіреген әлем кубогында ІІ және ІІІ орынды иеленеді. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз Татарстан Республикасы мен Оңтүсік Кореяда да өнер көрсетіп, мықтылығын мойындатады. – Би өнеріне бет бұрғаныма біраз жылдың жүзі болды. Өзіме қатты ұнайды, өнерге жаным жақын. Музыканы, ән айтуды ұнатамын. Сахнада қалықтап, әуенмен бірге тебіренемін. Әрбір жарысқа тыңғылықты әрі мұқият дайындаламын. Жалпы, өз басым тәртіпті ұнатамын. Кез келген адам алға қойған мақсатына жетуі үшін ең әуелі бірқатар қатаң ережелерді сақтауы тиіс. Себебі, оңай жерде олжа жоқ. Қашанда сабырлы болған дұрыс. Еңбектің арқасында ғана көктейсің, көгересің, – деген Талғат Аманбеков қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген оң көзқарас қалыптасқанын қалайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде шетелде арбаға таңылғандарды ешкім кемсітпейтінін атап өтті. Рас, дамыған мемлекеттерде мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше жағдай жасалған. Өзгесін айтпағанда, ол жақта тұтастай бір алаң қоларбаға таңылғандарға арналған. Онда олар әрбір жарысқа тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік алған. Бұдан бөлек, әлемдік дәрежедегі жарыстарға қатысу үшін кәсіби қоларбамен қамтамасыз етіледі. Әрине, жыл өткен сайын біздің елде де арбаға таңылғандарға айрықша көңіл бөлініп келеді. Мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін беруде.  

Есен ӨТЕУЛІ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар