«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Маңызы мен мерейі зор мереке

Маңызы мен мерейі зор мереке
ашық дереккөз
Маңызы мен мерейі зор мереке
Былтырдан бастап еліміз 25 қазанда Республика күнін тойлауды жаңғыртқаны белгілі. Осылайша, 13 жылдан кейін айтулы мереке қайта оралып, өзіндік маңызға ие болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда мереке мәртебесіне қатысты пікір білдіріп, атап өту ерекшелігіне қатысты ұсыныс жасаған болатын. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Иә, ұлттық мереке – елдік пен тарихи сананы жаңғырту жолы. Азаматтар аталған мереке қарсаңында мемлекеттің дамуына баға беріп, келешегіне сеніммен қарауға күш алады. Елдің рухани өркендеуі үшін де бұл күннің мәні зор болмақ. Республика күнінің мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жариялануы, бұл расымен де тарихи және өте маңызды шешім болған еді. Өйткені, еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан, бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан да маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Мемлекет басшысының оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітуі, сол арқылы мәні мен маңызы айшықтала түскен ұлттық мерекенің қайтып оралуы көпті қуантқан жайт болды десек, жарасымды. Осы күні Қазақ елі, жері, рәміздері жайлы айтылып, қалың бұқараға тәуелсіздіктің мәнісі ашылып, осы ұғым тарихи тұрғыда тереңнен талданып жатса, қандай ғанибет! Сол күні егемен еліміздің көгінде біздің жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездер қалықтаса ғажап емес пе?! Мен де бүгінде өзім басқарып отырған «Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еліміздің Тәуелсіздігімен түйдей құрдас екенін мақтаныш етемін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмір өткелдерінен сүрінбей өту кімге болса да қашанда сын ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіпкерлікке бет бұрған мен де талай қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп, оны еңсере білдім. Табандылық танытып, қажыр-қайратымды аямадым. Алға қойған мақсатқа жетсем деген ниеттің арқасында және мемлекеттің жеке кәсіпкерлікке деген көмек-қолдауымен бүгінде кәсіпорын Қазақстандағы полиграфия саласында нарық талабына сай алдыңғы қатардағы көшбасшылар сапынан көрініп жүр. 30 жылдан астам уақыт ел экономикасына сүбелі үлесімізді қосып, өндірген сапалы бұйымдарымыз республикалық және халықаралық байқауларда жоғары бағаға ие болып келеді. Әрине, осындай жетістіктер мен биіктерге жетуіміз, ол сөз жоқ, Тәуелсіздіктің арқасы! Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Осы күні тілегіміз түзу, ниетіміз ақ, көңіліміз кіршіксіз қалыпта Отанымызбен мақтанайық, бірлігімізді нығайтайық, елдігімізді танытайық, бірге қуанайық. Ұлттық мерекені осылай ұлықтасақ, қандай ғанибет!  

Сәуле РЫСБАЕВА,

«Рысбаева және Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директор-құрылтайшысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар