«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыл-он екi ай

Жыл-он екi ай
ашық дереккөз
Жыл-он екi ай
3Ақмарал ЛЕУБАЕВА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ҚАҢТАР да өтті. Қам көңіл жаным алаңдап. Қаршыға құсқа күн көру қиын амалдап. Тура жол іздеп Алладан тілек тіледім Қақпаңды ашшы, айқара етіп адал БАҚ!

АҚПАН да бітті. Жаңбыр мен ызғар тоналып, Мұңым да көшті ілесіп бұлтпен жоғалып. Мұз құрсау тәнім шуағың түсіп еріп тұр, Ақ қырау АҚЫЛ, серігім болшы – ДАНАЛЫҚ.

НАУРЫЗ да келді сапырып көңіл сейілін, Пердесін сырып періште жанның пейілін. Ұмтылып тұрмын қолыңды берші өтінем. Алланың сыйы МАХАББАТ және МЕЙІРІМ.

СӘУІР ғой мынау, сәулесі де жұбаныш, Жүрегіме жетті тұнық жылы ағыс. Сансыз шүкір еттім жалғыз Аллаға, Өткелінен өткізеді сынақ іс. Шуағыңа шомылдырып шашымды, Тұрағыңа мекендетші – ҚУАНЫШ!!!

МАМЫР мен МАУСЫМ қауышар кәрі, жас күліп, Көңілдің кілтін ашады адал дос біліп. Жаратқан Ием, жар болсын әрбір таңыммен, Жарықтың нұрын әкелші маған – ЖАҚСЫЛЫҚ!

ШІЛДЕ ғой мынау, шиырлап тұрған шешімін, РАМАЗАН айы жәннаттың ашар есігін. Күнәсі үшін көз жасы көлдей пендемін, Қолыңды берші – КЕШІРІМ!

ТАМЫЗДЫҢ да таңдары атты ағарып, Тамшысы да таңғы шықтың тазарып. Әрекетім әрбір жинап мол сауап, Қарауылым өзің болшы – ТАЗАЛЫҚ.

Бірде – мұз, бірде – от, ғажап-ақ... ҚЫРКҮЙЕК жеттің бе жағалап. Төзімнің тұлпарын таласқа, Түсірдім тағы да тағалап. Алланың қалауы болады, Күзетшім НАМЫС пен ҚАНАҒАТ!!!

ҚАЗАН да келді, туған айым тым ыстық, Қазаныма кұйылсыншы ЫРЫС, ҚҰТ. Ұл-қызыма пана болған шаңырақ, АЛЛА берсін босағама – ТЫНЫШТЫҚ. Тәубе етем, түссе өткенім есіме, Ілесемін ИГІЛІКТІҢ көшіне. Жаратушым жарылқай гөр өтінем, Өлеңіме берген – РИЗЫҚ, НЕСІБЕ.

Аллаға шүкір, ҚАРАША шуақ әкелді, Ашура күні дұғалар көкке жетер-ді. Екі дүние нығметін сұрап жалындым, ЕҢБЕКПЕН адал терлетші ТӘҢІР шекемді. Ақ нөсер жаңбыр күнәмді шайып төге бер, Хидаят ИМАН нәпсімді тыйып жеңе бер. Баянды БАҚЫТ, жолыңа қидым ТАҚ-ты да, ҰРПАҒЫМА қайырлы ӨМІР бере гөр! Қарашаның суығына тоңдырмай, СЕНІМ дәнін жүрегіме еге гөр!

ЖЕЛТОҚСАН да жетті міне, әппақ тонын жамылып, Шым-шым аяз шымшылайды күн көзіне шағылып. КӨРКЕМ МІНЕЗ күйсандығым, пернесін бас көңілдің, Әлдекімдер шаң бастырған әлдеқашан жабылып. Шырақ берші, БІЛІМ дейтін қолыма, Ұлтын сүйген ҰРПАҚ ерсін деп тіледім соңыма. Әппақ қардай АҚ НИЕТ пен АҚ БАТА-мен ұзатып, Ай менен КҮН серік болшы, АҚ САРАЙ-ға апаратын жолыма!

Аллаға еттім мінәжат... Жыл-он екі ай жазып хат...

Ұқсас жаңалықтар