Диқандар құрғақшылықта да қиналған жоқ

Диқандар құрғақшылықта да қиналған жоқ
ашық дереккөз
Диқандар құрғақшылықта да қиналған жоқ
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екенін атап көрсете келе, егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келгенін еске салды. «...Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай- ақ, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», деді. Президент бұған дейінгі Жолдауларында да, республикалық басқа да түрлі жиындарда агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы тың бастамаларын ортаға салып, оны орындауды түрлі тармақтағы билікке тапсырып келеді. Жылдан-жылға азайып жатқан су мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, аса өзекті мәселені шешудің жолдарын көрсетіп, оны да орындауды міндеттеуде. Президент бастамалары мен тапсырмаларының шалғайдағы Сарысу ауданында орындалуы қалай? Су аяғындағы аудан шаруалары нәсібені көбіне көктен тілейді. Дегенмен де, Жаратқан Ие селдетіп жауынын бере салады деп те қол қусырып қарап отырмайды. Аудан басшылары, тиісті құрылымдардың жетекшілерімен бірігіп, аудан аумағындағы екі су қоймасына жиналған азды-көпті суды тиімді пайдаланып, егіндіктер мен бақша алқаптарына мүмкіндігінше су алып, жыл сайын егін егеді, бақша дақылдары мен көкөніс өсіреді. – Биыл шаруашылық құрылымдары 24508 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның 9850 гектары дәнді дақылдар болса, жаздық арпа 4100, дәндік жүгері 1250 және биылғы өнім үшін егілген 4500,0 гектар күздік бидай. Майлы дақылдар, арпа 8300, картоп 45, көкөніс 220, бақша дақылдары 293 гектарға егілді. 5800 гектарға көпжылдық шөп егілсе, жаңадан егілгені 1500 гектар. Былтырмен салыстырғанда, биылғы егістігіміз 279,5 гектарға артық. Көктемгі дала жұмыстары наурыз айының басында ерте басталды. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың ұйымдасқан сапалы жұмысы және шаруаларды уақтылы тұқыммен, жеңілдетілген дизельмен, несиелік қаржымен қамтамасыз етілуінің нәтижесі. Мамыр айының жиырмасына дейін көктемгі дала жұмыстары толық аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 350-ден астам шаруашылық қатысты. 740 тонна жаздық арпа тұқымы, 205 тонна мақсары тұқымы, 32 тонна дәндік жүгері тұқымы, 40 тонна жоңышқа тұқымы дайындалып, қажеттілік толық шешілді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыннан да, қаржыландырудан да, техникадан да, минералды тыңайтқыштан да ешқандай мәселе туындаған жоқ, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Аманов.    

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар