«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Естен кетпес күн

Естен кетпес күн
ашық дереккөз
Естен кетпес күн
Өткен жұма күні қарт Қаратау сілемдерінің аяқталар тұсындағы Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласына кең-байтақ қазақ елінің әр қиырынан осы шежірелі өңірде туып-өскен түлектері, әр жылдары басшылықта, басқа да қызметте еңбек еткен алдыңғы толқын, замандастар, іні-қарындастар келді. «Сен тұр, мен атайын» дегендей республикалық, облыстық ақындар айтысында бірнеше рет олжа салған айтыстың оғландары да осында. Кім-кімді де ақ жарқын көңілмен қарсы алатын сарысулықтар үлкенге де, кішіге де құшағын жаюда. Бұл елге келген әрбір қонаққа үлкен демей, кіші демей аса құрметпен қарсы алу, ертеден ата-бабадан жалғасып келе жатқан қонақжайлық үрдіс. Өзінің жарты ғасырдан аса тарихында дәуірлеу кезін де, құлдырауды да басынан өткізген Жаңатастың қыздың жасауындай құлпырған қазіргі келбеті де өзгеше. Ауданның 95 жылдығына ерте келген қонақтар ажары атқан таңдай құлпырған қаланы аралауға да уақыт тапты. Өзіміз де шағын қаланы шарлап шығып, моноқаланы дамыту аясында мемлекеттен, облыстан және жергілікті қазынадан бөлініп жатқан қаржыны мақсатты жұмсап, іргелі кәсіпорындардың демеушілігімен аудан орталығын гүлге орап қойған аудан және қала басшылығының жұмысына риза болдық. Орталық алаң іргесіндегі «Еңбек аллеясына» гүл шоқтарын қойып, бұрын-соңғы өткен сарысулықтардың рухына тағзым етуден басталған ауданның 95 жылдық тойы Мәдениет үйінде «Сарысу – жанымның шуағысың, таусылмасын мәңгілік қуанышың» атты республикалық айтысқа ұласты. Алла аузына сөз салған төл өнеріміз – айтыстың жүйріктері ауданның кешегі мен бүгінгісін, елдің тойын мәнді де, мағыналы сөздерімен жырға қосқан сөз жүйріктері айтыс сүйер ағайынның көңілінен шықты. Аудан әкімі Сәкен Мамытов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков сахна төріне көтеріліп, айтысқа қазылық еткен қазылар мен айтыскер ақындарды «Сарысу ауданына – 95 жыл» мерекелік медальмен марапаттады. Қазылар алқасының шешімімен аламан айтыста жүлделі үшінші орынды сарысулық Талғат Құсайынов пен шымкенттік Біржан Байтуов иеленді. Жүлделі екінші орынға қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов ие болса, бірінші орынды Байзақтық Алтынкүл Қасымбекова қанжығаға байлады. Аламан айтыстың бас жүлдесін қызылордалық Нұрмат Мансұров жеңіп алды. Бас жүлдені Нұрмат Мансұровқа аудан әкімі Сәкен Мамытов пен айтыстың бас демеушісі «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Құдияр Омаров табыс етті. Барлық ақындар арнайы Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Түскі аста да марапаттау рәсімі жалғасып, 95 жылдық мерейтой аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиынға ұласты. Салтанатты жиын ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының және атақты Майкөт ақынның өмірінен сыр шертетін театрландырылған көрініспен басталды. Жиында Сәкен Мамытов сөз сөйледі. Ол ауданның тарихына, осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері мен атқарылып жатқан және алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Осыдан кейін Сәкен Мамытов пен Шаттық Мұсабеков бір топ мерейтой қонақтарын, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарды, ауданнан шыққан мәдениет және өнер қайраткерлерін «Сарысу ауданына – 95 жыл» мерекелік медальмен марапаттады. Ауданның бұрынғы басшылары және Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданынан келген қонақтарға аудан жұртшылығы атынан арнайы сый-сияпаттар табыс етті. Іс-шара барысында жиналғандарға Сарысу ауданының 95 жылдығына орай дайындалған деректі фильм көрсетілді. Салтанатты жиында ауданнан шыққан республикаға танымал өнер қайраткерлері, жамбылдық және жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауданда өткен мәдениет күні аясында киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайылып, көпшілік дәм татты. Киіз үйлерде ақ жаулықты әжелеріміз ертеден келе жатқан бесікке салу, тұсау кесу, текемет басу сынды салт-дәстүрлердің орындалу ретін көрсетті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен Сарысу аудандық кітапхана қызметкерінің немересі, 1 жасар Аңсардың тұсауын кесті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бүлдіршінге бата беріп, «Ел тұтқасын ұстар азамат болсын!» деді. Шежіре тұнған, асылдар туған саялы мекен Сарысуда «Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбындағы мәдениет күні де 95 жылдықтың шырайын кіргізді, әсерін арттырды. Мәдени-көпшілік іс-шара аудан орталығында бой көтерген киелі сахнаның лентасын қиюмен басталды. Лентаны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен «Жаңатас» және «Шоқпар ВЭС» электростансасының бас инженері Чжан Лян қиды. Облыс әкімінің аппарат басшысы Мәди Мәтен салтанатты жиында алғаш болып сөз алып, жиналған көпшілікті мәдениет күнімен құттықтады. Концерттік бағдарлама Сарысу халық театрының «Қобызым – абызым» атты театрландырылған қойылымымен жалғасын тауып, «Айжанқыз» би ұжымының биімен көркемделді. Шоқай датқа мен Майкөт ақынға арналған көрініс халық назарына ұсынылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Бүлдіршіндер өзге ұлт өкілдерінің ұлттық билерін билеп, шараның көркін қыздыра түсті. Республикаға танымал эстрада жұлдыздары Гауһар Қаспақова, Салтанат Бигулина мен «Астана» тобының әншілері әсем әнін шырқап, халықтың көңілін көтерді. Мәдениет күні аясында қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің бұйымдары, кітап көрмелері, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлердің бұйымдары ұсынылып, ұлттық спорттық ойындарынан жарыс өтті.  

Амангелді ӘБІЛ.

Сарысу ауданы.

 

Ұқсас жаңалықтар