«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Миллионер мектеп

Миллионер мектеп
ашық дереккөз
Миллионер мектеп
Адами капиталды қалыптастыруда және оның тиімділігін арттыруда білім беру саласының жетекші рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан болар бүгінде мемлекет тарапынан білім саласына жасалған реформалардың нәтижесі отандық оқу-ағарту жүйесінен нақты көрініс табуда. Соның нәтижесі болуы керек, еліміздегі білім беру жүйесі әлемдік үдерістерден артта қалмай, жылдан жылға дамып келеді. Бұл ретте қабырғасы 1976 жылы қаланып, 1983 жылы халық игілігіне берілген, бүгінге дейін өскелең ұрпаққа оқу-тәрбие беруде үздіктер қатарынан табылған Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің жетістіктері мен өзіне тән білім берудегі инновациялық ерекшеліктерін айтуға болады. Мектеп- лицей биылғы Білім күнінде «Үздік ауыл мектебі» аталымымен 1 миллион теңге сыйақыға ие болды. Белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың е сімімен аталатын мектеп-лицейі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп отырған ауданымыздағы белді оқу ордасы. Бұл мектеп Түркісіб теміржолының бойында орналасқандықтан, халықтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың есімімен аталады. Қырық жылдық тарихы бар білім ордасы бүгінде биік тұғырдан көрініп, 1333 оқушының сапалы білім алуына барынша мүмкіндік беріп отыр. Жаңарған уақытқа лайық еңбек етіп, 2017 жылы «мектеп-лицей» статусын иеленді. Бұл қадам – оқушылардың жаратылыстану-математика пәніне деген қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған баянды бастамалардың бірі. Соңғы он жылда мектеп-лицейдің 322 түлегі жоғары оқу орнына түссе, оның ішінде 148-і мемлекеттік грант иегері атанған. Бұл жерде әрдайым сапалы білім мен саналы тәрбие беруді көздейтін ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегін ерекше атап өтпеске болмас. Біздің мектеп-лицейімізде оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәрбиеге бастап отырған 173 ұстаз қызмет етеді. Оның ішінде бесеуі педагог-шебер болса, 39 мұғалім педагог-зерттеуші статусын иемденген, 33 педагог-сарапшы және педагог-модератор ретінде 51 оқытушы қызмет етуде. Мектептің білімі мен тәрбиесін өздерінің үздіксіз ізденісімен байытып жүрген ұстаздарымыз Р.Мамбетиярова, Ә.Колкамбаева, Г.Мықышова, Г.Абдыманова, Н.Жұмабекованың еңбектерін ерекше атап өту керек. Аудандағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің арасында өткен «Авторлық бағдарлама» байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған Аманжол Нұрболаттың «Қаламгерлікті шыңдау» бағдарламасы үздіктер қатарына ілігіп, облыстық байқауға жолдама алды. Аймақтық байқауда бақ сынап жатқан жұмыстар қатарында Гүлхан Мықышова мен Ақмарал Шөжебаеваның да еңбектері бар. Осы мұғалімдеріміз жуырда ғана облыстық байқаудың қорытындысында 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. Білім ошағында оқушылар мен мұғалімдерге білім беру семинарлары, лекциялар мен конференциялар белсенді түрде ұйымдастырылады. Бұл шарапаты мол іс- шаралар білімді толықтырып, тәжірибе алмасуға және білім сапасын арттыруға өз ықпалын тигізіп келеді. Мәселен, аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қатысуымен өткен «Қазақ тілі сабағындағы оқушылардың жазылым әрекетін қалыптастыру – білім сапасын арттырудың кепілі» тақырыбындағы семинарда Қ.Түзелбаев, А.Құлмахамбетова , А.Абишева, Б.Тоқтағанова ашық сабақтар өткізіп, еңбек жолында жинақтаған өз іс- тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, «CабақTime» жобасы аясында өткізілген облыстық с еминар-практикумда 8-сыныптармен өткен М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы желісінде «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» тақырыбында өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Ұстаздарымыз Р.Мамбетиярова мен Б.Тоқтағанова «Дарынды балалармен жасалынған жұмыс таныстырылымы» турасында облыстық онлайн вебинар өткізіп, өздерінің іс-тәжірибесін көрсетті. Тарих пәні бойынша Т.Садықбеков «Ұлы Жеңіс: Батырлар. Ерлік. Айбын» тақырыбындағы облыстық диалог алаңында өз іс-тәжірибесін көрсетті. Оқушыларымыз да ғылыми- зерттеулерге белсене араласып, конференциялар мен көрмелерде өз жұмыстарын ұсынып келеді. Бұл аналитикалық және зерттеушілік дағдыларды дамытуға ықпал етеді, сонымен қатар инновациялық жаңалық жасауға ынталандырады. Мектеп-лицей оқушыларға практикалық тәжірибе және кәсіптік салаларға шолу жасау үшін университеттер мен және кәсіпорындармен ынтымақтасады. Тағылымдамалар, сарапшылардың лекциялары және тәлімгерлік қолдау мектеп түлектеріне болашақ мамандығын оңай игеруге және таңдауға көмектеседі. Оқушылар мен педагогтардың бірыңғай білім кеңістігін құру, бірле скен перспективалық ғылыми-педагогикалық жобаларды іске асыру, ғылыми- зерттеулер жүргізу және тәжірибе алмасу, білім, ғылым аясында конференциялар мен көрме жәрмеңкелерін ұйымдастыру, әлеуметтік серікте стікті дамыту мақсатында 2021 жылы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен мектеп-лицейіміз арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Қазіргі уақытта аталған меморандум аясында интеллектуалды әлеуетті дамыту мақсатында кәсіби практикалар, байқаулар, оқыту семинарлары, бірлескен ғылыми- зерттеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Атап айтар болсақ, «Алгебралық вектор əдісінің қолданылулары» тақырыбындағы практикалық-семинар, «Дарынды оқушылармен жұмыс жасаудың жаңа аспектілері» тақырыбында оқу-әдістемелік семинарлары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, меморандум аясында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен бірле сіп, 11-сынып оқушылары арасында математикадан аудандық пәндік олимпиада ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының білім гранттары табысталды. Өнер және шығармашылық бағытында атқарылған жұмыстардың жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Мектебіміздегі шығармашылық атмосфера өнер, музыка, театр, әдебиет саласындағы дарындылардың дамуына ықпал етеді. Жыл сайынғы көрмелер, концерттер мен әдеби кештер оқушыларға өзін- өзі танытуға және шығармашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Облыстық «Сән толқыны» тақырыбындағы жас дизайнерлер байқауының «Ұлттық киім» номинациясы бойынша Мариям Жақай І орынды, ауданның 85 жылдығына орай «Тау тұлғалы Тұрар» тақырыбында ұйымдастырылған сурет байқауында Балнұр Жақып ІІ орынды, «Армысың әз Наурыз!» атты аудандық ұлттық сәндік-қолданбалы көрме байқауынан Мадина Бірімжар ІІ орынды иеленіп, өз қабілеттерін көрсетті. Аудандық «Жас Ұланның Жұлдызы» патриоттық ән байқауына Елдана Алимкулова ІІ орынды, аудандық «Аналар – асыл жандар» атты ән байқауында Каусар Есенбек ІІ орынды, «Адал еңбек көрінісі» атты сурет байқауында 7-сынып оқушысы Гүлім Құралбек ІІ орынды олжалады. «Ұлы Жеңіс ерліктері ұмытылмайды» атты аудандық сурет байқауынан Мадина Бірімжар І орын иеленіп, мектеп мерейін өсірді. Оқушылар арасында өткен шахмат бойынша 3-разряд нормасын орындауға арналған іріктеу турнирінен 7-сынып оқушысы Даурен Айталы І орын иеленді. Облыстық білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген «Шахмат олимпиадасы» Батыр Амангелді Иманаовтың 150 жылдығына арналған 9-11 сынып оқушылары арасындағы облыстық іріктеу кезеңінде 9-сынып оқушысы Толғанай Қылышбек І орынды олжалады. Оқушыларымыз экологиялық бастамаларда да белсенді. Аудандық «Үздік эко – волонтер» атты байқауда 9-сынып оқушылары бас жүлде иеленіп, облысқа жолдама алды. Облыстық кезеңде І орынды ұтып алды. Аудандық «Экология балалар көзімен» байқауында 7-сынып оқушысы Гүлім Құралбек бас жүлде иеленді. Облыстық «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумында «Туған өлкенің бояулары» номинациясымен 7-сынып оқушысы Балнұр Жақып І дәрежелі дипломмен марапатталды. Мектеп оқушыларының қажеттіліктерін өтеу және оларға интернет құралдарын тиімді меңгерту мақсатында мектеп қабырғасында «Баспасөз орталығы» жабдықталды. Бүгінде аталған орталықта белсенді оқушылардың бастамасымен оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру мақсатында «Тақырып т а лқылайық! Оқушы түсіндіреді» жобасы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Ертегілер анимациясы», «Тұрар NEWS» апталық жаңалықтар айдары, «СұхбатTALK» мұғалімдермен сұхбат айдарлары тұрақты жүргізіледі. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, мектеп қабырғасында «Парасатты аналар», «Асқар тау әкелер» мектептері жұмыс істейді. Білім ордасының түлектерінің «Алтын Ұя» қауымдастығы да құрылған. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мектеп- лицейдің материалдық-техникалық базасын арттыруға көмектесіп, бүгінге дейін 6 325 000 теңгеге демеушілік көрс етті. «Алтын Ұя» түлектер қауымдастығы мектеп-лицейге тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, мектеп қабырғасында білім алып жүрген ізбасарларына мотивациялық-танымдық кездесулер де ұйымдастырады. Мектеп түлектерінің демеушілігімен 2021-2022 оқу жылының қорытындысында үздік деп танылған 20 оқушыға, 2022-2023 оқу жылында 40 оқушыға 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалыпты. Мұның бәрі де ұжымның бірлескен еңбегінің жемісі. Жаңа уақыт талабына сай оқу-ағарту ісін ізгілендіріп, дамыту жалғаса бермек.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар