ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ТӘЖІРИБЕ «ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ» АТАНДЫРДЫ
Құрылғанына биыл 100 жыл толған Құлан агротехникалық колледжі бүгінде өңірдің ауыл шаруашылығы саласына маман даярлайтын базалық колледж ретінде танымал. Оқу орнында 12 мамандық, 23 біліктілік бойынша 642 студент білім алуда. Соның ішінде 590 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде, ал 52 білім алушы ақылы түрде білім алуда. Соңғы үш жылда колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи техникамен және құрал-жабдықтармен толықтырылып, қайта жаңғыртылған. 2018 жылы колледжде ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, жылыжайлар, 2019 жылы агрономиялық зертхана, сүт, ет өнімдерінің цехтары, гараж, қоралар мен интенсивті бақ іске қосылды. Ұзақ жылғы тәжірибе мен заманауи жаңалықтарға бейімделіп, оқыту әдісін дамытып отырған озық жұмысымен колледж 2020 жылы «Жоғары колледж» статусын алған.
– Мен бұл колледжге директор болып 2021 жылы тағайындалдым. Сол жылы колледжімізде «Ара өсіру және жібек шаруашылығы», «Балық шаруашылығы» мамандықтары ашылды. Сонымен қатар, осы жылы «Жас маман» жобасы аясында «Агрономия», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары құрылғылармен жабдықталып, құзыреттілік орталығы және WorldSkills жаттығу алаңын іске қостық. 2019 жылдан бастап колледжде әлеуметтік серіктестердің демеушілігімен озат және белсенді жастарға мотивациялық серпін беру, материалдық қолдау көрсету мақсатында «Атаулы шәкіртақы» жобасы жүзеге асырылғанын да атап өткім келеді. Облыс бойынша 57 әлеуметтік серіктестіктеріміз барын мақтанышпен айта аламыз. Оның ішінде 20 мекеме және шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасалған. 2023-2024 оқу жылында 3 мекемемен, атап айтсақ «Шәушен» шаруа қожалығы, «SV AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы» ұлттық компаниясы Луговой рельс дәнекерлеу цехымен мақсатты тапсырыс беру туралы келісімшарт жасалды. Жұмыс берушілер қорытынды аттестацияға қатысып білімді, білікті түлектерді жұмысқа шақырады. Яғни, біз жастарға тек кәсіби білім беріп, мамандық үйретумен шектелмейміз. Түлектеріміздің жұмыспен қамтылуына да атсалысамыз. Өткен 2022-2023 оқу жылы колледжімізді бітірген 181түлектің 157-і жұмысқа орналасты. Кейінгі жылдары жаңадан ашылған мамандықтар еңбек нарығының сұранысына қарай жүзеге асып отыр, – дейді колледж директоры Олжас Мұсақұлов.
Жас басшы Олжас Нұрланұлы 2018-2019 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Калифорния университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп келіпті. Шетелдің озық технологиясымен білімін тәжірибелік тұрғыда шыңдап келген ол жас мамандарды даярлау ісіне де бар жиған әдіс-тәсілдерін қосып жүр.
– Әрине, барлық жетістіктеріміз – ұжымның еңбегі. Ортақ мақсатқа ұйымдасып, бірлікпен атқарған істің нәтижелі болатыны белгілі. Биыл «Үздік оқу тобы» жаңа жобасы аясында жеңімпаз студенттеріміз еліміздің көрікті жерлеріне туристік саяхат жасады. Оқу орнында 2020 жылдан қорытынды аттестаттауды WorldSkills стандарттары негізінде демонстрациялық емтихан форматында өткізу үрдісі қалыптасқан. Бүгінгі таңда колледж студенттері 7 мамандық бойынша демонстрациялық емтихан тапсырады, ал Skills паспортқа ие болған түлектер саны 101-ге жетті. Колледж студенттері WorldSkills қозғалысы аясында республикалық «WorldSkills Karaganda-2019» чемпионатында «Ветеринария» құзыреттілігі бойынша ІІІ орынға ие болса, «WorldSkills Aqmola-2022» чемпионатында «Астық және оны қайта өңдеу өнімдерінің сапасын айқындау» құзыреттілігі бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсы 2021, 2022 жылдары колледждің базасында өткізілді. Аталған байқауда колледж оқытушылары «Ветеринария» мамандығы бойынша 2021 жылы бас жүлде және 2022 жылы 1-орынға ие болса, «Агрономия» мамандығы бойынша 2 жүлделі орынды 2022 жылы жеңіп алды. Өткен жылы облыстық білім қызметкерлерінің Тамыз конференциясында Құлан агротехникалық жоғары колледжі облыстық «Ең үздік ауылдық колледжі» атағымен марапатталып, 500 000 теңге көлеміндегі сертификатты иеленді, – дейді Олжас Мұсақұлов.
Колледж 2019 жылы институционалды және мамандандырылған аккредитттеу рәсімінен, 2022 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өтіпті. Бұл білім беру орны өзін-өзі қаржыландыруда егістік жер алқабын, жылыжай, интенсивті бақ, дәнекерлеу цехтарының өнімдері, ақылы қызмет көрсетудің бірнеше көздерін де пайдаланады. Өзін-өзі қаржыландыру көздерін пайдаланып, биыл колледждің ашық спорт алаңының құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Оқу орнының алыс аймақтардан келетін студенттері үшін 204 орындық жатақханасы да бар.
Алдағы уақытта жаңа буынды қалыптастыру, жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру мақсатында оқу орнының аумағында заманауи Кампус немесе студенттер қалашығын құру жоспарланған. Мұнда студент жастарға патриоттық тәрбие беру де көзделген. Яғни, колледж ұжымы студенттер қалашығын құрумен өз жеке ісін жүргізетін, өз отбасы мен Отанын қорғайтын, ел дамуына үлесін қосатын жастарды қалыптастыруды мұрат етіп отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді