«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру маңызды

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру маңызды
ашық дереккөз
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру маңызды
Мұғалімдер күніне орай І республикалық педагогтер съезі өтті. Астана төрінде еліміздің 700-ден астам ұстазы жиналды. Ауқымды шараға облысымыздан 33 білім саласының қызметкерлері мен үздік педагогтері қатысты. 4-5 қазан күндері өткен съезд аясында арнайы ұйымдастырылған алаңдарда еліміздегі отандық және халықаралық тәжірибелер насихатталды. Бірінші күн жоспарланған съезд бағдарламасына сәйкес қазақстандық білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелермен танысудан басталды. Ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттап жүрген ұстаздар қауымы ҚР Ұлттық мұражайында еліміздің бай тарихына саяхат жасады. Ұстаздар мұражайдың мазмұнын тарихи құндылық тұрғысынан талдап, танымдық қырын жоғары бағалады. Мұражайдан кейін Астана қаласындағы жекеменшік мектептердің тәжірибесі таныстырылды. Riviera мектебі әлемдегі ең үздік тәжірибелерді ескере отырып жобаланған. Мұнда заманауи коворкингтер, кітапханалар, фото-видео студия, қыш шеберханасы, химия, физика және ғылым кабинеттері, сондай- ақ, ұсақ-түйекке дейін ойластырылған сыныптар қарастырылған. Оқу орнының айрықша ерекшелігі – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беретін, арнайы әзірленген көптілді тәсіл болып табылады. Екінші мектеп Harmony School STEAM бағдарламасымен 1-11 сынып оқушыларына білім беруге негізделген жекеменшік смарт мектеп. STEAM тәсілі тек инженерлік және жаратылыстану пәндерін ғана емес, сонымен қатар, гуманитарлық және шығармашылық пәндерді де оқытуды қамтиды. «Біз академиялық қатаңдық пен шығармашылық еркіндікті шебер үйлестіреміз», дейді мектеп ұжымы. Бұл білім беру ұйымында оқушылардың кәсіптік бағдарлануына аса мән беріледі, бір мектептің өзінде 3 кәсіптік бағдарлау маманы жұмыс істейді. Балалардың болашақ мамандығын мектеп жасынан дұрыс таңдап бейімделуіне және қоғамда өз орнын табуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мектеп екі шет тілін тереңдетіп оқыту, халықаралық тілдік емтихандарға дайындау және тапсыру мүмкіндігін ұсынады. Harmony STEAM School оқушылардың отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін арттырады. Еліміздің әр аймағынан жиналған білім саласының қызметкерлері үшін балаға білім мен тәрбие беруде кедергісіз жағдай жасау мәселелері өзекті, сондықтан педагогтерге озық тәжірибелермен танысудың кәсіби танымдық тұрғыдан тәжірибелік құндылығы басым болды. Съезд делегаттары үшін жаңа бір әлемнің есігін ашқан Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы болды. Кітапханаға саяхат кезінде педагогтер ұлтымыздың түпнұсқада сақталған ғылыми және мәдени мұрасымен танысты, әлі де зерттеуді қажет ететін тың ақпараттарды алды. Кітапхана – қашанда және қай уақытта болмасын ең ғажайып керемет кітап мекендейтін, адам ақыл-ойының, парасатының қоймасы болып қала береді. Мерекелік бағдарлама аясында съезге жиналған ұстаздар Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында болып, «Шәмші» спектаклін тамашалады. Бұл іс-шара Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының қолдауымен ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов – еліміздің Әнұраны «Менің Қазақстаным» әнінің авторы, ұлт руханиятына талай сырлы саз бен әсем әуен сыйлаған композитор. Шәмші шығармашылығы – ұлттың баға жетпес байлығы. Оның туындыларын кеңінен насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы» деген болатын. Кешке қатысқан білім беру салаларында қызмет жасайтын әрбір педагогтің жүрегі сырлы сазға бөленді. І республикалық педагогтер съезінің пленарлық отырысында үздік педагогтер, сарапшы-жаттықтырушылар, жас мұғалімдер, білім беру ұйымдарының басшылары сөз сөйледі. Ақын, педагог, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген болса, бүгінгі мұғалімнің бағасы Мемлекет басшысы ұсынған білім сапасының жаңа сипатымен сыналатын болады. Республикалық педагогтер съезінде орта білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Білім сапасын арттырудың тұжырымдамалық аспектілері ұсынылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съезге арнайы қатысып, білім беру саласындағы 7 өзекті мәселеге жан- жақты тоқталды. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Алайда, еліміздің білім беру саласында кадр тапшылығы мәселесі, білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету, мұғалімнің біліктілік арттыру тәжірибесіне өзгеріс ендіру мәселесі әлі де өзекті. Бүгінгі күнде еліміздің бірқатар мектептеріне 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Ал, педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса, мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Бұл жағдай педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Президент жоғары оқу орнында болашақ педагогтердің дайындығын практикаға бағыттауды ұсынды. Мектеп мұғалімдерінің кәсіби тұрғыдан дамуына еркіндік берудің тиімділігіне назар аудартты. «Мұғалім – әр елдің рухани қазығын, мәдени ортасын қалыптастыратын зиялы қауым» деп тұжырымдады. Алдағы уақытта қазақстандық мұғалімдер үшін жұмыстан қол үзбей, магистратурада оқуға мүмкіндік беріледі. Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша педагог мамандықтарына арналған квоталар ұлғайтылатын болады. Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашудың сәтті тәжірибесі педагог кадрларды даярлау саласында да қолданылуы мүмкін. Екінші мәселеде балаларға заманға сай озық білім беру керектігіне назар аударылды. «Білімің – өмір бойғы азығың» деген сенімнен «Өмір бойы оқу» деген парадигмаға көшу керек. Қазір маманның қолындағы қағазы емес, қарым-қабілетіне мән беріледі. Сондықтан, әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңірген жағдайда балаларымыз білікті маман бола алады, ол үшін ең алдымен орта білім сапалы әрі қолжетімді болуы тиіс. Үшінші өзекті мәселе – Президенттің бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы туралы. 2023-2025 жылдары соғылатын «Жайлы мектеп» білім саласындағы пилоттық жобасының артықшылығы көп. Жобаны жүзеге асыруда күтілетін нәтиже – 2026 жылға дейінгі мерзімде орта білім беру ұйымдарында кемінде 800 000 жаңа оқушы орнын (екі ауысымда) ашу жолымен оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымда оқытуды және мектептердің авариялық жағдайын жою; білім беру көрсетілетін қызметтерінің сапасын арттыру, оның ішінде білім беру процесіне қатысушылардың жабдыққа, зертханаларға, интернетке қол жеткізуіндегі теңгерімсіздікті (өңірлер арасындағы, ауыл мен қала арасындағы) жою, сондай-ақ, қолайлы жағдайлар жасау; 2025 жылы орта білім беру саласы бойынша негізгі капиталға салынатын инвестициялар – 109 пайызға (2021 жылғы деңгейге нақты өсімнің пайызы); 2026 жылға қарай орта білім беру объектілерін салу есебінен кемінде: 60,0 мың уақытша жұмыс орнын, 41,2 мың тұрақты жұмыс орнын ашу. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде білім ордасы салынады. Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Оның 7-еуі 2024 жылы, 5-еуі 2025 жылы пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2022-2023 оқу жылында Байзақ ауданы, Көктал ауылында, Көктал орта мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Бұл облыс мектептерінің оқушылары үшін жайлы, қауіпсіз орта қалыптастыруға негіз болады. Төртіншіден, соңғы уақытта оқушылардың бір-біріне әлімжеттік, тіпті, зорлық көрсетуі де тыйылмай отыр. Соның кесірінен балалар өз- өзіне қол жұмсауға, яғни суицидке дейін барады. Буллинг те балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізіп жатқаны жасырын емес. Мұны съезд барысында Президент ашық айтты. Мектеп ең қауіпсіз ортаға айналуы үшін кәмелет жасына толмаған балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатаң жаза қолданылатын болады. Бесінші мәселе – ауыл мен қаланың білім сапасындағы алшақтығы. Бұл тақырып ауқымды мәселе ретінде мемлекет назарында. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ, қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызданып отыр. Ұстаздар съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту қажеттігіне айрықша тоқталып өтті. Алтыншыдан, еліміздегі білім берудің цифрлық трансформациясы тек компьютерлік сыныптарды құру және интернетке қосылумен шектелмейді. Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында оқу мақсаттары мен білім беру нәтижелерін нақтылау, оқыту тәжірибесін жаңарту, ұжымда тиісті атмосфераны құру, мұғалімдерге оқытудың жаңа әдістері мен тәжірибесін меңгеру құралы ретінде цифрлық технология маңызды шарттың бірі. Сондықтан да Мемлекет басшысы дәл осы мәселеге айрықша назар аударып, білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдетуді тапсырды. Білім беруді цифрландыру, интернет желісін жақсарту, дәстүрлі оқытуды онлайн, қашықтан оқыту түрлерімен қатар жүргізуді жалғастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы жетінші өзекті мәселе ретінде Ата заңымызға сәйкес, педагогтерді Қазақстан зайырлы мемлекет екендігіне назар аудартып, мектепті ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналдыру қажеттілігін атап өтті. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуі тиіс. Нәтижесінде, мектептегі білім мен тәрбие балаға түрлі кәсіпті тез меңгеруге қажетті қабілет пен дағдыны үйретуі керек. Сонда түлек қоғамға тез сіңеді әрі толыққанды қоғам мүшесі бола алды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұстанымға сүйенсек, республикалық съезде ел педагогтеріне ұсынылған нақты қадамдардың негізінде балаларға озық білім, өнегелі тәрбие беру міндеті тұр. Мемлекет басшысының педагогтерге арналған сөзі білім саласының барлық қызметкерлерін балаларға қолжетімді сапалы білім беруге, оларды ұлтымыздың салт-дәстүрін сіңіріп өсіруге, жастайынан еңбекке баулуға үндейді. І республикалық съезде педагогтерге үлкен сенім жүктелді. Өйткені, бүгінгі білімнің мақсаты – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру.  

Сағадат ҚАРЫМБАЕВА,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты «Инновациялық оқыту және педагогикалық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар