«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Басты мақсат – ұлттық мерекені ұлықтау

Басты мақсат – ұлттық мерекені ұлықтау
ашық дереккөз
Басты мақсат – ұлттық мерекені ұлықтау
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күнін қайтару жөнінде мәлімдеді. Жиында Мемлекет басшысы ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізген жөн екенін атап өтті. «Қазанның жиырма бесін жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Атап өтерлігі, мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символына айналар ұлттық мереке қарсаңында өңірімізде бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылмақ. Жоспарға сәйкес облыс бойынша 400-ге жуық қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу көзделуде. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова айтты. Оның сөзінше, жоғары деңгейдегі салтанатты кештер өңірдегі барлық аудандарды да қамтитын болады. – Бүгін барлық аудандар мен Тараз қаласында мерекелік жәрмеңкелері өтеді. Ал, 25 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық акциясы аясында Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Саябақта тақырыптық көрме ұйымдастырылып, мерекелік концертпен жалғасатын болады. Сонымен бірге, «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық акциясы шеңберінде үйлердің алдыңғы беттері мен терезелеріне Мемлекеттік Туды орналастыру флэш-мобтары ұйымдастырылады. Жалпы, бүгінгі таңда халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, көптеген еңбек ұжымдарында еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан әрі белсенді қызмет атқарып жүрген азаматтарды марапаттау және құрметтеу мен көтермелеу шаралары өтуде. Мереке қарсаңында облыста 23 нысан пайдалануға беру жоспарланып, кешеден бастап нысандар ел игілігіне берілуде. Мәселен, күні кеше Жамбыл ауданында 2 кіші футбол алаңы ашылса, бүгін Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылында мәдениет үйі мен Жамбыл ауданы Тоғызтарау ауылында кіші футбол алаңы пайдалануға берілді, – деді Ұлана Сламбекқызы. Сондай-ақ, спикер Республика күні қарсаңында облыс көлемінде 62 билборд орнатылғанын жеткізді. Бұдан бөлек, барлық өткізілген іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жариялануы бақылауға алынғанына тоқталды. Бұл бағытта тиісті ақпараттық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар