«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отанның бары – зор бақыт

Отанның бары – зор бақыт
ашық дереккөз
Отанның бары – зор бақыт
Кемеңгер бабаларымыздан қалған қасиетті сөздің бірінде «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» дейді. Осы бір ауыз сөз Отаны жоқтың қорғаны жоқ, басы сияр панасы жоқ, тыныш өмір сүрер зор бағы жоқ дегенді аңғартады. Алдымен Отанымыздың, Тәуелсіз мемлекетіміздің барына шүкір етейік. Республика күні барша отандастарыма құтты болсын! Қазақ елін бір шаңыраққа топтастырып, алыс-жақын көршілермен татулықты ұстанып, халықтың жағдайына қарай жан-жақты жұмыстарды үйлестіріп отырған мемлекет билігінің, республикамыздың түпкі мұраты осындағы жұрттың игілігі деп білемін. Өзім алқапқа егін салып, өріске мал жайған шаруа болғандықтан, мемлекетіміздің көп қолдауын сезініп те, көріп те жүргендердің бірімін. Мемлекет тарапынан жыл сайын қолдау көрудеміз. Соның нәтижесінде егінге арналған трактор, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар алып отырамыз. Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Егемен еліміздің дамуына қолдан келгенінше үлес қосып жүргенімді елеп, республикалық, облыстық, аудандық әртүрлі марапаттармен қуантып та келеді. Байзақ ауданының Құрметті азаматы атағын да берді. Облысымызға ел Президенті келгенде кездесіп, шаруаның жайын айтып, пікірлестім. Осылай бағалаған, қажет кезде көмегін берген мемлекетіме мен де өз тарапымнан жәрдемдесуге тиістімін. «Асарлатып үй салу» жобасына, өңіріміздегі мектепке де қолдан келгенше өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Мемлекет азаматтарының құқығын қорғап, жайлы өмір сүруіне бар мүмкіндікті жасаса, халық адал еңбегімен елдің ортақ қазынасын толықтырып, бір-бірімен тығыз байланыста ортақ шаңырақтың бақытын арттырады. Біздің де көздеген мұратымыз – осы. Еңбек адамды есейтеді, ер етеді. Шүкір, еңбекпен балаларымның ырысын тауып қана қоймай, абыройға да кенелудеміз. Мемлекетіміздің де экономикасын дамытуға кішкентай да болса үлес қоссақ, Отанымыздың алдындағы перзенттік парызымызды өтегеніміз деп білемін. Еліміздің ынтымағы мен ырыздығы ортаймасын!  

Несіпкүл БАЙЖАНОВА,

кәсіпкер, көпбалалы ана.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар