Ғасыр жасаған ана

Ғасыр жасаған ана
ашық дереккөз
Ғасыр жасаған ана
Сарыкемерде тұратын Рабиға Нұрбаева әжеміз Қырғыз елінің Талас облысында дүниеге келіпті. Ұлты – қырғыз. Біз барғанда бірден «Елім – Манас, жерім – Талас» деп өзінің төркін жағын, балалық күндерін ұмытпағанын аңғартты. Әжеміз қырғыз жерінде туғанымен, екі жасынан облысымыздың Т.Рысқұлов ауданында өсіпті. Әкесінің қарындасының қамқорлығында болған екен. Ол кез қиын-қыстау кезең болғандықтан, жас күнінде көрген қиыншылықтары аз болмаған. Тылда еңбек етті. Ал, тылдың қиындығы қандай болғанын көпшілік жақсы біледі. Бертін келе Әбдіжәділ Нұрбаевпен шаңырақ көтереді. Әбдіжәділ атамыз екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен қызы Жұмакүл ұзақ жыл тәрбие жұмыстарымен айналысты. Аудан орталығындағы балабақша тәрбиешісі болғанда бала жанының бағбанына айналыпты. Қазір зейнетте. Ғасыр жасаған Рабиға ананың ұл-қыздары зейнетке шығып жатыр. Бұл да талай қартқа бұйырмаған бақыт шығар, кім білсін. Рабиға әженің перзенттерінің бірі – Жейдекүл Әбдіжәділқызы Қазақ ұлттық университетінде доцент болып қызмет етсе, бір қызы Құралай Алматы қаласындағы бір мектептің есепшісі болып еңбек етеді. Үлкен ұлы Өсер де аудан деңгейінде талай қызметті абыроймен атқарды. Сарыкемер, Қызыл жұлдыз ауылдық округтерінің әкімі ретінде де іскерлігін танытты. Кейіннен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметіне тағайындалды. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол Өсер Әбдіжәділұлы музей жұмысын жолға қоюда табандылық танытып келеді. Өткен шақырылымда аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де жақсы қырынан көрінді. Жұбайы Алтынай екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Өмір бар жерде, өлім бар. Рабиға әженің бір баласы Өнер Нұрбаев облысқа танымал әнші еді. Өнерімен өрге жүзген Өнер бұл күнде бақилық. Жары Бақыт екеуі үш перзент тәрбиелеп өсірген. «Орнында бар оңалар» дегендей, Өнердің ұлдары мен немерелерінің арасында бүгінде өнерге бейімі аз емес. Соның өзі көңілге медеу. Қарашаңырақта отырған перзентке біраз салмақ түсетіні белгілі. Рабиға әженің кенжесі Марат ғасыр жасаған анасын ардақтап отыр. Өмірлік серігі Айгүл екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеуде. Әулеттің кіші келіні Айгүл 100 жастан асқан енесінің қабағына қараудан жалыққан емес. Ғасыр жасаған анаға қызмет еткен уақытын бақытқа балап, барлық жағдайын жасап келеді. Ақ жаулықты әжеміз перзенттерінен 26 немере, 56 шөбере, 12 шөпшек сүйіп отыр. Ұрпақтарының арасында шетелде білім алып жүргендері де, түрлі деңгейде қызметте жүргендері де бар. «Алланың бұйырған жасын жасадық. Өмірге өкпем жоқ. Енді жастар аман болсын. Өзің де ұзақ жаса», – деп батасын берді ғасырдан асқан ана Рабиға Смайылқызы.  

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар