Жастар жандандыратын жобалар көп

Жастар жандандыратын жобалар көп
ашық дереккөз
Жастар жандандыратын жобалар көп
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Аймақ басшысымен ашық сұхбаттасуға 50- ден аса жас келді, олардың ішінде студенттер, волонтерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары да бар. Кездесуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қазіргі уақытта облыстар арасындағы басты мәселе – өңірлерде жастардың тұрақтап қалуы болып тұрғанын айтты. – Елімізде экономиканы дамытуда да, болашақ үшін де жастардың үлесі жоғары. Сондықтан, облыстар арасында жастар үшін бәсекелестік жүріп жатыр. Жас азаматтарымыз Астана, Алматы сияқты үлкен мегаполистерге кетпей, өз облысымызда орнын тауып, өндіріске, ауыл шаруашылығына, білім-ғылымға да жаңаша серпін беруге күш салуы керек. Мысалы, ауыл шаруашылығында жасы 50-ден асқан кісілер көп. Сонда шаруашылыққа жаңа технологияларды кім алып келеді? Оларды кім игереді? Жаңа дүние ойлап табу үшін жаңалықтарды біліп отыру керек. Мысалы, облысымызда «AR-AI» жастар газеті бар, оқисыздар ма? Жарайды, қазір бәрі әлеуметтік желіге көп кіреді, бәрін ғаламтордан көреді дейік, газеттеріміздің де сайттары, әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Сол жерден кіріп, оқып отырсаңыздар, өздеріңізге тың ақпараттар алып және өз жаңалықтарыңызды да сонда бөлісіп отырсаңыздар жарасады. Тик-ток хаустар да құрайық. Облыс жастарының бірге пікірлесіп отыратын телеграмм каналын ашып, сонда бір-бірімізге ой салып, мәселелерді талқылап отырайық. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға ерекше көңіл бөліп, тапсырмалар беріп те жүр. Таразда веложолдар, заманауи саябақтар, кофеханалар болса, электромобильдер жүргізіп, оларды қуаттайтын нүктелер орнатсақ, жастардың да осында қалуға қызығушылығы туар еді. Біздің өңір жылдың қай мезгілінде де жылы. Сондықтан, Тараз қаласы басқа облыс орталықтарының ішінде электромобильдерге өте қолайлы. Келесі жылдың аяғына дейін электромобильдерді қуаттайтын тетіктерді көбірек орнатып, республикадағы барлық аймақтардың ішіндегі назар аудартар брендіміз электрокөлік болуына жұмыс істейміз. Электрокөліктер жанармаймен жүретін көліктерден арзан тұрады, – деген Ербол Шырақпайұлы облысымыз туризмді дамытуға да өте қолайлы екенін айтып, бұл тақырыпты жастардың талқысына қалдырды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев біздің облыс жауқазын гүлінің отаны екенін, оның әлемде кездесе бермейтін 12 түрі бізде өсетінін айтты. Бұл жағынан танылу үшін облысымызда өсетін алуан гүлдердің сұлулығын көрсетіп, кинолар, арнайы бағдарламалар түсіру керегін еске салды. Жиын қорытындысында елге ортақ игі істерді жүзеге асыру үшін жастардың күші, потенциалы үлкен маңызға ие екені сөз болды. Жұмыс болған соң кемшілік те кездесетіні ақиқат, олқылықтарды жөндеп, нәтижелі жұмыс істеу үшін облыс әкімі жастарға сүйеніп отырғанын да жасырмады. Шешілмейтін мәселе жоқ, тек дұрыс сараптап, жүйесін табу нәтижелі болмақ. Жоспар көп, жемісті жүзеге асыру үшін күш-қайрат, тынымсыз еңбек керек. Көзделген мақсаттар да аз еместігін айтқан Ербол Шырақпайұлы оған жас азаматтар өз үлестерін қосса, табысты болатыны сөзсіз екенін тілге тиек етті. Жамбылдық жастарға «Республика деңгейінде нәтиже беретін жаңа жоба біздің облыстың жастарынан шықсын» деп салмақты ой тастады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

   

Ұқсас жаңалықтар