«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Интернет алаяқтарының құрбаны болғандар көп

Интернет алаяқтарының құрбаны болғандар көп
ашық дереккөз
Интернет алаяқтарының құрбаны болғандар көп
Бүгінгі таңда интернет алаяқтарының құрығы ұзын болып тұр. Бұл мәселе тек біздің елімізді ғана емес, әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осыған орай, құзырлы органдар тарапынан интернет алаяқтыққа қарсы түрлі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, бірер ай бұрын жамбылдық полицейлер екінші деңгейлі банк өкілдерімен бірлесіп, интернет-алаяқтыққа қарсы тұру қажеттілігі туралы мәселені талқылаған болатын. Өңірлік полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаевтың төрағалығымен өткен жиында алаяқтықпен күресудің өзекті мәселелері мен оларды банк өкілдерімен бірлесе отырып шешу жолдары талқыға түсті. Атап өтерлігі, жүйелі профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтық деректерінің саны 73-тен 19-ға дейін яғни, 74 пайызға төмендеген. – Алаяқтар интернет сайттарын пайдалана отырып, ақша табудың әртүрлі амалдары мен тәсілдерін ойлап тауып жүр. Ең көп таралған әдіс – алаяқтар тобындағы адамдар банктердің, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, жәбірленушілерді алдап, ағымдағы және депозиттік банктік шоттардан ақша ұрлайды немесе заңсыз онлайн қарыздар немесе тауарлық несиелер ресімдейді, – деп атап өтті басқосу барысында өңірлік полиция департаменті бастығының орынбасары. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар халыққа оффлайн және онлайн режимдерінде несие беру кезінде клиенттің үшінші тұлғалардың қысымынсыз қарызды ресімдейтініне сенімді болу үшін кредиттеу мақсаттары туралы мұқият сауалнама жүргізуді ұсынды. Мамандардың сөзінше, мұндай қадам туындаған мәселелерді шешуге, интернет-алаяқтыққа неғұрлым тиімді қарсы тұруға және олардың санын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ал, кездесу соңында қатысушылар ведомстволар арасында өзара тығыз іс-қимыл орнатудың маңыздылығы айрықша екенін жеткізді. Айта кетейік, қолданыстағы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Тәртіп сақшылары тарапынан аталған қылмыстың құрбаны болудан сақтану жөнінде тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, тұрғындар салымдар салу арқылы оңай олжа табу, басқа өңірлерден арзан затқа қол жеткізу мақсатында ақша аударымдарын жасағандықтан, алаяқтардың тұзағына іліну фактілері толастамай тұр. Жалпы, алаяқтық – бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ол қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатқа ие. Соған орай, алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа бір сипаты – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр. Сондай-ақ, оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді. Интернет-алаяқтық – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап- арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді әрекеттерге барады. Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстанғанымен, олардың ерекше сипаттары да бар. Мәселен, олар интернетті пайдаланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни, бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды алдап-арбай беретін, шекара талғамайтын сипатқа ие. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни, олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді. Елімізде көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне интернет-дүкенмен байланысты алаяқтықтар, фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы жасалатын қылмыстар жатады. Иә, ұлттық төлем жүйелері арқылы әр минут сайын орасан сомалар – миллиондаған және миллиардтаған теңге айналымға өтеді. Оған себеп – қазақстандықтар өз жинағын банк картасы мен мобильді қосымшада сақтауды жөн санайды. «Электрондық әмиян» ыңғайлы әрі қауіпсіз болғандықтан әдеттегі былғары әмиянды тез алмастырды. Өз кезегінде банк жүйесі өз клиенттерін қаржылық алаяқтықтан қорғағанына қарамастан, азаматтардың алданып қалу фактілері жиі кездеседі. Осы ретте интернет алаяқтардан зардап шеккендермен тілдесуді жөн санадық.

БІРНЕШЕ МИНУТ ІШІНДЕ 700 МЫҢ ТЕҢГЕНІ ҚОЛДЫ ЕТТІ

Сәния есімді келіншек өмірінде алғаш рет интернет алаяқтарға тап болған кезде абдырап қалған. Өзінің айтуынша, ол қылмыскерлердің «мақсатты аудиториясына» жатпайды. Алаяқтар әдетте зейнеткерлер мен қарттарды, яғни қаржылық сауаты төмен адамдарды құрбан етеді. «Менің шағын жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін ашқан компаниям бар. Қаржылық сауатым болса да, қоңырау шалған алаяққа алданамын деп ешқашан ойламаппын. Бірақ, өкінішке қарай, солай болды. Осы жазда маған бір ер адам қоңырау шалып, өзін мен қызмет алатын банктің қызметкері ретінде таныстырды. Ол менің шотымнан біреу жарты миллионға жуық қаражатқа аударым жасауға тырысып жатқанын хабарлап, бұл әрекетті шынымен менің іске асырып жатқанымды нақтылағысы келді. Мен одан бірден өзінің алаяқ емес екенін қалай дәлелдейтінін сұрадым. Ол өзінің аты-жөнін, кесте нөмірін атады және қазір банктен қоңырау шалып оның жеке басын растайтынын айтты. Бірер секундтан кейін маған банктен хабарласты. Дәлірек айтқанда, мен бұл қоңырауды банктен деп қабылдадым. Олай ойлауыма, қаскүнемдердің нөмірі мен қызмет көрсетілетін банктің нөмірінде бір ғана санда айырмашылық болды. Дәл сол кездегі жағдайда бұл айырмашылықты байқамадым. Тұтқаны алған кезімде бір қыз маған алдында хабарласқан «қызметкердің» мәліметтерін атады. Шоттағы қаражатқа алаңдағандықтан сол қыздың сөзіне сендім. Сөйтіп олар менен бұғаттау үшін жеке кабинетке кіретін бір реттік парольді атауды сұрады. Мен сандарды айтып жатып, сол сәтте қосымша арқылы шоттағы соманы жолдасымның шотына аударуға тырыстым. Бірден тексеріп қарасам, менің шотымдағы 730 мың теңге жоғалып кеткен», – дейді ол. Жәбірленуші өз сөзінде адамдар өздерінің ұқыпсыздығы мен тым сенгіштігінен зардап шегетінін әрі алаяқтар үнемі жаңа схема ойлап табатынын алға тартты. Өзгелерді қарапайым сақтық шараларын ұстануға шақырып, қаражаттың қауіпсіздігіне аса мән беруге үндеді.

ТЕЛЕФОН ҚОСЫМШАСЫН ЖҮКТЕТІП, ЗЕЙНЕТАҚЫСЫН ҰРЛАП КЕЛГЕН

Зейнеткер Злиха Өмірбаева ұялы телефон мен банкингті мүлдем пайдаланбайды. Карточка оған айына бір рет мемлекеттен заңды төлемдер алу үшін ғана қажет. 67 жастағы әжей ұзақ жыл бойы қаражатын қызына бару үшін жинап келген, бірақ алаяқтардың алдауына түсіп ақшасының бір бөлігінен айырылып қалды. – Анама «банктенбіз» деп бір адам қоңырау шалып, алаяқтар оның зейнетақысын интернет арқылы ұрлауға тырысып жатқанын хабарлаған. Олар орысша сөйлеген. Ал, анам олардың айтқанын жартылай ғана түсінген. Хабарласқан алаяқтар ақшаны қорғау үшін «құпия қосымша» орнату керек екенін айтқан. Олар қарттарды қалай алдау керегін жақсы меңгеріп алғанға ұқсайды», – дейді алаяқтарға алданған зейнеткердің қызы. Ең қызығы, қарт ана бұл қоңыраудан кейін алаяқтарға «көмек» көрсеткені үшін алғыс айтады. Сөйтіп, әжей бірнеше ай бойы өзінің ақшасын алаяқтар қалай ұрлап жатқанын байқамаған. Тек қызы анасының телефонмен әңгімесінен кейін күдіктеніп, мәселені анықтауға кіріскен. – Мен бірден банкке жүгіндім. Олар маған «бәрі жақсы, барлық операциялар мобильді құрылғы арқылы жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді. Кейін белгілі болғандай, алаяқтар анамның шотынан бірден білдірмес үшін шетінен қаражат алып отырған», – дейді ол. Содан кейін банк зейнеткердің өзі «зиянды» қосымшаны жүктегенін анықтады. Бұл қосымша үшінші тұлғаларға оның құрылғысына толық қол жеткізуге мүмкіндік береді екен. Олар хабарлама алып және мобильді банкингті қолдана алады. Осы мүмкіндікті пайдаланып шоттан аз көлемде қаражат алып келген. Осылайша, олар зейнеткерлердің қартайғанын, оның аңғалдығын пайдаланған. Сол себепті, бейтаныс адамдардың хабарламасын немесе электрондық хаттарын ашпау, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу және өз деректерін жарияламауды жас та, жасамыс та түсінуі керек. Банк қызметкерлері ешқашан арнайы шоттарға ақша аударуды немесе қашықтан кіру және құрылғыны басқару бағдарламаларын орнатуды ұсынбайтынын есте ұстаған жөн. Өйткені, мұндай қосымшалар барлық қолжетімді ақшаны ұрлап қана қоймай, мобильді қосымшада несие алуға мүмкіндік береді.

КОНЬКИ САТАМЫН ДЕП АЛДАНҒАН

Фишинг сайттары мен танымал OLX платформасын пайдаланып, алаяқтың құрбанына айналу оп-оңай. Мұндай жағдайға Асхат Әубәкіров өткен күзде тап болған. Ол кенже ұлының конькиін жарнамалық сайтта сатамын деп алаяқтарға алданып қалды. «Әйелім баланың заттары мен конькилерін сату үшін хабарландыру жариялауды өтінді. Кері байланыс үшін веб-сайтқа нөмірімді қалдырдым, сол күні кешке WhatsApp-қа «Сәлеметсіз бе, мен коньки сатып алғым келеді, бірақ басқа қалада тұрамын. Жеткізіп бересіз бе?» деген хабарлама келді. Мен ол кісіге «жоқ» деп жауап бергім келді. Өйткені, машақаты көп. Бірақ әйел жалынып, жеткізу мен курьерді өзі төлейтінін, маған тек заттарды тапсыру керек екенін айтты. Және ол «Қазпошта» парақшасына сілтеме жіберді. Мен банк картасының барлық деректемелерін толтырдым және төлемді күтіп отырмын. Әрине, ешқандай ақша алған жоқпын, бірақ қандай да бір онлайн сатып алу үшін ақшам есептен шығарылды. Бақытымызға орай, банктік қосымшадағы лимитті тез жауып үлгердім, үлкен соманы жоғалтпадым. Сөйтіп, коньки сатамын деп алаяқтарға тап болдым», – дейді ол. Жалпы, осыған ұқсас көптеген жағдайларға қарамастан, алаяқтар жалған интернет- банкинг сайттары мен фишинг сайттарына шабуыл жасауды жалғастыруда. Бұл үшін алаяқтар тіпті трафикті көтеру мақсатында әлеуметтік желілерде жарнама жариялайды. Бірақ фишингті бір қарағанда танымасаңыз да, қаржылық тұзаққа түсіп қалмас үшін қарапайым ережелер бар. Егер сіз сайтқа кірсеңіз жеке деректеріңізді, соның ішінде төлем картасының мәліметтерін және CVV-кодын (картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмір) енгізу туралы ұсыныс немесе сұрау жазылған. Осы сұрауды көре салысымен сайттан дереу шығып, парольді өзгертіңіз. Егер кеш қалып алаяқтардың құрбаны болсаңыз, бірден банкке хабарлауға және алаяқтар қол жеткізе алатын картаны блоктауға кеңес береміз. Содан кейін сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасағаны туралы арызбен полицияға хабарласуыңыз қажет.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар