«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаруасы шалқыған Шу

Шаруасы шалқыған Шу
ашық дереккөз
Шаруасы шалқыған Шу
Шу өңірі ежелден бабаларымыз қоныс тепкен қасиетті мекен. Осыдан 550 жыл бұрын Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын тігіп, Әбілқайырдан бөлінген жұртымызды осы өлкеде ұйыстырды. Бұл өлкенің бүгінгі өмірі де шалқыған шаттыққа толы. Экономикасы ілгерілеп, әлеуеті күннен-күнге дамып келеді. Осы жылдың 9 айында қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Қаланың биылғы бюджеті 938 миллион теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге өсіп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 326 миллион теңге болған. Шаһарда 45 мыңнан аса тұрғын бар. Бейресми түрде «Теміржолшылар қаласы» атанған мекен. Бүгінде 8 массивке бөлінген. Соған сай шешімін табуға тиіс шаруа да көп. Оны тұрғындар баспасөз бетінде, әлеуметтік желіде жиі көтеріп те жүр. Мәселен, қаладағы кәріз және шайынды сулар жүйесі ең өзекті мәселенің бірі. Бүгінде кәріз су жүйесінің 86 пайызы тозған. Аталған жүйені қайта жаңғырту мақсатында жобалық-сметалық құжатын әзірлеу аудандық бюджеттен 45 миллион теңге бөлінген. Оң қорытынды алған жағдайда ол келер жылы республикалық бюджетті нақтылауға ұсынылады. Қазынадан қаржы бөлінсе, қазіргі шайынды су қалдықтары жиналатын орын 12 шақырым қашықтыққа көшіріліп, арнайы сүзгілермен жабдықталатын болады. Бұдан бөлек, осы жылы аудан әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімімен кәріз жүйесінің қауіпті аймақтарына қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Тіршілік көзі – су, жарық, жылу екені белгілі. Шаһардың шамы түгел жарық болса, тұрғындарының да жаны тыныш. Халықтың да ұдайы көтеретін мәселесінің бірі – электр жарығының жиі өшуі. Себебі, қаладағы электр желілерінің 70 пайызының жағдайы мәз емес. Оның үстіне, біздегі 3 қосалқы станция тұрғындарды электр қуатымен қамтуға қауқары жетпейді. Осы мәселені шешу үшін қазіргі таңда Жанқұлиев тұрғын алабынан 4-ші қосалқы станцияны іске қостық. Аталған нысанға облыстық «Жамбыл Жарық Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық қызмет көрсетеді. Станция іске қосылып, Қосқұдық шағынауданындағы ауыз су тарататын мұнара да жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Шамамен 8 мың тұрғынды сумен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Бұған дейін электр қуатының әлсіздігі де өз әсерін тигізіп келген. Одан бөлек, осы жылға 169 миллион теңге бөлініп, жақын уақытта Жанқұлиев массивіндегі Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс, Ақбөкен және Ақкербез көшелеріне электр желілері тартылатын болады. Жалпы, өңіріміз Жібек жолының бойы, тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, жолды жөндеу – басты мақсат. Қалада ұзындығы 204,2 километрді құрайтын 313 көше бар. Бүгінде оның 181-і асфальтталмаған. Осы мәселені шешу мақсатында биыл ұзындығы 24 километр болатын 27 көше жөнделуде. Оның ішінде 17 көшеге асфальт, 7 көшеге қиыршық тас, 3 көшеге тротуар төселуде. Тарқатып айтқанда, Сәтбаев көшесінен орталық базарға, Паравоз монументінен теміржол вокзалына, жаңа тұрғын үйлерге апаратын Ақарыс көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бүгінде 2 көшенің тротуары аяқталып, пайдалануға берілді. Бұйырса, жыл соңына дейін межелер орындалады деген ойымыз бар. Келер жылдың жоспарына 30 көшенің жолын жөндеуге ұсыныс беріп отырмыз. Бүгінде жобалық- сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ұсыныстардың негізінде бюджеттен қолдау тапқан жағдайда ұзындығы 23 километр болатын 30 көше жөнделеді. Сондай-ақ, келер жылға 6 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу жоспарымызда бар. Бюджеттен қолдау тапса 5,631 километрді құрайтын 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолы төселеді. Жолмен бірге қаланың тұрғын үйлерінде көркейту қолға алынуда. Шаһардың шырайын келтіріп, халықтың тұрмысын жаңартуға барынша күш жұмсалып жатыр. Қалада көппәтерлі 119 тұрғын үй бар. Мемлекеттік бағдарлама арқылы соның 34-і жөндеуден өткен. Осы жылы 167 миллион теңге бөлініп, Абылайхан №7/3, Абылайхан №9, Абылайхан №14, Сәтбаев №203, Сейфуллин №1, Сейфуллин №1/А, Сейфуллин №2, Сейфуллин №3 үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінде бұл жобалардың мердігерлері анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда ойға алған міндеттің бірі – көппәтерлі үйлерге газ тарту. Жоғарыда айтқан 119 көппәтерлі тұрғын үйдің 65-і ас әзірлеуге пропан баллондарын пайдалануда, қалған үйлерге табиғи газ тартылып, жеке пәтерлер де көгілдір отынға қосылған. Биыл 5 қабатты 18 үй, 4 қабатты 11 үй, 2 қабатты 8 үйдің іргесіне газ құбыры жетті. Жылдың соңына дейін ішкі жүйеге жалғанатын болады. Сонымен қатар, бюджетті нақтылау барысында коммуналдық меншіктегі Жетісу шағынауданындағы 75 пәтерлі 5 қабатты үйді және Сейфуллин көшесіндегі жатақхананы табиғи газға қосу жұмыстарына 65,2 миллион теңге қарастырылған. Сәтін салса, бұл игілікке биыл куә боламыз, 119 көппәтерлі үйдің 91-і табиғи газға қосылады. Шу қаласының аумағынан жекеменшік тұрғын үй құрылысына жер телімін сұраған өтініштің жалпы саны – 7055. Бүгінгі таңда қала аймағынан «Оңтүстік батыс» жаңа тұрғын аумағынан І кезеңдік жаңа тұрғын алқап дайындалып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген. Жергілікті халықтың жеке тұрғын үй салуына жер телімдері де берілуде. 2006-2012 жылдары аралығында кезекте тұрған 1449 өтініш иелеріне жер беру жұмыстары басталған. Жер кезегінде тұрған әрбір азаматтың мекенжайына жер алу үшін хабарламалар «Казпошта» арқылы жіберіліп, баспасөз беттерінде жарияланған. Бүгінде 590 азаматтың құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.  

Елдос НҰРАЛИЕВ,

Шу қаласының әкімі.

 

Ұқсас жаңалықтар