«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәселелер талқыланып, мүмкіндіктер қарастырылды

Мәселелер талқыланып, мүмкіндіктер қарастырылды
ашық дереккөз
Мәселелер талқыланып, мүмкіндіктер қарастырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін жауаптыларға әр 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған орай, өңірімізде жыл басынан бері 15,6 мың жұмыс орны ашылып, жоспар артығымен орындалған. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кеңінен айтылды. Басқосуда ең әуелі сөз тізгіндеген облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жұмысқа орналасқан 58,3 мың адамның 25,8 мыңы жастардан құралғанын жеткізді. Оның айтуынша, жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылған жұмыс орындарының 42,4 мыңы – тұрақты. Атап өтерлігі, облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 14 749 адам орналасқан. – 2022 жылдан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында халықты жұмыспен қамту мәселелері жемісті жүзеге асырылуда. Бұл ретте жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54,2 мың адам тарту жоспарланған. Жыл басынан бері жоспар 92,7 пайызға орындалып, 50,2 мың адам белсенді шараларға тартылды. Есепті кезеңде 37,4 мың адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 82,6 пайызға орындалды. Бұдан бөлек, 23,1 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Гүлдана Жауынбекова. Жалпы, кәсіпкерлікті дамытуға 1 054 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 454,5 миллион теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант беру қарастырылған. Бүгінге дейін облыс бойынша 784 адам жалпы көлемі 1081,6 миллион теңгенің грантына ие болды. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қосымша 100 адамға бөлінген 500 миллион теңге конкурстық комиссияның қарауында. Қазіргі таңда комиссия қарауына жалпы құны 546,6 миллион теңгені құрайтын 114 жоба жолданған. Аймақ басшысы ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналасқандарға міндетті зейнетақы жарналарын аудару көрсеткішінің төмендігін сынға алып, нақты міндеттер жүктеді. Бірқатар аудан әкімдерінен жауаптар алған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қайтарымсыз гранттар бөлуде комиссияның жұмысында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету әрі тұрғындарға жан-жақты ақпарат беру керектігін баса айтты. – Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мүлтіксіз орындалуы тиіс. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінің өзектілігін ескере отырып, тиісті шараларды қайта қараудамыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыстың әлеуметтік салаларындағы және кәсіпкерліктегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алудан бастап, алғашқы нақты шараларды қолға алдық. Бүгінде мектеп, аурухана және спорт кешендері басшыларының бос лауазымдарына орналасуға арналған конкурстарды әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілуде. Қайтарымсыз грант қаржысының мақсатты түрде жұмсалуы бақылауда болуы тиіс. Бұл тұрғыда комиссияның жұмысын қайта қарау маңызды. Сондықтан, бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз гранттарды бөлу процесін де тікелей эфир арқылы жүргізу қажет, – деген Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.  

Есен ӨТЕУЛІ

   

Ұқсас жаңалықтар