Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір өтті
Жаңаша индустрияландыру бағытымен
Бейсенбі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні аясында «Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» тақырыбында жалпыұлттық телекөпір өтті. Қалыптасқан дәстүр бойынша оған Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының үміткерлері, осы конкурстардың барлық лауреаттары, индустрияландыру бағдарламасы бойынша ашылған кәсіпорын басшылары, отандық және шетелдік инвесторлар, бизнесмендер мен банкирлер жиналды. Бес жылда ұлттық экономиканың тіректеріне айналған кәсіпорындар мен 2014 жыл қорытындысында іске қосылған ірі жобалардың ұжымдары, барлығы 31 нысан тікелей байланысқа қосылды. Онлайн жүйесінде индустрияландыру картасының 15 жаңа жобасы пайдалануға берілді. Олардың қатарында біздің облыста екі нысанның – Мойынқұм ауданындағы цемент шығаратын «Мыңарал Тас компани» және Қордай ауданындағы желден электр қуатын өндіретін «Виста-Интернешнл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өндірістің кезекті жобалық қуатын игеруі паш етілді. Астанамен телекөпір байланысына Қордай жел электр стансасында облыс әкімі К. Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, тиісті сала басшылары, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Осыдан бес жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тұсауы кесіліп, Елбасы оны ұзақ мерзімді және мағынасы зор деп бағалаған еді. Бүгінде бірінші бесжылдық қорытындысы бойынша еліміз оның төрт пайдасын көріп отырғаны аталды. Олар: берік ұлттық қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындары, бәсекеге қабілетті экономика және өңірлердің соны серпінмен дами бастауы. Индустриялық саясаттың алғашқы бесжылдығы аяқталуына орай өткізіліп отырған телекөпір тек 2014 жылдың екінші жартыжылдығындағы инвестициялық жобалардың іске қосылуының тұсаукесеріне ғана емес, сонымен қатар бесжылдықтың алдын ала қорытындыларына да арналып отыр. Бұған еліміздің аймақтарындағы нақты мысалдар алға тартылды. Соның қатарында, оны біздің облыста қызмет көрсету саласы дамып, оның өңірлік өнімдегі үлесі 5,5 пайызға артқанынан, бірнеше ірі индустриялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанынан көруге болады. Өткен бесжылдықта өңірде жалпы сомасы 123 миллиард теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асырылып, бес мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылған. Оның ішінде биылдың өзінде 23 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, мыңға тарта жаңа жұмыс орындары ашылып отыр. Өткен жартыжылдықта еліміздегі алғашқы болып саналатын натрий цианиді реагентін өндіретін Талас ауданындағы «Талас-Инвест» ЖШС және Тараз қаласындағы «Бином Стройдеталь» үй құрылысы комбинаты жаңа жобаларын іске қосты. Екінші жартыжылдықтың үлесіндегі төрт жобаның қатарында бүгін телекөпірде Мыңарал цемент өндірісі мен Қордай жел электр стансасы кезекті жобалық қуатына шығады.
Елімізде Мыңарал цементіне балама жоқ
Жүгірген аңның тұяғы кетіліп, ұшқан құстың қанаты талатын мидай жазық Мойынқұм өңірінен бой көтерген цемент зауытының мүмкіндігі орасан. 2010 жылы осында іске қосылған «Мыңарал Тас компани» ЖШС биылғы желтоқсан айының басында өзінің толық өндірістік қуатына жетіп отыр. Мыңаралдық жоғары сапалы өнім негізінен Астана мен Алматыдағы ірі құрылыстарға, қазір елімізде қызу жүргізіліп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысына пайдаланылуда. Кәсіпорын жұмысшыларының мұнда тұрақты мекендеп, өнімді жұмыс істеуі үшін Балқаш көлінің жағасынан лайықты тұрғын үй кешені бой көтерген. Онда барлық қажетті инфрақұрылым – балалар бақшасы, дәрігерлік амбулатория, минимаркет, кинозалы бар ойын-сауық орталығы салынған. «Жамбыл цемент өндірісі компаниясының» еншілес кәсіпорны болып табылатын «Мыңарал Тас компани» ЖШС осынау қысқа мерзімнің ішінде осы сала бойынша елімізде алдыңғы қатарға шықты. Қуаты жылына 2 миллион тонналық өндірістің жобалық құны 35 миллиард теңге болса, оның 11 миллиард теңгесі өз қаражаты есебінен, 24 миллиард теңгесі сыртқы заимдар есебінен салынған. Телекөпір барысында зауыттың директоры Анатолий Медюков Елбасыға былай деп мәлімдеді. – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мыңарал цемент зауыты Қазақстандағы «құрғақ әдіспен» цемент өндіретін бірінші зауыт болып табылады. Бұл жоба француздық танымал инвестор – «Vicat Group» тобының қолдауымен жүзеге асырылуда. 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды, 90 жұмысшы шетелдерде мамандығын жетілдіріп келді. Биыл біз 1 миллион 250 мың тонна цемент өндірдік. Ендігі мақсат – Астанада цемент терминалымызды ашу. Құрметті Президент! Қолдауыңыз үшін Сізге рахмет. Жамбыл цемент өндірушілері алдағы уақытта да елімізді жоғары сапалы өніммен қамтамасыз ете береді. Елбасы мыңаралдық цемент өндірушілерді табысымен құттықтап, олардың бүгінгі таңда елімізде көш басына шыққанын айтты. Бұл цемент зауыты бойынша кезінде Парижде инвесторлармен келісімге келгенін еске алып, енді зауыттың жолға қойылған жұмысы елімізде кең көлемде қанат жайған құрылыс индустриясы үшін өте маңызды екенін атап көрсетті.
Қордай асуындағы
жел электр стансалары
Жамбыл облысы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің басты тақырыбына айналып отырған «жасыл энергияға» бетбұрыс жөнінен еліміздегі жол бастаушы өңір екені мәлім. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Изен Су» ЖШС Қордай ауданында еліміздегі алғашқы желден, «КазЭковатт» ЖШС Отар ауылының маңынан күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансалардың қанатқақты жобаларын іске қосқан болатын. Енді, бұл бастамалар жалғасын тауып, «Виста-Интернешнл» ЖШС Қордай асуында өндірістік қуаты 21 мегаватт болатын, жалпы сомасы 6362 миллион теңгенің жобасын іске асыруда. Салыстырмалы түрде алсақ, егер «Изен Су» ЖШС іске қосқан қытайлық өндірістегі алғашқы екі жел электр стансалары 500-ден астам үй шаруашылығын (Алға, Мұзбел, Көгадыр тәрізді шағын үш ауыл) электр қуатымен қамтамасыз етіп отырса, қуаты 21 мегаватт болатын германиялық жаңа жел электр стансалары Қордайдай үлкен ауданды электр қуатымен толық қамтамасыз етуге жетіп қалғандай екен. Бүгінгі телекөпірге осы жобаның 9 мегаватт болатын 1-ші кезегінің аяқталуы ұсынылды. Ылғи жел өтіндегі Қордай асуы аймағы жел электр стансалары үшін бекер таңдалмаған. Экологиялық таза табиғи қуат өндірілетін аймақтарды анықтау бойынша алдын ала жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне орай, мұнда жел электр стансаларының шоғыры әлі көбейетін болады. «Алматы – Тараз» бағытындағы Қордай асуымен өтетін күре жол бойынан жел электр стансаларының оннан аса биік мұнаралары ашық күндері көз ұшынан көрінеді. Оның бесеуінің қалбағайы айналып жұмыс істеп тұрса, бірнешеуі әлі құрастырылып реттелу үстінде. Жаңадан әкелініп әлі құрастырылмаған құрылғылар да бар. Ал оларды орнатып іске қосу бірқыдыру шаруа. Алдымен әр мұнараның астына 700 тонналық іргетас құйылады. Үш бөліктен тұратын мұнараның биіктігі 60 метр, роторының диаметрі 54 метр. Қарлы, тұманды күндері мұнара басындағы қалбағайлары көрінбейді, тек сырылдаған даусы естіледі. Асудағы жол бойында осындай мұнаралардың саны 21-ге жетіп, бәрі толық іске қосылғанда барып жоба толық өндірістік қуатына жеткен болып саналады. Телекөпір барысында «Виста-Интернешнл» ЖШС директоры Евгений Омашев Елбасыға жобаның толық іске қосылу мерзімі 2014 жылдың үшінші тоқсаны екенін айтты. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен, Евгений Омашев «Vista International» ЖШС-ның директорымын. «ЭКСПО-2017»-ге дайындық аясында біздің компания Қордайда қуаты 21 МВт-ны құрайтын жел электр стансасын салуда. Бүгін қуаты 9 МВт-ны құрайтын Германияда шығарылған 9 жел генераторының бірінші кезеңі салынды. 12 жел генераторын салу арқылы жобалық қуатына шығу 2015 жылдың 3-ші тоқсанында жүзеге асады. Бұл Оңтүстік өңірдегі электр энергиясы тапшылығын жояды. Құрметті Президент мырза! Біз Сізден жобамызды бастауға рұқсат беруіңізді өтінеміз», деді ол. «Жел энергетикасы – 2017 жылғы ЭКСПО көрмесінің басты тақырыбының бірі. Ол менің есімде, ол туралы маған баяндаған болатын және қазіргі уақытта Жамбыл облысы жел энергетикасын орнатуда алдыңғы орындардың бірінде деуге болады. Бұл тәжірибені барлық жерде дамыту қажет. Еңбектеріңізге рахмет. Кәсіпорынды іске қосыңыздар, сәттілік тілеймін», деді Елбасы. Елбасының рұқсатынан кейін облыс әкімі К. Көкірекбаев пен Е. Омашев арнайы тетікті басып жел электр стансасының бірінші кезегінің жұмысын іске қосты. – Жалпы, өңірде табиғи түрде қуат өндіретін су, жел және күн электр стансаларының жүйесі қарқынды дамып келеді, – деді соңында Кәрім Нәсбекұлы журналистерге берген сұхбатында. – Облыстың бірқатар аудандарында «ЭКСПО» көрмесінің өзекті тақырыбына айналып отырған «жасыл энергия» стансалары салынып, іске қосылуда. 2017 жылға қарай өңірде мұндай стансалармен жалпы қуаты 400 мегаваттық электр қуатын алатын боламыз. Бұл облысымыздың ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына қосылған қомақты үлес болмақшы.
Біз – еңбек еліміз
Телекөпірдің соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Президент алдымен телекөпірге қатысушыларды Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдықтағы жетістіктерімен құттықтап, шараның ел үшін, ел экономикасы үшін айрықша маңыздылығын атап өтті. «Өткен бес жыл ішіндегі индустрияландырудың сипаты бәрімізге айқын. Біз әр уақытта Қазақстан бай, жер қойнауында темір де, көмір де, мұнай да, газ да, алтын, күміс, мырыш та бар деп жүрдік. Алайда, сол байлықтың барлығын шикізат ретінде басқа елдерге тасымалдап, қызығын сол елдер көріп жатты. Неше жылдардан бері мен осыны айтып келдім, ал қазір біз сыртта жасап жатқан байлықты елімізге әкелуге бет бұрдық. Бұл – Тәуелсіздікті жариялап қана қоймай, оны ұстап қалумен бірдей қиын шаруа. Себебі, бізде өндіріс болған жоқ. Басқа мемлекеттерде болды. Кеңес Одағының басқа республикаларында болды. Бүгінде біз осының орнын толтырып жатырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте Елбасы мұндай шаруаның аса күрделі екенін, өйткені, жаңа технологиясын да, жақсы қондырғысын да шетелдіктер оңай бере салмайтынын тілге тиек етті. Оның бәрін өзіміз жасауымыз керек, табуымыз керек, еңбектенуіміз керек. «Дағдарыс заманында, қиын-қыстау кезеңде мұнай мен газ секілді басқа да сыртқа шығарып жатқан шикізатқа бағалар құлдырауда. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнайдың бағасы 120 доллардан 60 долларға түсті, газ да солай болатын болды. Ал сол шикізаттың барлығын өз ішімізде өңдейтін болсақ, мұртымызды балта шаппас еді», – деді Президент. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл жұмыстың оңайға соқпайтынын баса айта отырып, көре білген адамға елімізде айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. Әрине, елді сынау оңай, бірақ қазіргідей заманда қандай да бір жетістікке жетсек, оның артында үлкен қиыншылықтың, қажырлы еңбектің жатқанын бағалай білген жөн. Елбасының айтуынша, мұндай шаруаны Корея, Малайзия, Қытай секілді елдер 30-40 жыл ішінде жүзеге асырған. Ал олармен салыстырғанда Қазақстан мұндай нәтижелерге өте жоғары қарқынмен қол жеткізіп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев бірінші өнеркәсіптік бесжылдықты табысты жүзеге асыру жаңа деңгейдегі міндеттерді шешуді қажет екенін, соның барысында тәжірибе жинақталғанын айрықша атап өтті. – Бәрі бірдей іске асып жатпағанын да білемін. Өзім де министрлерді, әкімдерді, ұлттық компанияларды талай рет сынға алдым. Бірақ «жеңіл болады» деп те ешкім уәде берген жоқ. Әлемдік тәжірибе табысты индустрияландыру белгілі бір уақыт алатын ауыр үрдіс екенін көрсетіп отыр. Бұл үшін жаңа кадрлар, жаңа мамандықтар қажет, – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтардың әсіресе қазіргідей жағдайда экономиканы дамытуға еңбегімен үлес қосуы маңызды екендігін айтты. – Жаһандық дағдарыс кезеңі – масылдардың уақыты емес. Біз – еңбек еліміз. Біздің міндетіміз халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып саналады. Мен еңбегімен дараланған жұмысшылар мен шаруаларға ғана арналған, үш дәрежеден тұратын арнайы еңбек даңқы орденін тағайындауға шешім қабылдадым. Оның үш дәрежесін алған адамның мәртебесі Еңбек Еріне теңесетін болады, – деді Қазақстан Президенті.
«Алтын сапа» мен «Парыз» лайықтыларға
Елбасымыз атап өткеніндей, еліміз жаһандық экономика кезігіп отырған қиындықтарға қарамастан, 2015 жылға өсіммен қадам басады. – Бірнеше күннен кейін индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру басталады. Соған орай, Үкімет инноваторларды мемлекеттің қалай көтермелей алатынын қарастырғаны жөн. Оларды оқыту керек, нәтижесі жемісті болады. Бәлкім, лайықты инновация әзірлегендерге арнайы мемлекеттік сыйлық тағайындап, марапаттау арқылы үлгі ету керек шығар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы экономика саласында өршіл міндеттерді жүзеге асыруға ұмтылған жөн екенін айтты. – 2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қамтамасыз етуі қажет, ең бастысы – ол жеке меншік сектордағы инновацияны дамыту есебінен жасалғаны жөн. Бұл міндеттерге жету жолындағы негізгі тұғыр Назарбаев университетінің «Астана бизнес кампус» ғылыми паркі мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі болады, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев республикада жаңа өңдеуші кәсіпорындар құру қажеттігіне, оған шетелдік капиталдың қатыстырылу жайына да тоқталды. – Сірә, бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын және мұнай-газ саласының бірнеше ірі кәсіпорнын салу қажет болар. Қымбатқа түсетіндігіне қарамастан, олар химия өнімінің барлық бағытын қамтып, газдан дәрі-дәрмекке, киімнен полиэтиленге дейінгінің бәрін шығарады. Сондай-ақ, Қазақстанда бүкіл әлемге қажет кабель өнімінің толық циклін қамтитын жаңа мыс қорыту комбинатын салуға тырысу керек. Жалпы алғанда шаруа көп, индустрия осы жолмен жүруге тиіс. Үкімет алдына қоятын міндетім – жаңа 5 өңдеу зауытын салу үшін Қазақстанға ең кемі 5 ірі трансұлттық корпорацияны тарту, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы «Алтын сапа» және «Парыз» ұлттық байқауларының барлық қатысушыларын құттықтап, олар патриотизмнің арта түскенін, Қазақстан бизнесінің табысын, келешегі бар екенін көрсетіп отырғанын атап өтті. – Бұл – елдің үдемелі экономикалық өсімін нақты компаниялар мен бизнесмендердің үлесін бағалау арқылы дәл көрсетіп беретін барометр, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпорындар өз жұмысы, индустрияландыруға қатысуы арқылы ел экономикасының да, әлеуметтік саласының да нығаюына үлес қосып отырғанына тоқталды. – Тек «Парыз» жүлдесі байқауына қатысушылардың өзі жалпы сомасы 152 миллиард теңге болатын 440 әлеуметтік жобаны іске асырды. «Алтын сапа» жүлдесі тағайындалған күннен бергі небәрі 9 жылда байқауға қатысушылардың жалпы саны 6 есе өсті. Бүгінде ұлттық байқаулардың барлық жеңімпаздары мен қатысушылары, жаңа кәсіпорындардың құрылысшылары мен еңбек ұжымдары – нағыз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының алғашқы қарлығаштары, – деді Мемлекет басшысы. Іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Парыз» байқауының бас жүлдесін «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ға тапсырды. Бұдан бөлек, «Алтын сапа» байқауының «2014 жылдың өндірістегі үздік инновациялары» арнаулы жүлдесіне Шығыс Қазақстан облысындағы «ПОСУК Титаниум» ЖШС, «2014 жылдың үздік индустриялық жобасы» жүлдесіне «Ақтөбе рельсті арқалық зауыты» ЖШС ие болды. Сол күні облыс әкімі Қордай ауданы активімен кездесу өткізіп, бүгінгі телекөпір жайынан сабақтап, жалпы облыстағы жыл қорытындысына байланысты көкейкесті мәселелер туралы айтты. Баршаны алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Көсемәлі Сәттібайұлы, Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді