Сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер
Сарысу аудандық мәдениет үйінде «Өрлеу» фольклорлық ансамблі күмбірлеген күйден шашу шашса, көпшілікке қаламгер шығармашылығынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Айтулы мерейтойға қазақ киносының корифейі Асанәлі Әшімов бастаған мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдері, қаламдас-замандастар, шәкірттері мен аудан халқы қатысты.
Сән-салтанаты жарасқан әдеби кеш «Айжанқыз» би ұжымының «Шашу» биімен ашылды. Мұнан соң қабырғалы қаламгер Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық жолын жан-жақты бедерлеген «Сексеннің сеңгіріне салған соқпақ» атты қысқа деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.
Ұстаздық жолында да, шығармашылық шыңында да ұлттық құндылықтарды ұлықтап, руханият шырақшысына айналған, қазақ әдебиетінің, әсіресе балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің дамуына айтулы үлес қосқан қаламгер туған өлкенің төл тарихын түгендеуге де зор еңбек сіңірген. Осы ретте сексеннің сеңгіріндегі жазушыны сарысулықтар зор құрметпен сахна төріне шығарды.
Іс-шарада облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев сөз тізгіндеп, өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын табыстап, аймақ басшысының сәлемін жеткізді. Құттықтау хатта Ербол Шырақпайұлы қазақ батырларының болмысын қайта жаңғыртқан қаламгердің қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін қалың оқырманның, әулиеаталықтардың атынан алғысы жеткізілді. Сонымен қатар, Абдалы Тоқбергенұлы облыстық мәслихаттың құттықтауын да мерейтой иесіне табыс етті.
Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, қайталанбас қайраткерлердің кіндік қаны тамған Сарысу өңіріндегі сексеннің сеңгіріне жеткен қаламгерге ата жолымен шапан жауып, құрмет көрсетті. Оған қоса биыл мамыр айынан бастап аудан мектептерінде ұйымдастырылған Пернебай Дүйсенбин оқуларының жеңімпаз, жүлдегерлерін марапаттады. Кеш иесі жүзден жүйрік атанған мектеп оқушыларына өзі салған картиналарды тарту етті.
– Пернебай інім сексенге толып жатыр деп Алматыдан біраз жұрт үдере көшіп келдік. Пернебайды кішкентай кезінен білемін. Мектепте жақсы оқыды, пысық, қоғамдық жұмыстарға да кішкентайынан ысылып өсті. Ақселеу секілді қазақтың біртуар азаматтарымен бірге оқып, тәрбие алды. Қай кезде де табиғат пен адам тығыз байланысты. Табиғат тудырады дарынды. Бойында намыс, жігері бар адамнан көп дүние туады. Пернебайдың еңбегін халық біледі. Соңғы ең үлкен энциклопедиялық шығармасы халықтың тарихына арналды. Жиырма жылдан аса сонымен айналысты. Еңбегіңе халық разы. Алдымен менің жасыма жет, содан кейін жүзге жет, – деді Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі актер, режиссер КСРО және Қазақстан Республикасының халық артисі Асанәлі Әшімов. Сөз соңында қазақ киносының марғасқасы кеш иесіне сый-сияпатын жасап, шығармашылығына толағай табыс тіледі.
Мерейтойда белгілі композитор Илья Жақановтың бейнеқұттықтауы көпшілік назарына ұсынылып, қаламгер шығармашылығының салмақты сан қыры жан-жақты айтылды.
– Пернебай ағамыздың мерейтойы деп Сарысуға Қазақстан Жазушылар одағының жартысы көшіп келгендей болып тұрмыз. Жалпы, Пернебай аға қаламгер ретінде ерте танылған. Атырау мен Алтайдың арасындағы кең-байтақ даламызда ел ішінде тұрып проза жазып, әдебиетке үлес қосып жүрген қаламгерлер саусақпен санарлықтай. Соның бірі – Пернебай ағамыз. Ақындар ауылда тұрып өлең жаза береді, ал проза жазу қиын. Себебі жазушыға әдеби орта қажет. Соған қарамастан, Пернебай ағамыз қаламын тастаған жоқ. Жаза беріңіз, немере, шөберелердің қызығын көре беріңіз, – деп Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы одақтың атынан қаламгерге шапан жауып, құрмет көрсетті.
Елде жүріп еңбек етіп, ауылда жүріп Алаштың ардақты қаламгеріне айналған Пернебай Дүйсенбиннің тәлімін алған Қали Сәрсенбаев қобыз үнімен әдебиет сабағын өткізген ұстаздық ұстанымына айрықша тоқталып өтіп, алғысын айтты. Белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев қаламгердің азаматтық қырларына тоқталып, естеліктерімен бөліссе, ақын Маралтай Райымбекұлы тебірене жыр оқып, інілік ізгі лебізін жеткізді.
Кеш иесінің Атырау, Жаңаөзеннен арнайы атбасын бұрып келген ізбасар інілері Ерғали Жақсылықов, Орынбасар Құлбековтер, ал жамбылдық қаламгерлердің атынан жазушы-драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова, қаламгер-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Хамит Есаман ақ тілектерін арнап, шығармашылығына тілеулестік білдірді.
Іс-шара барысында Абайдың 175 жылдығында Пернебай Дүйсенбин инсценировкасын жазған «Ескендір» поэмасынан қысқаша үзінді көрсетілді.
Өскелең ұрпақтың атынан қаламгерге арналған өлеңдер оқылып, Сарысу халқының ізгі тілегі толастамады.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді