«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Заң талабы қатал

Заң талабы қатал
ашық дереккөз
Заң талабы қатал

«Тәртіпке бас иген құл болмайды». Батыр Бауыржан айтып кеткен осы сөз бүгінде заңды белшеден басып, мінсіз болуға тиісті мемлекеттік қызметте түрлі олқылықтарға жол беретін мемлекеттік қызметшілердің жадында жаңғырып тұрса екен дейсің. Арнайы заңнама негізінде тиісті органдар тарапынан мемлекеттік қызметшілердің әр адымы бақылауда болғанымен, олардың өз ісін атқаруда осалдық танытып алатындары әлі де көп.

Сондай қызметшілердің тағы бір тобының тәртіптік істері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің кезекті мәжілісінде қаралды.

Кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев жүргізген жиында алдымен облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бөлім басшысы Т.Нишамбаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Кеңестің бұл тәртіптік істі қарауына Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің осы жылдың қазан айының он алтысындағы ұсыныс хаты (№КФК-4-18/2548) негіз болған. Ұсыныста көрсетілген жайлар бойынша соңғы бірнеше жыл ішінде инспекция басшылығы және тексеруші-бақылаушы Т.Нишамбаевтың тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілген. Нақтырақ айтқанда, Т.Нишамбаев Қорғаныс министрлігінің №42062 әскери бөлімінде бірнеше рет тексеру жүргізіп, ешқандай қаржылық заң бұзушылықтарды анықтамаған. Алайда, ҚР ІІМ-нің Тараз қалалық әскери тергеу басқармасы аталған әскери бөлімнің бірнеше лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істер қозғаған. Инспекцияның бұйрығы бойынша жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде Т.Нишамбаевтың тарапынан жіберілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтар өз дәлелін тапқан. Бірақ оқиғалар 2012-2013 жылдары орын алғандықтан тәртіптік жазаға тарту мерзімі өтіп кеткен. Осыған орай Тәртіптік кеңес Т.Нишамбаевтың тәртіптік ісін ешқандай тәртіптік жаза қолданбастан қысқартты. Келесі кезекте тәртіптік кеңес мүшелері Талас ауданы, Үшарал ауылдық округінің әкімі Д.Баймбетовке қатысты тәртіптік істі қарады. Бұған Талас ауданы прокуратурасының 31.10.2014 жылғы №2-0710-14-1850 «Заңдылықтың бұзылуын жою туралы» ұсынысында көрсетілген фактілер түрткі болған. Ұсыныс иелерінің пікірінше, Үшарал ауылдық округ аппараты ғимаратын ағымдағы жөндеуден және Үшарал ауылындағы Сағынтаев көшесін жарықпен қамтамасыз ету туралы электрондық конкурсын жүргізу және ұйымдастыру барысында мемлекеттік сатып алу заңнамаларының өрескел бұзылуына жол берілген. Бұл іске аталмыш ауылдық округінің әкімі Д.Баймбетов тапсырыс беруші ретінде қатысқан. Тәртіптік кеңес осы істі тексеру бойынша деректерді сараптай келе, Д.Баймбетовтің іс-әрекетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген өз құзыретіне кіретін өзге де мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртібін әлденеше рет бұзу сипатындағы құқық бұзушылық бар деп есептеп, оны атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде тәртіптік жазаға тарту туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, Тәртіптік кеңес мүшелері облыс бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Н.Мақашовтың тәртіптік ісін, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының №4409 ұсыныс хатын қарап, тиісті шешім қабылдады. Ал Қордай ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Д.Темірге қатысты тәртіптік іс оның сырқаттанып, жиынға келмей қалуына байланысты кейінге шегерілді.

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар