«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Арнайы операция: ұсталғандар саны артты

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен аптада полиция органдарымен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді. – Топтар өз әрекеттерін Қытаймен («Қорғас» ХШЫО), Өзбекстанмен («Жібек жолы» өткізу пункті) және Қырғызстанмен («Қордай автомобильдік» өткізу пункті) шекаралас учаскелерде жүзеге асырған. Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді, – делінген Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратқан хабарламада.

1,9 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі субсидия бойынша төрт адам алаяқтық жасады деп күдікке ілінгенін хабарлады. Мәліметке сүйенсек, өңірдегі шаруа қожалықтарының жер телімдерінде таңқурай отырғызылмаған, көшеттер мүлдем сатып алынбаған. – Өздерінің қылмыстық әрекеттерімен 4 адамнан тұратын топ екі жыл ішінде мемлекетке 900 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Бұған дейін бұл факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 216-бабының 3-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында барлық күдікті қамауға алынып, олардың жалпы құны 1,9 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Қылмыстық іс айыптау актісімен аяқталып, қарау үшін сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп атап өтті облыстық прокуратураның баспасөз қызметі. Айта кетейік, Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйке с адам қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.

Такси жүргізушісі полицейді ұрып жіберген

Полиция қызметкері Алматы-Ташкент тас жолының 168-ші шақырымында жол ережесін өрескел бұзғаны үшін Қордай ауданының 61 жастағы тұрғыны тізгіндеген «Тойота Карина» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Ал, бұзушылықты тіркеу кезінде жүргізуші патрульдік полиция батальоны қызметкерінің мойнына бір рет жиналмалы пышақпен ұрған. Полиция қызметкері ауруханаға жеткізілді. Осы факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 380-1- бабы 1-бөлігі бойынша (құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғушылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. – Жауап алу кезінде ер адам әйелінің қайтыс болуына және тұрмыстық мәселелерге байланысты депрессиялық жағдай оны осындай үмітсіз қадамға итермелегенін түсіндірді. Өзінің ойланбай жасаған әрекетінің ауырлығын түсініп, жасаған ісіне өкінетін жеткізді. Ұсталған адам Қордай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тергеу тағайындалды, – делінген өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Марихуана мен гашиш тәркіленді

Тәртіп сақшылары Мойынқұм ауданының құмды аймағынан есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Байзақ ауданының 43 жастағы тұрғынын ұстады. Жалпы, жасырын орынды тексеру барысында өсімдік тектес заттары бар 17 полиэтилен қап және ұнтақталған заты бар 2 полиэтилен пакет, сондай-ақ есірткі затын ұнтақтауға арналған елек табылып тәркіленді. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, алынған заттардың жалпы салмағы 229 килограмм 140 грамм «кептірілген марихуана» және 4 килограмм 532 грамм «гашиш» есірткі заты екені анықталған. -Ұсталған адам бұрын бірнеше рет сотты болған. Ол өзінің кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – деді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дінмұхамбет Қойториев.  

Дайындаған Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар