Жаңалықтар
Белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық портретіне штрихтар
- author «Ақ жол»
- 12 қазан, 2023
- 446
Белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық портретіне штрихтар
Маң дала. Маңғаз төбелер. Ұшы-қиыры жоқ кеңістік. Бір белден асқанша әкесіне ілесіп, мал айдасады. –Әке. – Ау. – Жеріміз қандай кең, ә? – Кеңі кең ғой. Бірақ сол кең жерге сиыспай жүр емеспіз бе? Әр жер-әр жерден түп-түп боп өскен ақ сары түсті әдемі ши ескек желмен бастарын иіп, әсем ызыңмен ән салады. Оған бетеге мен боз жусан үстінен талғажау іздегендей төне қарап, бір орнында шырылдап тұрған бозторғай үні қосылады. Түн. Дала тып-тыныш. Қотандағы қой-ешкі бырт-бырт күйісеп, барақат тауып, байырқалап жатыр.
Бұл киіз үйдің алдына шығып, басын шалқайтып аспанға қарайды. Аспандағы ай мен жұлдыздар әлемі әшекейлі кітаптай қызықтырады. Еліктіріп, елітіп, қиялын әлдеқайдағы ғажап әлемге жетелейді. Түн қараңғылығын жап-жарық қылып, әкесінің қоңырқай киіз үйін, қотандағы маужырап жатқан уақ малын әппақ нұрына малып, ұйып тұрған ай бетінен әлденені іздегендей тесіліп тағы да қарайды. Қадалып қараған сайын ай келбетіндегі қоңырқай дақтардан неше түрлі бейнелерді байқайды.
Есіне ел аузындағы аңыз түседі. Ай да кезінде Күн сияқты жап-жарық болған екен дейді аңыз. Айдың әсемдігі, тіпті, Күннен де керемет болған дей ме? Бірақ Абылды көре алмаған Қабыл сияқты, Күнсұлу да Айсұлудың көркін қызғанып, бетіне қайнап тұрған ыстық суды шашып кеп жіберіпті. Айдың бетіндегі аноу дақтар содан қалған деседі. Сол ықылым заманнан бері әдемі өңіндегі қара қотырланып барып жазылған дақтарынан ұялып, Айсұлу түнде ғана, ел ұйқыға жатқанда көрінеді- мыс.
Дақ жер бетінде бар. Ол, тіпті, обырдай балалап, ұлғайып барады. Адамдар да бір-бірінің көңіліне дақ салмаса, жүре алмайтын болды. Қабылдан қалған көре алмаушылық-ай! Дақ жүректерде де бар. Өкпеде де бар. Сол дақтар неден підә, қайдан пайда болады екен, ә? Жұрт соны көруге, білуге ниетті ме өзі? Оны көретін көкірек көзі, айтатын жүрек сөзі бар ма? Өкінішке қарай, ондай сана иелері сирек, өте сирек...
***
Көңілінде қап қойған суреттерді қағазға түсіргісі келетіні де сол тұс- тұғын. Жанын желкендей желбіретіп, суретке айналғысы келетін көріністер кеудесінің түкпірінде көп, өте көп. Алдындағы қағазына телміріп біраз отырып еді, көңіліне көптен бері көшіп алған малды ауылдың қоңторғай тіршілігі қаламының ұшынан төгіліп сала берді. Ол кәдімгі қазақы киіз үй боп шықты. Қазақтың мықты суретшілерінің барлығы да осы боз үйдің шаңырағынан шыққан. Анау Әбілхан Қастеев те, сонау Орал Таңсықбаев та, тіпті, әйгілі мүсінші-суретші Хакімжан Наурызбаев та...***
Малды ауылдың баласы ең алдымен өзінің жанына етене жақын суретті салады. Мұның кейіпкерлер галереясы да өз көзімен көргендерінен, бала Дүйсенбиннің түсінік- танымдарынан тұрды. Олар: киіз үйлер, қой қоралар, аулақта жайылып жүрген малдар, есіктің алдындағы ошақтың қасында үюлі жатқан отын – баялыш атты сүйекті өсімдік, сосын ақ самаурынмен шай қайнатып жүрген ақ жаулықты анасы... Айтпақшы, әкесі киіз үйдің керегесіне зау биік сырғауылды тіреп тұрып байлап тастайтын да, оған радионың антеннасын жалғайтын. Антеннаның ұшындағы сымтемір төбесінде сәлде секілді кекіл шашағы бар молда торғайдың басына ұқсайтын. Суреттің бір «кейіпкері» сол антенна болатын. Онымен әкесі «Родина» деген радиодан ән тыңдайтын, соңғы жаңалықтарды еститін.***
Салған суреттерін газеттерге, журналдарға мектепте оқып жүргенде-ақ жолдай бастаған. Ауылдастары бар, мектептегі ұстаздары бар, мұның суреттерін ал кеп мақтайды, тіпті, көрме де жасайды. Бірақ Алматыдан шығатын газеттер мен журналдар жарқ еткізіп бір шығармай-ақ қойды. Сосын бір күні біреу: – «Жығылсаң нардан жығыл» деген, сен мына суреттеріңді Алматыға айдай бергенше, Мәскеудің тура өзіне, «Пионерская правдаға» жіберсейші», – деді. Айтқан кім екенін аңдамаққа жан-жағына қараған: ешкім көзіне шалынбады. Әкесінің үніне де, мұғалімінің даусына да ұқсамайды. Күмбірлей естілген қоңыр үннің иесі, әлде, маң даланың өзі ме екен?! Мүмкін аспандағы ай шығар құлағына сыбырлаған?! Ақыры тапты. Үн қатқан ішкі дүниесіндегі өз үні екен ышқынған.***
Бірақ Мәскеу қайда, Сарысу қайда? Хаттары қанша күн жүреді, қанша түн жатады, білмейді. Редакцияда кімдердің қолына түседі, одан да бейхабар. Әйтеуір бір күні жарқ ете қалды. Әрине, алдымен өзі, әкесі, анасы, сосын ұстаздары мәз болды. Соңында бүкіл Жайылма, Сарысу қуанды. Күндердің күнінде Тәжібай пошташы бір қоржын хат әкеліп тұр. Хаттар жер-жерден келіпті. Иелері «Құрметті Пернебай, суретің қатты ұнады. Сондай әдемі екен. Қазақ даласын өз көзімізбен көргендей болдық» деп жазады. Ол кезде «Пионерская правда» газеті КСРО деген елдің түкпір-түкпіріне 5 миллион данамен тарайтын. Бір жағы сонау Балтық елдеріне дейін жетсе, екінші жағы Қиыр Шығыстан қайтатын. Бұл – 1958 жыл еді. Суреттерін «Пионерская правда» газеті жариялаған соң, өз елінен шығатын «Дружная ребята» газеті осы уақытқа дейін шығармай жүргендеріне ұялды ма, ол да суреттерін шетінен жариялай бастады. Оның таралымы 300 мың дана болатын.***
Өстіп қиыр жайлап, шет қонған Жайылмасында жүріп жатқан. Өз қызығы мен өз әлемі өзінде. Ол қызық – кітап оқу, ол әлем – сурет салу. Әкесі мен анасы үнемі малдың соңында. Үйі де, үйелмені де малды ауыл. Пернекем күз бен қысты, көктем мен жазды өткізіп, демалысқа шыққанда ғана малды ауылға барады. Қалған уақытта ауылда. Ағайындарының үйіне жатып оқиды. Кісі үйінде жатып оқудың да өз саясаты, өз дипломатиясы бар. Сондықтан, «жаман бала» атанғысы келмей, тап- тұйнақтай боп жүреді.***
Бір күні облыс орталығынан бір кісі келді. Ауылдың басшылары өзін қошаметтеп ертіп жүр. Сөйтсе ол журналист екен. Аты – Анарбек, тегі – Айтбаев! Қауырт шақта тектен тек жүрген жоқ екен, мұның әкесі туралы жазуға кепті. «Озат шопан, мал басы аман, оны өз төлі есебінен көбейтіп, қоғам малын мыңғыртып бағып отыр» деп қаламның құдіреті жеткен жерге дейін мадақтамақ. Бірақ дастарқан басындағы әңгіме әкесінің малына емес, Пернебайдың жеке әлемі – суреттеріне ойысты да кетті. Басқа шаруаның бәрі жайына қалып, алқа қотан отырған жұрт назары мұның жазған-сызғандары мен суреттеріне ауған. Ішінде «Пионерская правда» газетіне шыққан «Малды ауылда» деген пейзажы да бар. Анарбек ағасы аң-таң. – Мәссаған, алыстағы ауылда жүріп сонау Мәскеудегі «Пионерская правда» газетіне суреті жарияланған бұл бала тегін болмады. Әкең күте тұрар, алдымен сені жазайын, – деді қалжыңдап. Он бес республиканы он орап жатқан айдаһардай КСРО деген алып елдің түкпір-түкпіріндегі оқушылардан келген хаттарды көріп, тіпті, есі шықты. Анарбек ағасы, сол жолы, мұның суреттерін де, хаттарын да пәпкесіне салып алып, қансонардан олжалы болған аңшыдай тоқ көңілмен Жамбылына қайтып кеткен.***
Бұлар малды ауылда қала берді. Бір күні Тәжібай пошташы облыстан шығатын «Еңбек туы» газетін анандайдан көрсетіп:
– Сүйінші, – дейді айғайлап, – балаң туралы мақала шығыпты. – Сүйіншіңе бір қой, әкел газетіңді тездетіп, – дейді әкесі. Анасы әкесін қостап ол да мәз-мейрам. Анарбек ағасы бұл туралы «Хаттар сыры» деген үлкен мақала жазыпты. Ішінде тынжысы бар бала тегін болмайды. Жастайынан табиғаттың тілін түсініп, сырын ұғып, сан түрлі кітаптардағы оқиғалар арасында өскен Пернебай Сарысудың Жайылмасынан шықты да, Жамбылдағы оқу орындарына аялдамастан Алматыға тартты. Бара сала Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарын тапсырды. Таңдауы – мұғалім болу. Өйткені, «ата-анаңнан кейін кімге қарызсың?» десе, ойына ұстаздары оралатын. Ұстаз болса, шәкірт тәрбиелесе, оның ішінен таланттарын танып, бағын ашса, өмірдегі ең басты бақыт сол емес пе дейтін. Айтпақшы, мектепті бітірген соң екі жыл ауыл құрылысына атсалысып, еңбек етті. Қара жұмыста жүріп ысылды, есейіп, өмірдің ащысы мен тұщысын, қиындығы мен қызығын көрді.***
Филология факультетін жаны сүйетіні – суретке әуестікпен бірге кітапты да өте көп оқыды. Одан бөлек әңгіме, өлең жазды. Олары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға жиі-жиі жарияланып та жататын. Өкімет Пернекемді сол әп-әдемі әлемінен ажыратып, 1964 жылы әскерге алды да кетті. Ол кезде әскерде табандатқан үш жыл қызмет ету керек болатын. Жастық шағының үш жылын Украина жерінде өткізді. Кішіпейіл, көпшіл, орыс тіліне де жетік жауынгер- суретшіні әскердегілер де жақсы көріп кетті. Украинадан жаңа құрбы-құрдастар тапты. Олар да бірінен кейін бірі сурет боп өмірге келе бастады. «Наташа», «Алеша» деген суреттері, міне, сол Украинада өткен әскери күндерден ұмытылмас ескерткіш боп қалды. Ол суреттер үйінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.***
Кейін сурет салу жазуға ұласты. Жазу да сурет салумен бірдей. Екеуіне де көңіл мен көкірек көзі керек. Сурет салғанда қаруың қалам болса, жазғанда тілге сүйенесің. Әскерден соң журналистика факультетін таңдағаны да сол. Суретші, әрі журналист жігітті бір күні «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза шақырып алып: – Пернебай, Ташкенттегі суретші бауырымыз Орал Таңсықбаев туралы жазып келесің бе? Бару-келу қаражатыңды береміз, – деді. Пернекем жаны қалаған жұмысқа қашанда мақұлдың адамы. Барды. Сырласты. Суреттерін көрді. Шеберханасын аралады. Келді. Жазды. Таңсықбаевты білмей келген зиялы қауым өкілдері гу ете қалды. Барғанын да, жазғанын да сүйсіне әңгіме қылды.***
Журналистің мықтылары төселе келе жазушы боп кетеді. Пернекем Сарысуына оралып, Жайылмадағы мектепке мұғалім боп орналасты. Журналист мамандығын таңдағанымен, о бастағы жүрек қалауы ұстаздық етуге құмартты да тұрды. Шәкірттердің әрқайсысы бір-бір кейіпкер. Жыл он екі ай бойы бір ауылда, оның тоғыз айында бір мектепте жүрген соң ба, мінездері санасына сіңіп қалған. Жазсаң дайын әңгіме, повесть. Тәуекел десе, «Жалын» баспасы жариялаған жабық бәйгеге қатысуға да болатындай. Пернекемнің балаларға арналған ғажайып повестері, міне, осы кезде дүниеге келе бастаған. Жазушылар қауымы аң-таң. Жыл сайын жүлде алатын бір автор пайда болды дейді бір-біріне. «Кім екен?». «Пернебай Дүйсенбин дейді». «Қайда тұрады? Алматыда ма?». «Жоға, Сарысуда». «Қай Сарысу?». «Жамбыл жақтағы Сарысу». «Ә-ә-ә... Ол жақтан кіл таланттар шығады...». «Не жазыпты, оқып көрейікші» деп оқи бастаса, Алматыда тұратын «мен» деген жазушыларыңды он орап алатын шығармашылық әлеуеті бар.***
Бірдеңе жазғым кеп, бірақ жазатын ештеңе таппай қатты қиналып жүрген жас кезім. Бір күні Жамбыл педагогикалық училищесін біраз жыл бұрын бітіріп кеткен түлектері кездесетін болып, редакторым мені сонда жұмсады. Сол жерден мақала жазуым керек. Барсам арасында Пернекем де жүр. «Бұл кісі мұнда неғып жүр?» деп ойласам, үйіндегі апамыз осы оқу орнын бітірген екен, бірге кепті. Дастарқан басында қатар отырып қалдық. Әңгіме шығармашылық жайына ауысқанда «Не жазып жүрсің?» деді. Күмілжіп үндей алмай қалдым. Үндегенде не дейім, тындырған ештеңем жоқ. Ренжісе Пернекемнің түрі сұсты боп кетеді екен. «Жазу керек, жасың да біраз жерге кеп қапты» деп, осы уақытқа дейін дым бітірмегеніме қатты налығандай болды. Жаман ұялдым. Жердің тесігі болса кіріп кетер ме едім, абырой болғанда отырған жеріміздің едендері тас екен. Содан жұртты таңғалдыратын «Не жазсам екен, ә?» деп жүргенімде Ленин көшесіндегі қаз-қатар орналасқан кітап дүкендерінен Пернекемнің «Кішкентай генералдар» деген кітабын сатып алдым. Бәйге алған шығармаларының басын топтастырып шығарыпты. Ал кеп, оқы. «Сары Сөмкеге» келгенде қатты әсерлендім. «Осылай да жазуға болады екен, ә» деп таңғалдым. Сары Сөмке, ауыл дүкенінде тұрған кәдімгі Сары Сөмке түнде, сатушы үйіне кеткен соң, оңаша қалғанда айналасындағы заттармен танысып, өзіне достар іздей бастайды. Ол достарының бәрі балаларға керекті заттар. Не деген тапқырлық!? Осылай неге жазбасқа? Бірақ кімді кейіпкер етіп алам? «Сары Сөмкені» де, «Қайсар Қара қарындашты» да Пернекемнің өзі жазып қойды. Қап, енді қайтсем екен?***
Бір күні жұмысыма кеп отырғам. Күн сенбі. Демалуды, қыдыруды құрбан ғып, бірдеңе жазбаққа ниет етіп келгем. Өйткені, сенбі күні ешкім жұмысқа келмейді. Кабинет те оңаша. Жазатын түк таппай, газет тігіндісін парақтап қарап отыр ем, Светофордың суретіне көзім түсе кеткені. 1988 жыл ғой, ол кезде Светофорды ешкім Бағдаршам деп айтпайтын. Суретші Светофорды адам сияқты салып, басына жол полициясының (ол кезде милиция дейді) фуражкасын, үстіне формасын, иығына погонын, қолына ала таяқшасын ұстатып қойыпы. Ол сол тұрысында жай тұрмай, көшеден өткен адамдарға жол көрсетіп тұр. Қуанғанымнан орнымнан ұшып тұрдым. Таптым! Осы Светофор туралы неге ертегі-повесть жазбасқа? «Сары Сөмке» де, «Қайсар Қара қарындаш» та осы Светофордың замандастары емес пе? Олар балалармен ойнағанда, олар бір-бірімен сөйлескенде, Светофорға неге өйтпеске?!***
Мамырда бастадым, маусымда жазумен отырдым, шілде айында аяқтадым-ау. Машинкамен тергенде жиырма беттей ертегі-повесть дайын болды. Атын «Елгезек Светофор және басқалар» деп қойдым. Енді мұны кімге оқытам? Ең алдымен әйелім Әминаға оқыттым. Ол орыс ертегілерін көп білетін. Бұрынғы заманғысын да, бүгінгісін де. «Біздің әдебиетте әлі мұндай ертегі жоқ» деді ол. Әйелімнің пікіріне қанағаттанбай, белгілі балалар жазушысы Мұрат Сыздыққа да оқыттым. Ол өзі негізі асықпай оқиды. Пікірін айтуды да кейінге шегеріп, ынтықтырып жүріп алады. Бірақ бұл жолы тез оқып, тез айтты. Айтпас бұрын қолымды алып, жымың-жымың етті. Қуанып қалдым. Мұрат жездемнің жымыңдағаны, құптағаны еді...***
Желтоқсан айы болатын. Жерге қар түскен. Жұмысыма ертелетіп келе жатсам, бүйір жақтан шыққан Әлдихан аға Қалдыбаев ұшыраса кетті. Ол кісі де балалар әдебиетінің үлкен өкілінің бірі. Сәлемдестім. – Жүр, бала! – деді. Соңынан ердім. Кабинетіне еніп, пальтосын шешті. Оны асықпай киім ілгішке ілді. Одан жайлап барып орындығына отырды. Содан кейін ғана маған бұрылып: – Бәйгеге бірдеңе жіберіп пе ең? – деді. – Иә. – Ендеше құтты болсын! «Жалын» баспасының екінші жүлдесін алыпты. Түнде Алматыдан жазушы Баққожа Мұқай звондап айтты. Сол күнгі қуанышымда шек жоқ еді! Намысымды жаныған Пернекеме де, оның қиялыма қанат бітірген «Сары Сөмкесіне» де ризамын! Үлкен әдебиеттің табалдырығынан аттауыма көмектескен ағаларым Әлдихан, Пернебай, Несіпбек, Асқаржан, Мұратқа да алғысым шексіз еді...***
Қазақ кино сценаристері дейміз бе, қазақ кинорежиссерлері дейміз бе, балалар туралы кітаптарды аса көп оқымайды-ау деймін. Оқыса, оқығанын көңілдеріне тоқыса, Пернекемнің ертегі-повестері мультфильмдерге сұранып тұр ғой. Басқасын айтпағанда, «Сары Сөмке және оның достары» мен «Қайсар Қара қарындаш туралы ертегі» атты шығармалары нағыз классика емес пе?! Ормандай орыс елінің балалар әдебиетін әлемге танытқан еврей жазушылары Самуил Маршак, Лазарь Лагин, Корней Чуковский, Эдурад Успенский, Анатолий Алексиннің шығармаларын мультфильмге, көркем фильмге айналдарып, қаһармандарын әлемге танытып жатқан режиссерлерден айналмайсың ба?! Біз, қазақтар, қашан сол жөйттің балалары құсап бірімізді танып, біліп, көре алар екенбіз?!***
– Әке! – Ау. – Жеріміз қандай кең, ә? – Кеңі кең ғой. Бірақ сол кең жерге сиыспай жүрген жоқпыз ба?Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді