«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инвесторларсыз жүзеге асқан сәтті жоба

Инвесторларсыз жүзеге асқан сәтті жоба
ашық дереккөз
Инвесторларсыз жүзеге асқан сәтті жоба
«Амангелді» кен орнының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Мерейтойлық салтанатты жиын «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны қызметкерлері мен кен орнының еңбек сіңірген мамандары және газ саласының ардагерлері қатысқан жиында үздік қызметкерлер марапатталды. «Амангелді» кен орны еліміздің Тәуелсіздік жылдарында іске асырылған ірі газ жобаларының бірі. Бұл кенішті игеру отандық мамандардың күшімен жүзеге асырылғанын айтқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өндіріс басшылығы мен ұжымын айтулы мерекемен құттықтады. – Отын-энергетика кешені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Өйткені, бұл сала ел экономикасының дамуында үлкен рөл атқарады. Еліміздің оңтүстік өңірлері көршілес мемлекеттен газды импорттаудан арылып, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып, отандық мамандардың кәсіби шеберлігі шыңдалды. Құрметті сала мамандары! Сіздер қиын да жауапкершілігі мол салада қызмет атқарып келесіздер. Еңбектің шынайы үлгісін көрсеттіңіздер. Сондай-ақ, кен орнының ардагерлеріне кәсіби саланың дамуына қосқан зор үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осы ретте Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы, Дәукей Серікбек Жүсіпбекұлы, Құлекеев Жақсыбек Әбдірахметұлы, Тегісбаев Анатолы Орынғалиұлы сынды ағаларымыздың есімдері бұл саланың тарихында алтын әріптермен қалатындығы сөзсіз. Газ саласы мұнай өнеркәсібімен парапар. Өздеріңіз білетіндей, мұнай-газ саласы – еліміздің экономикасының жетекші секторы. Газ саласы бүгінде қалыптасу жолынан өтіп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Көгілдір газдың халықтың үй тұрмысында отынмен қамтамасыз етуде рөлі жоғары. Кен орны құрылғалы 2012-2022 жылдар аралығында облыс қазынасына 6 миллиард теңгеден астам салық түсіріп, әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Сондай-ақ, облыс аумағында әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне демеушілік білдіріп, қолдау көрсетуде. Жалпы, «Амангелді газ» кен орнының ұжымына сәттілік тілей отырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканы дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Кәсіпорынның қызметінің әрі қарай жандануына тілектеспін, – деді Ербол Шырақпайұлы. – Амангелді кен орны – шетелдік капитал салымдары мен инвестицияларсыз, ел бюджеті есебінен жүзеге асқан сәтті жоба. Кен орны 20 жыл бойы еліміздің оңтүстік өңірлерін табиғи газбен қамтамасыз етуде және энергетика секторындағы стратегиялық маңызды кәсіпорын, – деп атап өтті Мейірбек Ихсанов. «Амангелді» кен орындары тобы облысымыздың Мойынқұм және Талас аудандарында, Тараз қаласынан солтүстікке қарай 190 километр жерде орналасқан. Аймақтағы барлау жұмыстары 1947 жылы басталды. Кен орнын пайдалану тек 2000 жылы қолға алынды. Үш жылдан соң, яғни 2003 жылы тамыз айында «Амангелді газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. 2022 жылғы 22 қазанда «QazaqGaz» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі негізінде «Qazaqgaz барлау және өндіру» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Жер қойнауын пайдалану бағытындағы жаңа жобалардың бәрі енді «QazaqGaz» барлау және өндіру» құрылымында топтасады. Бүгінде «QazaqGaz барлау және өндіру» компаниясы табиғи газдың ресурстық базасын жоспарлы түрде ұлғайтумен айналысады. Өткен жылы компания құрамына Придорожное кен орны қосылды, одан өндірілетін газ қоры шамамен 10 миллиард текше метрді құрайды. Осы жылдың соңына дейін Анабай кен орнын іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта компанияда 160 адам жұмыс істейді, 500-ге жуық қызметкер мердігерлік және сервистік ұйымдарда еңбек етуде. Кен орнының 20 жылдығына орай «QazaqGaz барлау және өндіру» кәсіпорны облыста бірқатар әлеуметтік және мәдени жобаларды жүзеге асыруда. Компания студенттерді тікелей өндірісте тәжірибе алмасу арқылы оқыту жобасын жүргізуде. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды оқыту үшін арнайы гранттар бөлді. Талас ауданының бірқатар елді мекендерінде спорт, воркаут және балалар алаңдары салынды, жолдар мен саябақтар жөнделді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар