«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әрбір адамның өмірі құнды

Әрбір адамның өмірі құнды
ашық дереккөз
Әрбір адамның өмірі құнды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Ең алдымен, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтарды оңалту және әлеуметтік қолдау тақырыбында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Жәнібек Қосжанов баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 13 пробация қызметі жұмыс істейді, оның 3-і қалалық, 10-ы аудандық пробация қызметі. Биылғы 9 айда 2939 сотталған азамат пробация қызметі есебінен өтсе, 48 қайта қылмыс жасау деректері орын алды. Ербол Қарашөкеев бұл бағыттар бойынша жұмыс төмен екенін атап өтіп, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтік оңалту жөніндегі жұмыс кешенді түрде жүргізілуін бақылауда ұстауды тапсырды. Келесі кезекте күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстары туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Үдергенов баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағында биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 695 жол- көлік оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының саны 35,4 пайызға, қаза тапқандар саны 18,5 пайызға және дене жарақатын алғандар саны 40,2 пайызға төмендеген. Жол-көлік оқиғаларының өсуіне автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі, жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі, еңбек және демалыс режимін сақтамау сеп болып отыр. Сондай-ақ, ол жол апатының алдын алу үшін полиция департаменті бастығының бастамасымен «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автожолымен жүретін көліктердің алдына түсіп, жылдамдық режимін сақтап, ілесіп жүру жұмысы күнделікті қолға алынғанын жеткізді. Аталған іс-шараға арнайы 4 автопатруль экипажы бөлінген. – Тараз қаласы, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм аудандарында жол апатынан қаза тапқандар саны артқан. Біз үшін әрбір адамның өмірі құнды. Жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Облыс орталығындағы жолдардың сапасы жақсы. Қаражат та айтарлықтай бөлінеді. Тек тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылау қажет, – деді облыс әкімі. Ал, үшінші тақырып бойынша нашақорлық және есірткі қылмысына қарсы бағытта атқарылған жұмыстар туралы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Саламатов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен 9 айда облыс аумағында 454 есірткі құқықбұзушылығы анықталған. Заңсыз айналымнан 5 тонна 198 килограмнан астам әртүрлі есірткі заттары алынды. Жиын соңында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы көтерілген тақырыптардың маңызды екенін айтып, аудан әкімдеріне мәселеге жауапкершілікпен қарауды тапсырды.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар