«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Сыбағадан» сыбағамызды алып отырмыз

 «Сыбағадан» сыбағамызды алып отырмыз
ашық дереккөз
«Сыбағадан» сыбағамызды алып отырмыз

Кенге де, жерге де бай қазақтың дархан даласы, кең сахарасы – Тәңірдің Алаш жұртына тарту еткен өлшеусіз сыйы, теңдессіз тартуы екені мәлім. Жерастының қазынасы мен әр өңірдің қайталанбас табиғи ерекшеліктерінің өзі халқымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін аспандатып тұр. Тау-тас, орман, көлдің көз тартар көркемдігін санамағанда, сайын далада егін егіп немесе мал өсірем десең де еңбегің өнеді. Тірлігің алға басады.Тек, маңдай теріңді сығымдап төгуден аянбасаң болғаны. Оның үстіне, жаңа заманда мемлекетімізде кез-келген оң бастамаға қолдау табылады. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» – демей ме халық даналығы. Оның үстіне жағрапиялық жағынан өте тиімді аймақта орналасқан біздің өңір үшін агросекторда айтулы олжаға, тамаша табыстарға жетуге мүмкіндіктер жеткілікті. Ол үшін өз ісіңе асқан жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен қарасаң болғаны. Жалпы мал бағу ата кәсібіміз болғандықтан, оның қыр-сыры бізге етене таныс. Пайдасы да көл-көсір екендігі бесенеден белгілі. Сондықтан, бұл шаруашылықпен айналысатын шулықтардың саны жылдан-жылға артып келеді, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «сыбағасын» алып, көл-көсір табысқа кенеліп жатқандар қаншама? Мұның барлығы да қоңыржай белдеуде орналасқан мамыражай халқымыздың пейіліне, ниетіне сай беріліп отырғаны сөзсіз. Ауданның шеткері аймақтарындағы қыстақтарда қысы-жазы тіршілік атаулы қызып тұрады. Өз басым 1984 жылдан бері мал шаруашылығының ісін дөңгелетіп, қор толтырып келемін. Бүгінгі таңда «Қосқұдық» орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің 2000 гектар жерін жалға алып, жұмысты барынша жандандыруға күш салып жатқан жайымыз баршылық. Төрт-түліктің кез-келгенінің өз берекесі бар. Сондықтан, ірі қараны да, ұсақ малды да қатар алу қиынға соғатын іс емес. Тек «ерінбегеннің ерніне тиеді». Биылғы санақ бойынша шаруа қожалық меншігінде 110 бас сиыр, 30 бас жылқы және 700 бас қой бар. Қысқы азығы уақтылы дайындалып, ветеринариялық бақылудан өткізіліп тұратындықтан төлдету науқанында сан соғып, бармақ тістеп қалу жоқ. Барлық жұмыс өзінің қалыбына сай бабымен жүргізіліп келеді. Бүгінде қыстақ басындағы тірліктің тізгінін екі отбасы ұстап отыр. Олар қора-қопсыны ит-құстан қорғап, малдың бабын келтірумен қатар, сол төңіректегі балық жүзбейтін кішігірім көлге өзеннен шабақ тасып, көбейтіп, суға жан бітіріп қойды. Мұның барлығы да болашаққа салынған инвестиция екенін айта кеткен жөн шығар. Мал шаруашылығы машақатты тірліктің қатарынан десек те, мемлекеттік көмек тұқымды ірілендіріп, табысты еселеуге жол ашады. Жұмысты жүйелі атқара түсуіңе септесе түседі. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал басы санын көбейткен жайымыз бар. Мәселен, 40 бас сиыр мен Қостанай қаласынан «Әулиекөл» тұқымды 5 бұқа әкелуге мүмкіндік туды. Ал, техника жағына келсек, әзірге қысқы азықты дайындау үшін қажеттінің барлығын жалға алуға тура келеді. Алайда, лизингке трактор, түктеу техникасын алуды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы жұмысты едәуір жетілдіріп, нәтижелі етуге жәрдемдесетіні анық. Алдағы уақытта сол ойымызды ретімен жүзеге асыратындығымызға сенемін. Өйткені еліміз ілгері дамыған сайын, замана көшінен біздің де қалғымыз келмейді. Мемлекеттің қуатты дамуы бізге де мол мүмкіндіктер туғызатыны анық.

Мұхтар Шілдебаев, «Мұхтар» шаруа қожалығының жетекшісі.

Ұқсас жаңалықтар