«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бабын білсең, бар істің көзін табасың

Бабын білсең, бар істің көзін табасың
ашық дереккөз
Бабын білсең, бар істің көзін табасың

Жылыжайлар саны артып келеді

Осыдан 5-6 жыл бұрын Шу ауданында бірде-бір жылыжай болмаған екен, ал бүгінде шаруа қожалық иелерінің бұл бағыттағы жұмысқа қызығушылығы артып келе жатқаны талас тудырмайтыны анық. Қазір Шу қаласында – 4, Қонаев ауылында – 1 жылыжай табысты жұмыс істеп тұр. Олардың алғашқысы 2009 жылы ашылған. Бұл жұмыстың қиюын келістіріп, қызанақ егумен айналысып жүрген «Бектібай» шаруа қожалығының иелігіндегі жылыжайдың жалпы аумағы 1,28 гектар жерді алып жатыр. Сонымен қатар, «Өмірзақ», «Ридван» шаруа қожалықтарының аудандағы иелігінде де жылыжайлар бар. 

Жаңа істің көзін тапқысы келіп, жылыжай салуға бекініп, оның ішін қандай өнімге толтырам деп, бас қатырып жүргендер қияр егумен айналысса сан соғып қалмайтыны белгілі. Бау-бақшаның бабын білген адамға бұл өнімнің тиімділігі етене таныс-ақ. Себебі, сұрыпты дұрыс таңдап, жақсылап күтіп баптаса бір түптен 5-10 келіге дейін қияр алуға мүмкіндік мол. Қатарға биыл қосылған Шу қаласындағы қос жылыжайда дәл осы өнімге орын берілген. Нұрлан Дүбіров қолға алған жұмыстың жемісті екені аңғарылады. «Мадина» жеке кәсіпкерлігінің ісін өрге домалатып отырған оның аумағы 5,5 соттықтан тұратын екі бірдей жылыжайы бар. Қазір мұнда қиярдың «Туми», «Люцина» сұрыптары жайқалып өсіп тұр. Жақын күндерде өнімді толықтай жинап, орталық базарға қолжетімді бағамен өткізуді жоспарлауда. Егін даласындағы өнімнің күйі негізінен ауа райына қарайтын болса, ал мұнда жасанды жылудың мұқият қадағаланып отыруы маңызды. Сондай-ақ, күтімнің, дәрілеудің, суарудың әдіс-тәсілдерін жақсы біліп, ережесін бұзбау шарт. Әзірге қос жылыжай қолдан жасалған пеш арқылы, яғни көмірмен жұмыс жасап жатыр. Бірақ, бұл әдісті уақыт пен қаражат үнемділігі тұрғысынан тиімді деуге келмейді. Мұндай жағдайда температураны бірқалыпты ұстап тұру да оңай шаруа емес. Десек те, «мадиналықтардың» тынымсыз еңбегінің арқасында шаруаның бабы келіп, жемісін беріп отыр. Қыстың соңына қарай мұнда қиярдың орнына қызанақ отырғызылатын болады. Жылыжай кәсібін жаңадан қолға алған азаматтың бірі – «Салима» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әділхан Тәжиев. Ол 4,5 соттық жерге 3600 түп қияр отырғызған. Жылыжай құрылысына 2 миллион теңге қаражат жұмсаған кәсіпкер өз бастамасына еш өкініп отырған жоқ. Өнім түсімі бар шығынын өтейтініне кәміл сенеді. Қазір еккен қиярларының жапырағы қылтиып қана тұрғанымен, ертеңі берекелі болатындығына расында ешкім күмән келтірмейтіні анық. Себебі, тамшылатып суару құрылғысы әр түптің тамырын нәрлендіріп тұр. Орталық қазандықтан жылу бірқалыпты беріліп, жылыжайдың ішінде жаз орнаған. Кәсіпкер бұл межемен тоқтап қалмайтындығын, сәтін салса тағы бірнеше жылыжайға жан бітіруді жоспарлап отырғандығын айтады.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар