Меңдіқыз
Xалықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Пернебай Дүйсенбин 13 қазанда 80 жасқа толады. Жуырда ол алты бөлімнен тұратын «Өмір-иірім» атты жаңаша сипатты роман-мозайкасын аяқтап, баспаға тапсырды. Жазушының мерейтойы қарсаңында біз сол романның «Тұнық иірім» атты бөліміне енген «Меңдіқыз» әңгімесін оқырмандарымызға ұсынып отырмыз. Шу өзені бойындағы Ұланбел деген ауылдағы есте қалар, сол бір тосын кездесуге де жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Иә, тосын мінезді, тосын тағдырлы жанмен тосын кездесу ойымда ұзақ сақталып қалыпты.
Онымен әрі туыс, әрі құрдас Жеңістің үйінде кездестім. Ұзын бойлы, қызыл шырайлы, малдас құрып отырғанда еш еңкіш тартпай, төр алдында денесін тіп- тік ұстап, аққұба жүзді, шырайлы, сергек отырған кісінің келбеті маған салған жерден ұнады. Сол қолы шынтақ тұсынан төмен қарай молтақ. Курск шайқасында снаряд жарықшағы отап кеткен.
Дастарқан басы көңілді болды. Сол ауылдың Ерболат деген азаматы әрі тілді, әрі әзілкеш жігіті әр алуан әңгіме айтып, отырғандарды күлдіртіп отырды. Қолы шолақ кісіні таныстырып та үлгерді. Аты Ғаппар екен. Қолы сауында ауылдағы қара үзген домбырашы әрі әнші болыпты. Құдай қосқан қосағы ауыл жастары ұйымдастырған бастаңғыда оның домбырашылығына, әншілігіне құлай ғашық болған.
Көңілді отырыс біразға созылды. Кеу- кеулесіп, бірін-бірі қолпаштаған жұрт қолындағы стакандар сыңғыры да бөлме ішін бөлекше әуенге бөлеп жатқандай. Жеңісті алыстан іздеп келген менің атыма да біраз мақтау сөз айтылып жатты. Бір кезде Ерболат:
– Ғаппар жезде домбыраңызды қолға алыңыз! Салыңыз «Аққұмыңызға».
Алыстан келген қонағымызға көрсетіңіз өнеріңді, – деді. Ол іркілген жоқ.
– Әй, Жеңіс! Әкел ана домбыраны! – деді.
Мен аң-таң халде Жеңіс қолындағы домбыраға қарап қалыппын. Басыма: «Апыр-ау, домбыраны жалғыз қолмен қалай тартпақ?» – деген күдік келді.
Бір кезде Ғаппар оң қолымен домбыра шанағын қолтығына қыса ұстап, басын молтақ қолының шынтақ иініне төседі. Сөйтті де қос ішекті қағып-қағып жіберіп, шырқата жөнелді:
Аққұмның бір қызы бар Айман атты,
Сөзі-ай бар алуан шекер балдан тәтті.
Басыма күдік сап ете қалды. Ішімнен: «Іңкәр» емес пе еді? Айманы несі?» – дедім. Әнге салғанда, домбыра қағуын кілт тоқтатты.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын өлең қылып перизатты.
– Па, шіркін! Пау деген-ой! – десіп қалды отырғандар. Ішімнен әннің аяғын дұрыстады деп ойладым.
Әннің бірінші шумағы аяқтала бере, домбыраны безілдете қағып-қағып жіберіп.
Көзімнің жанарындай сәулем едің,
Көңілімнің қуанышты дәурені едің.
Қорғаным болдың, жаным, қан майданда,
Оралып туған елге тәубе дедім.
Ән аяғын созып, ерекше екпінмен:
Игигай, гик-кай, игигай, гик-кай, гик-кай, Иги-гай, гик-кай, иги-га-а-ай! – деп домбыра шектерін қағып жіберіп, деп құлпырта аяқтағанда, отырғандар ду қол шапалақтап, шағын залдың төбесін жаңғыртып жіберді.
– Жаса, Ғаппар! Бұл кісі менің ешкімге теңгермейтін ерен жездем, Бердеш інім! Сенің келгенің мұндай жақсы болар ма?! Осынау әнді көптен-ақ сағынып жүр едік, – деп Ерболат көсіле сөйледі. Мен әрең шыдап отыр едім.
– Бұл әннің аты «Аққұм» емес пе?
– Иә, дәл солай! Бірақ біздің Ғапекеннің Іңкәрінің шын аты – Айман.
– Ол кісі де Аққұмнан ба?
– Дәл солай! Міне іргелес Талас ауданында Аққұм деген ауыл бар. Айман жеңгең дәл сол ауылдан. Мен таңдана бас шайқадым.
– Иә, біздің Ғапекеңнің Айман жеңгемізге деген ғашықтығы бөлек хикая,
Бердіш інім, – деді.
Осыдан кейін бойымды осы сырдың тарихын білсем деген бір құштарлық билеп алды. Ішімнен: «Мына жер тар болды-ау! Сыр тартып, сөйлесуге бұл жерде еш мүмкін емес!» – деп ой түйдім.
– Ғаппар жезде! Меңдіқыздың фотосы қалтаңызда ма? – деді Ерболат!
– Ай, Ерболат-ау, мен ол суретті өлгенде көрге өзіммен бірге ала кетемін деген жоқпын ба саған баяғыда.
– Пай, деген-ай! Әттең ақын емеспін! Сіздің Меңдіқызға деген махаббатыңызға арнап дастан шығарар едім. Мен одан әрі аң-таң болдым. Айманы кім? Меңдіқызы кім? Тап осы тұста Ерболатқа сұрақ қойғым келіп кетті. Бірақ мына ду-дудың ортасында өзімді-өзім еріксіз тежедім.
– Ассалаумағалейкүм, Ғапеке! – деп сәлем бердім. Ол жалт қарап:
– Осы отырыстың ертеңіне Жеңіс туысым бір шаруалармен Фурмановкаға ерте тұрып кеткен екен. Сәл кештеу тұрып, бір-екі кесе шайымды ішіп, сыртқа шықтым. Сөйтсем сонадай жерде, Шудың жарлауыт жағасында тұрған Ғаппарды көрдім. Назарын көпірден әрі де жатқан ауыл тұсқа тастапты. Мен ақырын, аяңдай басып келдім де:
– Уағалейкүмәссәләм! – деп сәлемімді күлімсірей алды да: – Иә, қонақ бала, әлі осындай екенсің ғой, – деді.
– Иә, осындамын ғой, – деп жүзіне жылушырай көз тастап: – Қайтуым да керек еді. Бірақ сіздің айтқан «Аққұмыңызды» тағы бір рет тыңдағым кеп аландап жүргенім, – деп сөзімді әзілге шаптырдым. Ол қарқылдай күліп:
– Немене сонша, айтқаным сондай ұнады ма? – деді.
– Ұнағанда қандай! Сіздің осы әніңізде бір жұмбақ сыр жатқан сияқты. Соның құпиясы менің ойыма тыншу бермей қойды... Ол:
– Әне, бұл журналист дегендер қызық халық қой. Бірдеңенің ұшығы құлағына тисе, елеңдеп шыға келеді. Жеңіс ештеңе деген жоқ па?
– Ғапеке ау, ол бауырым сөзге шорқақ, сараң жан ғой. Жарытып ештеңе айтпады. Әріл-берілі түртпектеп едім, өзінен сұрап білсеңші деп құтылды. Бар айтқаны Айман дегені де, Меңдіқыз дегені де бір адам деді.
Ғаппар маған күлімсірей қарады. Оның оң езуінің шұқанағына күлкі ұялай қалды. Кенет кілт бұрылды да:
– Қазір, міне, үйге кіріп шығайын. Сәл күте тұр, – деді.
Аз-кем уақыттан соң басына топы киіп, үстіне оюлы барқыт шапан киіп, қайта шықты. Маған қарап ақсия күліп:
– Түскі асты біздікінен ішесің, – деді кесімді түрде. Жүр, Шу бойымен жағалап, біраз серуендеп қайтайық, – деді. Мен қуанып кеттім.
– Бүгін күн де тамылжып тұр екен. Жарықтық мамыр айы жанға да, малға да жайлы ғой, – деді айналасына сүйсіне қарап. Шынында да арнасына толып ағып жатқан Шу да, қос қанатына қаптай өскен жиде ағаштары да, қызғылтым күлтелері көз арбаған жыңғылдары да, мөп-мөлдір көкпеңбек аспанмен қалқи жүзіп бара жатқан қадау-қадау ақша бұлттары да жаныңды жадыратады. Әрлі-берлі су бетін жанай ұшып жүрген шағалалардың сырнайлатқан үндері де құлаққа сүйкімді естіледі.
– Иә, інім, Жеңістің айтқаны рас. Әлгі әнге қосып айтқан Айман да, Меңдіқыз да бір адам. Өзің де жас болдың ғой?
– Иә. Ғалеке!
– Қазір қаншадасың?
– Осы қазанда отызға толам.
– Дұрыс. Әлі тұғырдан тайған жоқсыңдар. Менен он сегіз жас кішісің. Бірақ сен соғысты көрген жоқсың.
– Иә, иә, сіз соғысып жүргенде, біз бесікте іңгәлап жатқанбыз, Ғалеке!
– Ал біз он сегізге толғанда, сол қаңқасаптың бел ортасында жүрдік. Ауылдан аттандық. Мектеп бітірген жылы мына Таластың Ақкөл деген ауылына бардым. Сонда шешемнің туған інісі Мәмбет ағам тұратын. Туған нағашым ғой. Марқұм елде жоқ аңқылдаған кісі еді. Мені жанындай жақсы көрді. Өзі тәп-тәуір домбыра тартып, ән де айта, алатын. Оқу бітісімен бар аңсарым сол нағашымның ауылына ауып тұратын. Соғыс басталатын жылы мектептегі сабағым аяқталысымен нағашымдікіне тарттым. Сол үйге көрші тұратын Назымбек деген кісінің қызы бар еді. Өзі менен бір класс төмен оқиды екен. Нағашымның қызы Гүлдар екеуі әрі құрдас, әрі жолдас. Бір класта оқиды. Жасыратыны жоқ, сол қызға көңілім құлай ауды. Аты Айман. Өзі сондай сүйкімді. Көзі жалт-жұлт етіп тұрады. Мінезі ашық-жарқын. Сыңғырлаған күлкісі қандай. Әлгі үйірлі жылқы ұстайтын бір кісілер болады емес пе. Сол жылқы иесі ырым етіп, алғашқы туған құлынның мойнына жеп-жеңіл жез қоңырау тағып қоятыны бар ғой. Күлген күлкісі тура сол сыңғырлаған қоңыраудай. Өзі аздап ән де айтады. Мен домбыра тартамын. Нағашымның: «Менің жиенім маған тартқан-ау! Осының домбыра шертісіне ризамын», – деп көтермелеп қоятыны бар еді жарықтық. Гүлдар да құралақан емес.
Үшеуміз домбыраға қосылып ән саламыз. Айтуға жеңіл, ойнақы әуенді «Сәулем-айды» сүйіп айтамыз. Адамның көзі ұры ғой. Әнді айтып отырып, Айманға баспалап көз тастаймын. Оң жақ бетінің ұшындағы дөп-дөңгелек мең менің ауруыма айналды. Неге екенін білмеймін, сол меңде бір сиқыр жатқандай. Қызығы, алғашқы кездегідей емес, өз-өзімнен қуыстанамын. Жүзіне қарай бергім келеді. Домбыра тартып отырғанда, күйімнен жаңылып қалатынды шығардым.
Бір күні нағашыма тыстан келген біреудің жолыққанын көрдім. Ол іргеде домбыра тартып отырған маған келіп:
– Ана әкең қайтсын деп жатыр, – деді. Мен:
– Жай ма? – деппін сасқанымнан. Ол күліп:
– Е, жай болушы ма еді. Қора жөндейміз депті, – деді.
Осы xабардың маған сондай жайсыз тигенін айтпасаң да түсінерсің. Айманды қалай қиып кетерімді білмей сенделіп қалдым. Ішім жидіп ауырды.
– Немен қайтам? – дедім қиналған үнмен.
– Ертең осы ауылдан бір мәшине жүрмек екен. Әкеңнің әлгі танысы соған салып жіберем деді.
Ішімнен: «Е, сол мәшине бұзылып қалып, жүрмей қалса екен» деп тіледім. Өн бойымды көңілсіздік билеп алды. Гүлдар де менің жайымды ұғып отыр. Қыздардың іші қу емес пе, менің сыртқа шығармаған сезімімді айтпай-ақ ұғып жүр. Ол өзі Аймандай онша ашық емес. Кейде Гүлдармен Айман турасында ойымды білдіргім де келді. Бірақ осыны айтуға батылдығым жетпеді. Гүлдар да менің үйде бола түскеніме ықыласты.
Төргі үйде ағаш кереует үстінде домбыра шертіп отырғанмын. Белгілі бір әнге салсам болғаны, өзінен-өзі аяғы мұңлылау үнге ұласып кете береді.
Гүлдар ішке кірді. Қатарыма отырды да:
– Кешке Айман үшеуміз Асаның жағасына қыдырып қайтайық, – деді. Қуанғанымнан Гүлдарды құшақтай алып, маңдайынан сүйдім. Жүрегім атқақтай соқты. Екі бетім дуылдап кетті. Домбыраны қабырғаға сүйей салдым. Орнымнан атып тұрдым. Бөлме ішінде теңселіп жүріп кеттім.
Ал кеш батсайшы. Сыртқа бір кірем, бір шығам. Гүлдардың анасы:
– Жиен-ау! Не болған саған? – деп күліп қойды. Сонымен қойшы, зарықтырған кеш те батты. Маужыратқан маусым айының түні қандай, тамылжып тұр. Әлгі ән-жырда айтылатындай, ай да оңынан туып тұр. Үшеуміз қатар жүріп отырдық. Әр нәрсенің басын бір шаламыз. Екеуінің ортасында мен келе жаттым. Гүлдар мені қолтықтап алды да, күліп:
– Ғаппар неге сөйлемей келесің? – деді. Мен әзілдегендей болып:
– Мен екеуіңді тыңдағым келіп тұр, – дедім. Айман күлген болды. Ол оң жағымда келе жатқан. Батылдығым ұстап кетті. Ақырын ғана қолынан ұстадым. Тұла бойым шым етіп, бір ыстық леп өн бойымды желпіп өткендей болды. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Мұрнымның ұшына дейін шымырлап, қоя берді. Бұрылып жүзіне көз салдым. Ол ақырын маған бұрылып қарады. Айлы түнде адамның бет құбылысы анық аңғарылмайды ғой. Бірақ ай сәулесіне шағыла жалт еткен жанарынан ескен жылы шуақ мені шомылдырып өткендей сезіндім. Біраз жүріп келіп, Асаның жағасына отырдық. Ортасында менмін. Гүлдар күліп:
– Ғаппар, кеше айтқан өлеңіңді айтшы. Аяғын тыңдай алмай қалдым. Сол мен кіргенде, әніңді кілт тоқтаттың ғой, – деді. Мен қысылып қалдым. Онысы рас еді. Домбыраны қолға алып, ыңылдап айтып отырғаным шын еді.
– Қай ән? деймін түк білмегенсіп.
«Аққұм» ше? Бұлтара алмадым. Естіп қойыпты Гүлдар.
Аққұмның бір қызы бар Айман атты,
Сөзі-ай бар алуан шекер балдан тәтті.
«Іңкәрдің» орнына «Айман» деп айтқан ұрлығым ашылды.
Күндіз болса, менің қып-қызыл болған бетім айқын көрінетін еді. Түн болғаны абырой болды. Гүлдар сықылықтай күліп Айманға:
– Білесің бе, Айман! Мына Ғаппардың сенің атыңды әнге қосқанын, – деді
– Мені ме? – деді таңдана.
– Иә, сені! – деді Гүлдар көңілді үнмен.
– Қойшы, Гүлдар! Қалай? – деп жатты Айман.
Ұзын сөздің қысқасы, Гүлдар қанша қыштаса да, мен сол түні «Аққұмды» айта алмаған күйі Ұланбелге аттандым. Күзде әскерге шақырылдым. Әскерден елге xат жолдаймын. Мен Гүлдарға xат жаздым. Сол xаттың ішіне Айманға арнаған xатты салдым.
Аққұманның бір қызы бар Айман атты,
Сөзі бар алуан шекер балдан тәтті,– деген өлеңді тұтасымен тәуекел етіп жолдап жібердім. Көп ұзамай Гүлдардан xат алдым. Xат ішінде Айманның қысқа ғана жазған xаты қоса келді. «Ғаппар, ілтипатыңа рахмет! Бақытты бол! Борышыңды атқарып, елге аман- есен оралуына тілектеспін! Сәлеммен Айман!» – депті xатында. Сондағы менің қуанғанымды көрсең ғой. Төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Бүкіл дүние маған күле қарап, айналамның бәрі ажарланып сала бергендей. Ротамыздағы түсі суық, қабағына қырау қатып жүретін старшинамыз Графский деген болған. Тіпті, соның салқын қабағы да сүйкімді болып көрініп кетті. Осы xаттан соң батылдана бастадым. Гүлдардан екеуінің бірге түскен суретін сұраттым. Не айтатыны бар, сол хатты менің қанша уақыт тағатсыздана күтіп жүргенімді білсең ғой. Ай өтті, бір жарым ай өтті. Xат жоқ. Өн бойымды көңілсіздік басты. Бір күн батальондағы xат таситын Тищенко деген солдат қолын артына ұстап: «Кәне, билеп бер, әйтпесе xат берілмейді», – деп xатты көз алдыма ойнатып ұстап тұрды. Жымың-жымың етеді. Хат сыртындағы «Назымбекова Гүлдар» деген жазуды көзім шалды. Көңілім алабұртып, xат қолыма тигенше, тағат таппадым. Сол бір сәт менің көз алдымнан әлі күнге дейін еш кетпейді. Гүлдар менің тапсырмамды екі есе орындапты. Екеуінің бірге түскен суретін де, жеке түскен суреттерін де салып жіберіпті. Айман қос бұрымын қосақтап, алдына сап, ерекше күлімсіреп түсіпті. Екеуінің бетінен сүйіп жатырмын. Айманның сүйкімді жүзін бетіме қайта- қайта басып, қайта-қайта сүйемін.
Үш суреттің сыртынан қатырма қапшық жасап, гимнастеркамның төс қалтасына салып қойдым. Оңаша сәт туса болды, сол суреттерге қайта- қайта қараймын. Жасыратыны не бар, Айманның суретіне көбірек сүзілемін. Кейде өз тірлігіме өзімнің күлкім келеді. Тап бір жанды Айманды құшақтағандай күйге еніп, тамағынан иіскеп, бетінен сүйетінімді қайтерсің.
Содан не керек, сөйтіп жүргенде соғыс басталсын да кетсін. Дүниенің үсті астына келді. Бір-ақ сәтте кең дүние тарылып, қусырылып сала берді. Біздің әскери бөлімді резервте ұстады. Ұрыс даласынан шалғайдамыз. Мұрнымызға оқ дәрісінің иісі әлі жете қойған жоқ. Күн сайын дайындық, соғыс қимылдары жағдайына бейімделе бастадық. Тірі жан болған соң не алуан ойға берілесің. Елде әке-шешеміздің қан сиіп отырғанын ойлаймыз. Бес грамдық қорғасын оқтың талайдың қыршынын қиып жатқанын естіп жатырмыз. Қызыл әскердің ұрыс салып, шегініп келе жатқан xабарын саяси жетекшілердің күнделікті xабарламасынан естіп жатамыз. Өлім туралы ойлар да, пенде болған соң көңіліңді қобалжытып,өн бойыңа қорқыныш ұялатқан бірі келіп, бірі кетіп жатады ғой.
Сөйтіп жүріп те елді ойлайсың. Ата- анаңды ойлайсың. Мен төс қалтамда киедей көріп сақтап жүрген суреттерді оңаша-оңашада қарап, көңіл жұбатамын.
1941 жылдың қарашасында алғаш рет ұрысқа қатыстым. Әлгі атақты Волоколамск маңында болған қанды шайқастың ішінде болдым. Осы ұрыста өзіммен бірге дайындықта болған екі жігіт оққа ұшып, үш-төртеуі жарақат алды. Неге екенін білмеймін, винтовкамен атысып жатқанда да, қолым әлгі төс қалтамды ебін тауып, бір сипап кететінім әдетке айналды. Сол төс қалтамдағы Айманның маған оқ дарытпайтын бір киесі бардай көрінді. Төрт-бес рет қанқасап ұрысқа түстім. Бәрінен де аман шығып жүрдім, жарақат та алмадым. Тек бір рет басымдағы каскаға оқ жанай тиді. Бүйірлеп майыстырды. Қорқып кеттім. Әлдеқалай қақ маңдайдан тисе қалай болар еді деп қауіпті күдік алғаным рас.
Бірде окоп қазып жатып, әбден шаршап, аз-кем үзіліс жасағанбыз. Котелоктатағы ыстық ботқаны жартылай жеген күйі қалғып кетіппін. Түсіме Айман кіріпті. Маған күлімсірей қарап қалыпты. Аса өзеннің жағасында тұр екен. Маған дауыстап: «Ғаппар, «Ақққұмды» айтшы. Дауысыңды сағынып жүрмін», – деді. Взвод командирінің: «Жұмысты жалғастырыңдар!» деген қатты дауысынан оянып кеттім. Неге екенін білмеймін, қолым гимнастерканың қалтасын қармалап жатыр. Котелоктағы қалған ботқаны қалайы қасықпен бір-екі қарбыта асап-асап алдым да, қақпағын жаптым. Қолыма сапер күрегін алып, іске кірістім.
Кенет аспан асты алай-түлей болды да кетті. Ысқырған снарядтар маңымызға жарыла бастады. Көкке шапшуылдай көтерілген топырақ шымылдықтар аспанды тұмшалады.
Неміс артиллериясы біздің қорғаныс шебімізді біраз төмпештеді. Окоп түбіне бұға түсіп, бас қорғап жатырмыз. Қолым еріксіз төс қалта тұсын еріксіз сипалай берді. Артынша біздің зеңбіректер де үн қата бастады. Кенет көзімнің оты жарық етті. Сұрапыл соққы сол қолымның білезік тұсынан жоғары паршалап кеткенін білдім. «Ах!» деп шыңғыра айқайлап жібергенімді білемін. Қолымнан винтовкам түсіп кетті. Сол қолымды ұстаған күйі, окоп түбіне сылқ құлап түстім. Есімнен танып қалыппын...
Сонымен, Саратов қаласындағы госпитальде емделдім. Үш ай шамасында жаттым. Тағдыр ғой барлығы. Алдыңғы қатысқан ұрыстарда бір оқ дарымаған денем ауыр жарақат алды. Сол қолымның білезік тұсынан жоғары кесіп тастады. Адам қызық қой, қаңқасаптан тірі қалғанды көңілге медет тұтады екенсің. Ойлап отырып салыстырасың. Елден келген xаттан білгенім, менімен бірге әскерге алынған ауылдың екі жігітіне қара қағаз келіпті. Ішім қан жылады. Қолдан келер не шара бар?! Тай құлындай тебісіп, ойнап өскен құрдастар еді. Одан қала бере пендешілік ойға берілесің. Ауыр жарақат алсаң да, жаның тірі. Бірақ домбыра мойнымен перне қуалап ойнайтын бес саусақтан бірдей айырылу жаңына батудай-ақ батады екен.
Сол Саратовтан үйге де, Гүлдарға да xатты боратып жазамын. Үйдегілер жаныңның аман қалғанына олжа деп жұбатады. Бар жағдайды баяндап, Гүлдардың өзіне xат жаздым. Бұрын Гүлдар арқылы Айманға да xат жазып тұратын едім ғой. Бұл жолы xат тек Гүлдардың өзіне ғана арналды. Бір сөзбен айтқанда, xат мұң сарынмен жазылды. Айманның мендей мүгедек жан менсінуі мүмкін еместігі баян етілді. Жігітпін ғой. Өзімді қанша бекем ұстаймын десем де, көңілім босап кетеді. Айманның суретін ұстап отырып, молтық қолыммен бетінен сипалаймын. Оның алдында өзімді кінәлі жандай сезіндім. Бес рет ұрысқа кіргенімде, денеме қылау түспей аман-есен шықтым. Әр ұрыс алдында, көзтасалау сәтті пайдаланып, Айманның суретін ұстап сүйіп, бетіме басатынмын. Ішімнен күбір етіп: «Сенің періште пейіл көңілің мені оқтан қорғап, қалқан болсын», – деп тілейтінмін.
Ауыр жарақаттан есімді жидым. Басыма келген алғашқы ой «Қай тұстан мүлт кеттім екен? Суретің сақтаулы төс қалтамды аялап сипауым кем болды ма?!». Одан соң өзімді-өзім ақтайтын дәлел тапқандай болам. Табан асты басталған астан-кестен ұрыста кейде түсімде сипап үлгермей қалдым ба деймін. Күніге елек іздеймін. Елден xат сиректеу болса да келіп жатты. Бірақ көпке дейін Гүлдардан xат келмей зарықтырды. Басымды небір көңілсіз ойлар шырмап алды. Менің xабарымды Айманға жеткізгенін ойша бағамдаймын.
Содан бір күні Гүлдардан xат келді. Хаты ашарын ашсам да, қобалжып бірденінен оқи жөнелуге жүрексіндім. Қолымда қыса ұстаған xат қолға енді ғана үйренген көгершіндей үргедектеп, діріл қағады. Хатты жүрексіне ашып оқи бастадым. Нағашы қарындасым біраз жұбату, қолдау сөзін жазыпты. Xаттың соңғы бетіне назарым түсіп кетті. Көзіме оттай басылды. Айманның әдемі маржандай қолы. Сенер-сенбесімді білмей қалдым. «Ғаппар, сау-саламаттықта бол. Ең үлкен олжаң – жаның аман. Жігітсің ғой. Болашағың алда, жігеріңді қайра! Біз сені күтеміз! Айман, Гүлдар» депті. Бір қызығы «Айман» деген сөзден кейін «Гүлдар» өз атын қолымен жазыпты. Көзімнен жас ытқып кетіп Гүлдарды: «Оу, ақкөңіл, ала көйлек жанкүйер қарындасым-ау! деп жатырмын. Жүрек тұсымдағы суретті сипалай беріппін. Одан соң терсіңді болған қағаз қалтадан қос суретті алып, екеуінің де беттерінен сүйе беріппін...
Әңгіме ұзаққа созылып, талай жайттардың басы қайтарылды. Соғыстан келген соң Алматыдағы пединституттың тіл, әдебиет факультетін сырттай оқып, бітіргенін, ауылында мұғалім болып істеп жатқанын, әйелінің медбике болып істейтінін білдім.
Бір кезде әудем жерден ұзын бойлы бала жігіт бізге қарай келе жатты. Қатарыма келіп, маған ілтипатпен сәлем берді.
– Сіздерді Меңді апам тамақ дайын болды деп шақырып жатыр, – деді. Ғаппар иегімен нұсқап:
– Қанат деген сүткенжем ғой. Балаларының барлығы анасын «Менді апа» деп атайды, – деді ақсия күліп.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді