Ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие

Ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие
ашық дереккөз
Ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие
«Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деп аяулы ұстаздардың үрметін үстемелеп және «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім» деп абыройын асқақтатқан Мағжан Жұмабаевтың маржан сөзі ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да. Себебі, ұлағатты ұстаздарға күллі адамзат баласы қарыздар. Ешкіммен санаспай, ертеңгі күнге ентелеген бүгінгідей уақытта да ұстаздардың қадірі тұғырдан түсіп, төрден төмендеген жоқ. Ұстаздар күні мерекесіне орай «Баласағұн» орталық концерт залында өткен мерекелік шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, ұлт болашағы, ұрпақ келешегі жолындағы жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген ұстаздар қауымын құттықтады. Айтулы сәтте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ұстанымы биік, ұлағаты мол ұстаздар қауымының ұрпақтың санасына білімнің шамшырағын жағудағы тағылымды ісі мен жетістіктеріне жіті тоқталып өтті. – Мемлекет басшысы өз сөзінде «Ұстаздық – ең асыл мамандық. Біз мұғалімдерді құрметтейміз, өйткені олар жоғары деңгейдегі тұлға. Елімізде ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие», – деп атап өткен болатын. Президентіміз қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң барша мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталды. Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалау, жыл сайын олардың еңбекақысын көтеру, біліктіліктерін арттыру және жұмыстарын жеңілдету шаралары қабылдануда. Педагогтердің алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалуда. Оқушы зердесіне асылды дарытып, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны болып жүрген ұстаздардың еңбегі орасан. Ағымдағы жылы 14 жамбылдық ұстаз республикалық, 31 ұстаз халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Халықаралық академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында педагогтер командалық есепте республикада II орынды иеленді. Ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2012 жылдан бері облыстың 41 педагогі республикада «Үздік педагог» атағын иеленіп келеді. – Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Өткен оқу жылының өзінде дарынды оқушыларымыздың республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда «Ең үздік команда» атануы, ПИРЛС халықаралық зерттеуінде облысымыздың оқушылары республика бойынша ІІ орынды иеленуі – облыс ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білемін. Бұл облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін тағы бір дәлелдей түседі. Ұстаз атты ұлы есімге лайықты ие бола білген осындай аяулы тұлғаларға қандай ілтипатты сөз айтсақ да жарасады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде десек, сіздер тәрбиелеген шәкірттер – еліміздің ертеңгі алтын діңгегі. Осы сәтті пайдалана отырып, мен облысымыздың білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан 40 мыңға жуық мұғалімдерге өз алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да педагог мамандарға, жалпы білім беру ісіне жүйелі қолдау көрсету ісі жалғаса беретін болады, – деді облыс әкімі. Мерекелік жиында Ербол Қарашөкеев өңірімізде білім және денсаулық сақтау салаларына өзгерістер енгізу бойынша жоспарларымен бөлісті. Бұдан былай мектеп, колледж директорларының және ауруханалардың бас дәрігерлерінің бос лауазымдарына конкурс әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі. Білім және денсаулық сақтау салаларында облыстық деңгейде кадр резерві құрылады. Оның үміткерлері болашақта директор, салаға қатысты мекемелердің басшысы бола алады. Салтанатты жиын марапаттау рәсіміне ұласты. Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Забида Ахмедоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» жоғары атағы берілді. Сондай-ақ, облыстың білім саласының дамуына зор үлес қосқан ұстаздар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Өңірдегі білім ұяларының дамуына саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздарға 100 мың және 150 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Мерекелік шара Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар