Зауыт жұмысшыларының мүддесі алдыңғы орында
Жауапкершілігі зор, жүгі ауыр саланың бірі – өндіріс ошағындағы кәсіподақ жұмысы. Өйткені, жұмыс ауқымы көп, қауіп пен қатерге толы өндіріс ошағындағы әрбір адамның мүддесі бәрінен құнды. Бүгінгі таңда «Жаңа Жамбыл Фосфор зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл филиалдық «Фосфор зауытының» кәсіподақ ұйымына 2608 адам мүше. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында зауытта 8 еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға орын алды. Оның әрбірі мұқият тексеріліп, жұмыс үстінде зардап шеккен әрбір жұмысшыға материалдық көмек көрсетілді. Бұл мақсатта кәсіподақ қорынан 1 миллион 300 мың теңге қаржы бөлінді. Кәсіподақ ұйымына аталған мерзімде 63 арыз-шағым түсті. Барлығына уақтылы жауап берілді. Осы арыз-шағымдардың негізінде бірсыпыра мәселе оң шешімін тапты. Сол арыздың бірінде зауыт территориясынан тыс жерде орналасқан 19 цехта суықтан қорғанатын жылы орынның жоқтығы айтылған еді. Бұл мәселе бүгінгі таңда кәсіподақтың араласуымен шешімін тауып отыр. Осы сияқты 2-ші және 5-ші цехтың жұмыс орнындағы аппаратшылардың бөлмелері күрделі жөндеуден өткізілді.
Бұдан басқа да мәселелер жұмыс барысында рет-ретімен шешімін тапты. Соның бірі – зауыт жұмысшыларын бір реттік түскі аспен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ауысым уақыты 24 сағатқа созылатын №5 цехтың қызметкерлері тегін түскі және кешкі аспен қамтамасыз етілуде. Жұмысшылар тасымалына арнайы автобус бөлінді. Жаз айларында жұмысшылардың ыстықтан қорғануы үшін 4 асхана залы мен бірнеше жұмыс бөлмесіне 88 кондиционер орнатылды.
Зауыт қызметкерлеріне арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге 5 миллион 575 мың теңге бөлініп, бірде-бір мереке ескерусіз қалмады. Сондай-ақ, сауықтыру орындарына жолдама беру арқылы сауықтыру шаралары да жоспарға сәйкес ұйымдастырылды. Зауыт қызметкерлері өзіміздің «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінен бөлек, Самал, ГРЭС және Меркінің емдеу-сауықтыру кешендеріне демалуға мүмкіндік алды. Аталған шипажайларға 241 жолдама берілді. Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелерінің 148 баласы жазғы сауықтыру лагеріне демалуға мүмкіндік алды.
Кәсіподақ мүшелеріне қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуге кәсіподақ қорынан 9 миллион 640 мың теңге, денсаулығын түзеу үшін 1 миллион 480 мың теңге жұмсалды. Кәсіподақ мүшелерінің өздеріне және жақындары қайтыс болған жағдайда да тиісті көмектер көрсетіліп отырды. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелері жұмысқа уақытша жарамсыз болып қалған жағдайда оларға материалдық көмек беріліп келеді.
Кәсіподақ мүшелерін қаржылай қолдау біздің бірлестік қызметінде маңызды рөл атқарады, алайда жұмыс жемістілігінің басты кепілі – ол компания қызметкерлерінің бұқаралығы мен ұйымшылдығы. Осы жылдың қаңтар айынан бастап барлық есептеулерді ескере отырып, кәсіпорын басшылығы әрбір жұмысшының жалақысына 50 мың теңге, ал маусым айынан бастап 30 мың теңге қосты. Жұмысшыларға қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуге жұмыс берушінің қорынан 15 миллионнан аса теңге жұмсалды. Қорыта айтқанда, зауыт жұмысшылары қажетті барлық көмекті алып қана қоймай, демалуларына да мүмкіндік жасалуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
Ерлан МОЛДАБАЕВ,
«Қазфосфат» ЖШС «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді