«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аудандағы экономикалық жағдай тұрақты

Аудандағы экономикалық жағдай тұрақты
ашық дереккөз
Аудандағы экономикалық жағдай тұрақты
Әлемдік додаларда елдің абыройын арттырған спортшы саңлақтарымен, өнерпаздарымен аты әйгілі Тұрар Рысқұлов ауданы тамылжыған табиғатымен де көптің назарында десек, артық емес. Сонау 1960 жылдан бері Абсенттей арғымағымен бұл ауданның аты асыл тұқымды жылқы өсіру, сәйгүлік баптау шаруашылығымен де көпке мәлім. Ертедегі Ұлы Жібек жолы бойындағы Құлан қаласымен тарихы бай аймақта қазіргі уақытта да игі істер баршылық. Биылғы қаңтар-тамыз айы аралығында ауданда жалпы шығарылған өнім көлемі 41974,4 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1089,8 миллион теңгеге артық өнімге қол жеткізген. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, биылғы сегіз айда ауданның өнеркәсібінде 11,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көлем индексi өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,1 пайызды құрапты. – Ауданымыздың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Бұл салада өндiрiлген өнiм көлемі болжаммен 20,2 миллиард теңгенi құрады. Ал, инвестицияға келсек, жыл басынан бері негізгі капиталға жалпы көлемі 16,2 миллиард теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылдың сегіз айдағы көрсеткішімен салыстырғанда 153 пайызға орындалғанын көрсетті. Аудан шаруашылықтары биылғы мал қыстату науқанына жеткілікті көлемде қажетті мал азығын дайындауға 18 бригада жасақталып, мал азығын дайындау жұмыстарын мамыр айында бастады. Барлық ауыл округі әкімдеріне биыл өте құрғақшылық болғанының салдарынан, тау бөктерінен, арық жағалауынан, шабындықтардан шөп дайындау керектігі ескертілді. Әр ауыл округтеріне мал азығын дайындау бойынша индикаторлық тапсырмалар бекітіліп, аудан бойынша 245 мың тонна шөп, 48 мың тонна сабан, 60 мың тонна құнарлы жем дайындау межеленді. Қыркүйек айының соңында аудан бойынша 32700 гектар шабылатын жерден, яғни 9400 гектар жоңышқалық, 19600 гектар табиғи шабындық жерден барлығы 245150 тонна шөп (100,1 пайыз), 50500 тонна сабан (105,2 пайыз), жетпіс мың тонна құнарлы азық, жем дайындалды. Мал азығын дайындау науқанында 12 дана шөп оратын «Герман», 18 дана шөп шалғы, 20 әртүрлі шөп тайлағыш, 38 дана тіркемесімен тракторлар қатысты. Сонымен қатар, Мойынқұм және Шу аудандарынан шабындық жерлер сұралып, сырттан шөп дайындауға үш бригада шықты. Барлық ауылдық округ әкімдіктеріне мал азығын дайындауда, өрт қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігі, қажетті соқалы техникалардың, өрт сөндіруге қажетті құралдардың дайын болуы және егістіктерге «опашка» жүргізу керетігі туралы ескертілген хат жолданды. Науқандық жұмыстардың барысы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары тарапынан күнделікті бақылауда болды, – дейді аудан әкімі Ернар Есіркепов. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев бұл саладағы атқарылған жұмыстарды тарқата түсті. Оның айтуынша, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен тапсырмасы бойынша биыл ауданда егілуге тиісті егістік алқап 143375 гектар болса, аудан диханшылары 148476 гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, тапсырма 103,5 пайызға, яғни 5101 гектарға артық орындалған. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар жоспардағы 113481 гектардың орнына 122458 гектарға егіліп, тапсырма артығымен жүзеге асырылған. Оның ішінде барлық бидай 66904 гектар егіліп, 4705 гектар артық себіліпті. Жаздық арпа 55272 гектар, дәндік жүгері 281,9 гектар, майлы дақылдар 10200 гектар, қант қызылшасы 550 гектар, картоп 717 гектар, 1137 гектар көкөніс және бақша дақылдары, 11414 гектар мал азығы дақылдары егіліп, 1884 гектарға таза пар айдалған. Себілген тұқымдардан ІІІ- ші репродукциядан төмен тұқым себілмеген. Сондай-ақ, аудандық тұқым зертханасынан тексеруден өтіп, өскіндігі анықталып, себілу керектігі барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне ескертіліп, қатаң бақылауға алыныпты. Тұқым себу науқаны кезінде қажетті ауыл шаруашылығы техникалары мен жанар- жағармайдан жетіспеушілік болмаған. Ауданға бекітілген оператор арқылы литрі 209 теңгеден ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысына қарай уақтылы таратылған. Оңтайлы мерзімде тұқымдар себілген. Егістік жерлердегі топырақтың құнарлылығын жақсарту арқылы егілген дақылдардың өнімділігін арттыру мақсатында биыл аудан бойынша 103 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 5936,8 тонна минералды тыңайтқыштарға сұраныс беріп, нақты 4710,4 тоннасы а лынған. Минералды тыңайтқыштың қажет уақытында болмауынан мерзімі өтіп, екі жарым мың тонна минералды тыңайтқыштарға келісімшартқа қайта тұрған. Бүгінгі күнге 7210 тонна минералды тыңайтқыштар енгізіліпті. Бұл облыс бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі. Аудан диханшылары биылғы өнімге 122176 гектар масақты дақылдарды еккен. Нақтырақ айтқанда, 66904 гектар күздік бидай, 55272 гектар жаздық арпа егіліп, аудан диханшылары егін орағы науқанын облыста алғашқылардың бірі болып бастаған. Егін орағына 208 егін комбайны, 48 дана өртке қарсы соқалы техника, 37 дана қызметші автокөлік, дән тасымалдауға 68 автокөлік қатысқан. Биыл егіншілік саласына өте қолайсыз болуынан, бидайдың әр гектарынан 11 центнер, арпаның әр гектарынан 6,9 центнер өнім жиналып, аудан бойынша гектарына орташа 9,2 центнерден өнім жиналған. Нәтижесінде қамбаға 108322,4 тонна астық құйылыпты. Құрғақшылық өсімдік шаруашылығына да қолайсыздық туғызғанының салдарынан, оңтайлы мерзімде сапалы өңделіп, репродукциясы жоғары тұқым себілгеніне қарамастан, егін орағы науқанында 1276 гектар күздік бидай, 4073 гектар жаздық арпа оруға келмей, арнайы құрылған жұмысшы тобымен жарамсыз егістік алқаптары зерделенген. Акт арқылы жарамсыз егістік есептен шығарылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен жоспар бойынша ауданда 717 гектар картоп, 900 гектар көкөніс, 230 гектар бақша, 454 гектар пияз, 63,4 гектар қырыққабат, 42,3 гектар асханалық сәбіз, 98,1 гектар қияр, 107,6 гектар қызанақ, 133,6 гектар басқа да көкөніс дақылдары егіліпті. Егілген 717 гектар картоптың бүгінгі күнге 565 гектарынан өнім жиналған, яғни әр гектардан 208 центнерден айналған. 900 гектар көкөністің 803 гектарынан (89,2 пайыз) өнім жиналып, әр гектардан орташа 204 центнер, 230 гектар бақша дақылының әр гектарынан 165 центнер, 66,6 гектар асханалық сәбіздің әр гектарынан орташа 206 центнер, 454 гектар пияздың әр гектарынан 260 центнер өнім жиналуда. Көкөніс, бақша және картоп өнімдері аудандағы орталық сауда базарында және дүкендерде сатылып жатыр екен. Одан бөлек, күнде көше-көшелерді аралап, аудан тұрғындарының үйлеріне әкеліп саудалау да жүзеге асырылуда. Аудан әкімінің тапсырмасына орай, әр апта сайын Тараз қаласында, Құлан ауылының орталығында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне көкөніс, бақша, картоп және басқа өнімдер тұрақты апарылып, сатылуда. Ауданда көкөніс сақтайтын үш қойма бар екен. Атап айтсақ, Ақыртөбе ауылдық округі Малдыбай ауылындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 6 мың тонналық азық-түлік, жеміс-көкөніс сақтау қоймасы, Құлан ауылындағы «Бидайшы» шаруа қожалығының 200 тонналық ет және сүт өнімдерін сақтау қоймасы және Құлан ауылдық округіндегі «Ұлы Дала» шаруа қожалығының 250 тонналық көкөніс сақтау қоймасы. Аталған қоймалар сақталатын көкөніс өнімдеріне арналған қажетті қондырғылармен жабдықталыпты. Темірғали Нәдірұлы сондай-ақ, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасында азық-түлік, көкөніс, жеміс сақтауға арналған қойма дайын тұрғанын жеткізді. Қойманың ішінде тасымалдау жолдарынан бөлек, өнім сақтайтын 4 бөлім бар көрінеді, әр бөлімнің сыйымдылығы мың жарым тоннадан. Қоймаға темір жол тұйығы келіп тұр, яғни өнімді көлікпен кіргізу мүмкіндігі бар, одан бөлек, өнімді артуға арналған конвейер қанағаттанарлық жағдайда. Ауа тазарту құрылғылары жұмыс істейді. Қойма иесі егер өнім сақтауға ниет білдірген тұлғалар болса, қойманы іске қосуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Бүгінгі күнге қоймада сақтауда тұрған өнім жоқ. «Бидайшы» шаруа қожалығының қоймасында бір тонна картоп, 500 килограмм сәбіз, бір тонна пияз, жиырма тонна басқа да сүт өнімдері, тауық еті, шекер секілді өнімдер бар екен. Қойманың екі қабаты да мұздату жүйесімен қамтылған, жеделсатысы (лифт) да қарастырылған. Қазір жұмыс істеп тұр, бірақ әзірге тек қожалықтың өз өнімдері сақталып тұр. Егер өнім сақтауға ниет білдірген кәсіпкерлер болса, оған толық мүмкіндік бар. Қойма иесі алдағы уақытта сақтауға арналған өнімдердің көлемі ұлғайып жатса, қосымша қоймалар салуға ниетті. «Ұлы Дала» шаруа қожалығының қоймасы жеке кәсіпкерлерге жалға беріліп, әртүрлі өнімдер, құрылыс материалдары саудалануда. Бүгінгі күнге қоймада сақтауда тұрған өнім жоқ. Біз аудандағы құрылыс саласының жұмыстары мен бюджеттің барысын да аудан әкімінен сұрадық. Ернар Есіркеповтың айтуынша, экономикада маңызды рөлге ие құрылыс қарқыны да ауданда өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, биылғы қаңтар-тамыз айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 6,7 миллиард теңгені құраған. Аудан аумағында жыл басынан бері жалпы алаңы 7470 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Мұнда да өткен жылдағы атқарылған жұмысқа қарағанда өсім бар. Бөлшек сауда тауар айналымы болжаммен 3,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105 пайызға орындалыпты. Ауданның түзетілген бюджеті 7 миллиард 988,3 миллион теңге көлемінде қалыптасқан. Оның ішінде өзіндік кіріс 4 миллиард 140,5 миллион теңге болса, трансферттер 3 миллиард 848 миллион теңге. Нақтырақ айтқанда ағымдағы трансферттер 986 миллион теңгенің 454,1 миллионы «Ауыл ел бесігі» бойынша жолдардың жөнделуіне, 31,6 миллионы Луговой ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге, 76,6 миллионы Әбілқайыр, Сұмқайты ауылдарына блокты модульды су тазарту кешенін салуға, 57,9 миллионы әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру саласына, 270,8 миллионы Ақыртөбе-Тереңөзек-Қайынды аралығындағы он бес километр жолды жөндеуге, 94,9 миллионы Луговой, Р.Сабденов, Д.Қонаев ауылдарындағы мәдениет үйлеріне блокты- модульді қазандық сатып алуға жұмсалған. Ал, нысаналы даму трансферттерінің 504 миллионы «Ауыл ел бесігі» бойынша Ақыртөбе, Көгершін, Р.Сәбденов, Жаңатұрмыс ауылдарында дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің құрылысы мен Ақыртөбе ауылындағы мәдениет үйін салуға, 12,2 миллионы «Арай» алқабында су құбыры желілері мен су тартуға, 77,7 миллионы Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабындағы тұрғын үй кешенінде ішкі алаңның инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстарына, 162,3 миллионы Шолақ-Қайыңды ауылында газ құбыры мен газ тарату желілерін салуға, 51,7 миллионы «Golden Compass Capital» акционерлік қоғамы тау-кен металлургия өндірісін электрмен жабдықтауға, 39,2 миллионы Көгершін ауылының клуб кұрылысына, 1,4 миллионы «Арай» алқабында су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салуға жұмсалыпты. Субвенция көлемі 2 миллиард 13 миллион теңге, оның 380,5 миллион теңгесі әлеуметтік көмек бағдарламасына (АСП, ГСП), 971,3 миллионы жұмыспен қамту бағдарламасына, яғни ақылы қоғамдық жұмыс, жастар практикасы, гранттар және тағы басқаларына, 63,2 миллионы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға, 358,3 миллионы республикалық еңбекақы үстемақыларына, 240 миллионы коммуналдық шығындарға бөлінген. Даму жоспарына сәйкес, биыл 2,9 миллиард теңгеге отыз жаңа жобаны іске асыру көзделіпті. Соның нәтижесінде 130 жұмыс орны ашылмақ, оның ішінде 73-і тұрақты болса, 57-сі уақытша жұмыс орнына жұмыссыз тұрғындар тартылады. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,6, жастар арасындағы жұмыссыздық 2,6 пайызға жеткен. Биыл 3687 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған, бүгінге дейін оның 3214-і жұмыспен қамтылған. Бұл жоспардың 87,1 пайызы жүзеге асқан деген сөз. Жоспар бойынша 2147 адам тұрақты жұмысқа орналастырылуы керек, қазіргі уақытта 1346 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Биыл ауданда жалпы 467 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның ішінде инвестициялық жобаларға 337 орын, бюджеттік жобаларға 130 орын жоспарланыпты. Орташа номиналды жалақы биылғы алғашқы тоқсанда 245,9 мың теңгені құраған, бұл өткен жылғы деңгейден 11,5 пайызға жоғары. Айта кетейік, Құлан ауылынан жаңадан құрылысы жүріп, ашылған Арай тұрғын үй алқабында 300 орындық мектеп салынды. Соның нәтижесінде 70 жұмыс орны ашылды, оның ішінде бесеуі уақытша, 65-і тұрақты жұмыс ретінде құрылады екен. Жалпы, инвестициялық жобалар бойынша биыл даму жоспарына сәйкес 5174,6 миллион теңгеге елу жоба, 337 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы саласында даму жоспарына сәйкес биылға 640,2 миллион теңгеге 15 жаңа жоба іске асырылады. Нәтижесінде тұрақты 42 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Өнеркәсіп саласы бойынша даму жоспарына сәйкес, биылға 4534,4 миллион теңгеге 35 жоба іске асырылып, 295 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Ха лықтың экономика лық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей әсер ететін саланың бірі – шағын және орта бизнес екені белгілі. Қазіргі уақытта ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 126,2 пайыз өсіммен 56,3 мың бірлікті құрайды. Биыл кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаны іске асыруға 1,6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 620 миллион теңге несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, 800 миллион теңге банктердің несиелері бойынша ішінара кепілдік беруге, 100,7 миллион теңге мемлекеттік гранттар беруге, 52,1 миллион теңге шағын және орта бизнес объектілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізуге бөлінген. Орталық сумен жабдықтауға қолжетімділік қалаларда 92,3 пайызды, ауылдарда 92 пайызды, жылумен жабдықтау жүз пайызды құраған. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде биыл ауылдық елді мекендер мен облыс қалаларында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға 13 798,4 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде 11 143,7 миллион теңге республикалық бюджеттен болса, 2198,7 миллион теңге облыстық бюджеттен, ал 456 миллион теңге аудандық бюджеттен қарастырылған. Осы қаражат есебінен ауданда 45 жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған 45 жобаның 41-і құрылыс, төртеуі қайта жаңғырту жұмыстары. Аудандық маңызы бар автожолдарға 22 жоба бойынша 877 миллион теңге қаражат бөлінген. Жалпы аумағы 908682 гектарды құрайтын Т.Рысқұлов ауданында тамыз айындағы мәлімет бойынша 67645 адам тұрады. Мұндағы 15 ауылдық округте 42 елді мекен бар. Аудан халқының басым бөлігі, яғни 63639 мың адам қазақтар болса, 2421 орыс, 422 өзбек, 273 қырғыз, 890 басқа ұлт өкілдері. Халықтың әлеуметтік жағдайында қауіпсіздік те маңызды. Біз сөз етіп отырған биылғы сегіз ай ішінде ауданда 97 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға төмендеген. Бірақ, теріс қылықтар саны 37,5 пайызға жоғарылаған, оның ішінде аса ауыр санаттағылары 66,7 пайызға өскен, ауыр санаттағылары 5,3 пайызға төмендеп, ауырлығы орташа санаттағылары 13,8 пайызға, онша ауыр еместері 30,8 пайызға азайған. Қылмыстардың жалпы ашылу деңгейі 61,6 пайызды көрсеткен, оның ішінде биыл аса ауыр қылмыстардың ашылуы 85,7 пайыз, ауыр қылмыстардың ашылуы жүз пайызды құрапты.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар