Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Есірткі тасымалдаған Үндістан азаматы құрықталды

Көлік полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, жолаушылар пойызын патрульдеу кезінде есірткі сақтады деген күдікке ілінген жолаушылардың бірін құрықтады. Бұл жөнінде көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тексеру барысында 36 жастағы Үндістан азаматына тиесілі сөмкеден гашиш есірткі заты табылып, тәркіленген. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қылмыстық Кодекстің 286-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру амалдары басталған. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қылмыстық-процестік Кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпараттар жария етілмейді.

Көршісін алдаған әйел ұсталды

Жуырда Тараз қалалық полиция басқармасының 2-полиция бөліміне 66 жастағы жергілікті тұрғын жүгінген. Екінші топтағы мүгедек әйелдің сөзінше, оның үйіне көрші тұратын азаматша келіп, жаңа жылдық мерекеге орай мүгедектерге мемлекеттік жәрдемақы алуға телефоннан өтініш беру қажет екендігін айтқан. Осылайша, оның сенімін теріс пайдаланып, ұялы телефонынан бейне сәйкестендіру жүргізіп, тауарлық несие рәсімдеген. Жалпы келтірілген шығын көлемі 492 800 теңгені құрайды. Бүгінде осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 2-бөлімі 4-тармағы, яғни ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлер жәбірленушінің пайдакүнем 40 жастағы көршісін анықтап, ұстады. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды өтеді.

Қоқыс лақтырған жүргізуші айыппұл арқалады

Қолданыстағы заңға сәйкес, қоғамдық орындарда, сондай- ақ, белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға алғашында 5 айлық есептік көрсеткіш яғни, 17250 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал, әлгі азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 айлық есептік көрсеткіш яғни, 34500 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Қазіргі таңда өңір полицейлері елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және түрлі қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау мақсатында ортақ пайдаланатын орындарды таза ұстау ережелерін бұзу фактілерін анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде Шу қаласындағы сауда орталықтарының бірінің маңында орналасқан бейнекамераға қоқыс лақтырған «Тайота» маркалы автокөлігі түсіп қалғаны анықталған. Осылайша, 51 жастағы жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 434-2 бабы 1-бөлігі (ортақ пайдаланатын орындарды ластау) бойынша хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Сәлемдеме ішінен тыйым салынған зат табылған

Қылмыстық-атқару саласының қызметкерлері тарапынан сотты болғандардың туған-туыстары мен жақындарына түсіндірме жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанымен, абақты ішіне тыйым салынған заттарды енгізу фактісі толастамай тұр. Жазасын өтеушіге «жақсылық» жасауға ниеттенгендер бұл ретте неше түрлі жымысқы әрекеттерді іске асыруда. Мәселен, жыл басынан бері облыс орталығындағы жабық мекемелерден 144 дана ұялы байланыс телефондары тәркіленсе, сотты болғандардан 8 қалта телефоны табылған. Ал, жақында өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты мекеменің бірінде жазасын өтейтін сотталған азаматқа тиесілі сәлемдеменің ішінен спецификалық иісі бар ақ түсті ұнтақ зат табылып, тәркіленген. №59 мекемесінде орын алған оқиға жедел және режим бөлімінің қызметкерлерінің «Лидер» іс-шарасын жүргізу және жедел ақпаратты жүзеге асыру барысында белгілі болған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып, тәркіленген зат сот-химиялық сараптамасы тағайындалған.  

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар