Жалған сөздің жазасы ауыр

Жалған сөздің жазасы ауыр
ашық дереккөз
Жалған сөздің жазасы ауыр
Әсілінде, кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болуы қажет-ақ. Егер айтқан сөзі мен жариялаған мақаласы жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Өйткені, еліміздегі қолданыстағы заңға сәйкес жалған хабар таратып, қаннен-қаперсіз отырған ағайынның мазасын қашырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алайда, бүгінгі күні ел-жұрттың үрейін ұшырып, «бәлен мекемеге жарылғыш зат қойылған» деп полицияға хабарласатын «телефон террористерінің» де қарасы азаяр емес. Мәселен, жуырда ғана Тараз қаласындағы мектептердің біріне «мина қойылған» деп жалған хабарлама берген оқушылар ұсталған еді. Облыс орталығындағы №51 білім ошағының электрондық мекенжайына келіп түскен хабарламада білім беру мекемесі ғимаратының жарылу қаупі бар екендігі және 10 миллион теңге көлемінде ақша төлеу жөнінде талап етілген. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің нәтижесінде бұл ақпарат расталмай, жарылғыш құрылғы табылмаған. Бүгінде осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 273-бабы, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал, жедел іздестіру іс- шараларын өткізу барысында өңірлік полиция департаментіне бағынысты экстремизмге қарсы іс- қимыл басқармасының және Тараз қалалық полиция басқармасының экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері отпен ойнаған 8-сыныптың екі оқушысын анықтады. Осылайша, «мектепті жарып жібереміз» деп жалған ақпарат таратқан оқушылардың ата-аналары 17 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Атап өтерлігі, мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, залалды өтеу олардың ата- аналарына жүктеледі. Осы орайда, ата-аналар 14 жасқа толған баланың жауапкершіліктен қашып құтыла алмайтынын қаперінде ұстаса дейсің.

Қандай жаза қарастырылған?

Шүкір, құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс жүргізуі арқасында ел іші жарылыстар мен атыс-шабыстан аман. Алайда, жалған хабарлама беріп, жұртты дүрліктіретін бұзақылардың әрекеті тыйылар емес. Рас, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың едәуір азайғанын байқауға болады. Мысалы, 2011 жылы елімізде 123 дерек тіркелсе, былтыр 50 адам «әзілдеп» қоңырау шалған. Ал, биыл 8 айдың ішінде 52 қылмыстық іс тіркелсе, оның 28-і сотқа жолданып үлгерген. Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті 1-басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жалған ақпарат таратқан 16 адамға қатысты сот үкімі шығарылып, оның ішінде 5-не бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұдан бөлек, 8 азаматтың бас бостандығына шектеу қойылған. – Екі азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды. 1 кәмелетке толмаған балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды. Жалпы, айта кету керек, елімізде террористік акті туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу, яғни 14,5 миллион теңге немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай- ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да білуге тиіс. Сонымен қатар, сот шешімімен осы істің кесірінен келтірілген барлық шығын өтеледі. Егер оны кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі, – дейді Алмас Талқанбаев. Сондай-ақ, ведомство өкілі өз сөзінде бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталғанын айтып өтті. Сөзінше, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатуы айқын дәлел. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Осы орайда, сала мамандары «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес, ол қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ақымақ әрекет екенін еске салып өтті. «Жалған хабарлама жасалды ма, болды, бұл қылмыс деп саналады. Жасарын жасап алып, кейін қанша өкінсе де, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Жастар жағы мұндай жауапсыз әрекеттердің өз өмірін бүлдіріп қана қоймай, оның отбасына, ата- анасының абыройына нұқсан келтіретінін есте сақтауға тиіс», – дейді полиция полковнигі.

Себепте шек жоқ...

Өкінішке қарай, жалған хабарлама жасайтын бұзақылар мұндай оқиғаның салдары қаншалықты ауыр болатынын әсте біле бермейді. Тіпті, білген күннің өзінде оған салғырт қарайды. Мысалы, көпшілік орында тез арада сыртқа шығу туралы дабыл берілгенде адамдар қорқыныштан бір- бірін итеріп, таптап, мертігіп қалуы ғажап емес. Олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедектер, қарттар мен кішкентай балалар да болуы әбден мүмкін. Ал, бұл жағдай олардың денсаулығына ғана емес, психологиясына да кері әсерін тигізері белгілі. Тәртіп сақшылары мұндай қылмыстарды көбіне еріккен жастар мен жасөспірімдер және өз әрекетіне есеп бере алмайтын мас адамдар жасайтынын алға тартады. Бұған дейінгі жағдайларға көз жүгіртсек, белгілі бір мекеменің басшылығынан кек алу, мектептегі сабаққа қатыспау секілді себептермен, тіпті, жай ғана ерігіп отырып осындай қадамдарға барғандар көп. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер көбінесе достарының алдында өзінің «батыр» екенін көрсету, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу немесе үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін жалған қоңырау шалады екен. Ал, террористік акт туралы көрінеу хабарлама жасайтын ересектер көбіне алкогольді ішімдікке мас немесе психикасы бұзылған адамдар болып келеді. Олар мұндай қылмыстарды бұзақылық және пайдакүнем ниетпен істейді. Нақты деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда жалған хабарлама бергендердің 48-55 пайызы бұл қылықты мас күйінде жасаған. «Жалған террористің» әлеуметтік портретіне мұқият назар аударсаңыз, барлық қылмыстың 88 пайызын жұмыссыздар жасағанын анық аңғарасыз. Кейінгі 10 жылда жалпы саны 592 адам ұсталған болса, солардың 450-і, яғни 76 пайызы еш жерде тұрақты жұмыс істемейтіндер болып шыққан. Сондай-ақ, олардың арасында 55 мектеп оқушысы да бар. Айта кетейік, бұрын террористік акт туралы жалған хабарламалар көбіне көшедегі таксофондар арқылы түсетін болса, қазір басым көпшілігі, яғни, 85 пайызы ұялы телефон арқылы хабарланады. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты интернет арқылы келіп түскен хабарламалар да бар. Олардың үлес салмағы – 8 пайыз шамасында. Тағы бір тоқталар мәселе, көбіне мұндай қоңыраулар жарылғыш затпен байланысты болғанымен, арасында басқа да қауіпті жағдайлар жайында телефон шалатындар бар. Мысалы, биыл мамыр айында Балқаш қаласының полициясына белгісіз бір адам хабарласып, мектептердің бірінде террористердің жүргені туралы айтқан. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, хабарламаның жалған екенін анықтады. Кейін 8-сынып оқушысының «әзілдеп» қоңырау шалғаны анықталып, оның ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұзақылар көпшілік орындарды әдейі таңдайды

Мұндай қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады. Ал, полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Бұдан бөлек, ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығынға ұшырайтыны тағы бар. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады. Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер. Сондықтан, болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, тәртіп сақшылары адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас- өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем күш-құралдары жұмылдырылады. Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Яғни, өтірік болып шықты. Алайда, «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Мамандар, әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруі керек. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр. ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қорыта айтқанда, терроризм – елдің тыныштығын бұзу, қоғамды үрейге бөлеу мақсатында жасалатын қылмыстық әрекет. Ал, террористік актілер туралы жалған хабарлама берудің әсері одан мүлде кем емес. Ендеше, кейбір азаматтарымыз осыны шын түйсініп, қоғамның дүрлігуіне жол бермегені жөн-ақ. Себебі, жалған сөздің жазасы қашанда ауыр.  

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар