Мәдениеттің деңгейін арттыру – маңызды мақсат
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңір мәдениетінің тасын өрге домалатып жүрген майталмандар мен сала мамандарының мәселелерін тыңдады. Жүздесу барысында өнер мен руханияттың шамшырағына айналған мекеме қызметкерлерінің тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылып, алдағы жоспарлар пысықталды. Ең алдымен кездесуді ашып беріп, жүргізіп отырған Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы мақсаттардың орындалуы, Ұлттық құрылтайда айтылған Президент тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан идеологиялық концепцияның бағыттары, аймақта жастар театрын ашу секілді жоба-жоспарларын тілге тиек етіп, өнер мен мәдениеттің деңгейін арттыру үшін өңірге қандай өзгерістер алып келу қажет екенін зерделеу үшін жүздесіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, аймақ басшысы өз сөзінде облыста креативті индустрияны дамыту, саладағы жас мамандарды облыста алып қалу және оларға жағдай жасау секілді маңызды мәселелерге де жан-жақты тоқталып өтті.
Айтуынша, облыста 500-ге жуық мәдениет саласына қарасты мекеме мен онда 3,5 мыңнан астам маман жұмыс жасап жатыр екен. Аймақта биыл 14 мәдени нысанның құрылысы жүріп жатса, 30 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Артспорт бағдарламасы аясындағы қызметтердің сапасын арттырып, осы бағыттағы 170-тен астам үйірме мен 7 мың балаға қолайлы жағдай жасау мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
Бұл бағытта ата-аналар тарапынан қоғамдық бақылау ұйымдастыру секілді жоспарларымен де бөлісті. Сол секілді 3,5 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіші бар облыс аумағында туризм саласын дамытуға қатысты ойларын да ортаға салды.
– Біз ең алдымен әрбір туристік орынға тиісті инфрақұрылымды тартып, оған облыс тұрғындары мен қонақтар, шетелдік туристер келе алатындай жағдай жасап, жоғары сұраныста болатындай деңгейге жеткізуіміз керек. Көрші Алматы, Түркістан облыстары бұл бағытта визит орталықтар салып, фестивальдер ұйымдастырып жатыр. Біз содан қалып кетпеуіміз қажет. Мәселен, әлем бойынша тек Әулиеатада ғана өсетін қызғалдақтар бар. Бұл ретте аймақты қызғалдақтар астанасы етіп, «National Geographic» секілді жаһанға белгілі арна арқылы көпшіліктің қызығушылығын тудыруға болады, – деп облыс басшысы өңірдің тарихы мен табиғатын ұштастыратын ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.
Мұнан соң Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Асылхан Шүңіреков әйгілі «Тараз» триосының құрылғанына келер жылы 50 жыл толатынын жеткізіп, өнер ұжымының мерейтойын лайықты деңгейде атап өтуге қолдау білдіруді сұрады. Сонымен қатар, өнер иесі жалпы отандық трио ұғымы тұңғыш Тараз топырағында өмірге келгенін де айрықша атап өтті.
Қазақстанның Халық әртісі Мәкен Рахымжанова алдағы жылы облыстық қазақ драма театрының құрылғанына – 90, ал 2025 жылы қара шаңыраққа есімі берілген Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толатынын атап өтіп, халықаралық театр фестивалін ұйымдастыруға ықпал етуді сұрады. Тарихы терең театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажеттілігін де алға тартты.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, театр ғимаратының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге келер жылы ұсыныс беріледі. Аймақ басшысы аталған ұсыныстар қолдау табатынын атап өтіп, алдағы аптада өнер ұжымына арнайы атбасын бұратынын айтты. «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен сала мамандарының жалақысы көтерілгенімен, басқа салалармен салыстырғанда айтарлықтай аздық етіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, саладағы техникалық қызметкерлерге еңбек демалысы кезінде сауықтыру ақысы төленбейтінін, сырттан алдыратын білікті мамандарға аймақта арнайы жатақхананың жоқтығын, тиісті жағдай өз деңгейінде болмаған соң кәсіби мамандарды өңірде ұстап тұру қиынға соғатынын атап өтті. Аталған мәселелерді аймақ басшысы тікелей назарына алатынын, көрші Алматы, Шымкент, Қызылорда өңірлерінде бұл жағдай қалай шешіліп жатқанын зерделеп, салыстырмалы түрде жан-жақты қарастырылатынын айтты.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді