Қылмыс хроникасы
WhatsApp арқылы алаяқтық жасаған
Өңірімізде жақын туыстары мен достарынан қарызға ақша сұрау жолымен жасалған алаяқтық деректерi жиілеуде. Ал, бұл әдіс арам ниетті қылмыскерлер үшін таптырмас «мүмкіндік». Мәселен, жуырда Тараз қалалық полиция басқармасына азаматша WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз нөмірден танысынан келесідей мәтінде хабарлама келгені туралы айтып шағымданған. «Сәлем, қалайсың? Бұл мен, Ксения. Кешке дейін 800 мың қарыз бере аласың ба?». Хабарласқан байланыс нөмірде шынымен танысының суреті тұрғанын көріп, оған мобильді қосымша арқылы өзінің соңғы 260 мың теңге көлеміндегі қаражатын аударған. Шағымданған әйел танысының жеке Instagram парақшасынан алаяқтар жақын адамдарынан оның атынан ақша сұрайтыны туралы ескерткен. Бүгінгі таңда осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өңірлік полиция департаментінің «Киберпол» бөлінісінің қызметкерлерімен жүргізiлген жедел- іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Қазір ол келу туралы міндеттеме бойынша босатылды. Ал, тергеу кезінде ақша аударымы осы алаяқтық әрекеттерге қатысы жоқ азаматтың есеп шотына түскені анықталды. Оған белгісіз адам хабарласып, шотына қателесіп ақша жібергенін, сол ақшаны қайтаруды сұраған. Содан кейін, алаяқ басқа адамнан банктік шотының болмай тұрғандығын айтып, көмектесуді сұрап, оның картасы арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып алған.Көлік ұрлаған қылмыскер құрықталды
Талас аудандық полиция бөліміне Майтөбе ауылының 26 жастағы тұрғыны «Nissan» маркалы автокөлігінің ұрланғаны туралы арызбен жүгінген. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 200- бабы 1-бөлігімен (автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жәбірленушінің айтуынша, ол электрик болып жұмыс істейді және есеп құралдарының көрсеткіштерін жинап жатқан кезде белгісіз адам оның «Nissan» маркалы көлігін қолды қылған. Полицейлердің жедел әрекетінің нәтижесінде ұрланған көлік «Тараз-Қаратау» тас жолында тоқтатылды. Ал, жүргізуші мас күйде болған. Ол өз сөзінде ветеринарлық дәріхананың жанында иесіз көлікті көргенін және туыстарына барғысы келгенін түсіндірді. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.«Кептірілген марихуана» тәркіленді
Еліміздің нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүйелі түрде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Тәртіп сақшылары облыс орталығында «Қарасора-2023» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында «Леки» атты қызметтік- іздестіру итін пайдалана отырып, 37 жастағы тараздық азаматты ұстады. Ер адамның тұрғылықты жерін тінту барысында жалпы салмағы 1 келі 389 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді. – Ұсталған адам кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл баптың санкциясы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дінмұхамбет Қойториев.Жауапсыздықтың жазасы қандай?
Жамбылдық полицейлер: «Әрбір 10-шы жол-көлік апаты көлік рулін басқару кезінде ұйықтап кету салдарынан орын алуда», деп дабыл қағуда. Тәртіп сақшыларының сөзінше, жүргізушілердің басым көпшілігі дұрыс демалмаудың салдары қауіпті болатынын жете түсінбейді. Әсіресе, бұл жағдай ұзақ жолға және алыс сапарларға шығатын әрі ауыр жүк көліктерін жүргізетін немесе жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне қатысты. Мәселен, жуырда ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 402-шақырымында «Subaru Legacy» маркалы автомашинасының жүргізушісі Шымкент қаласы бағытынан Алматы қаласына қарай көлік жүргізіп келе жатып, рульде ұйықтап қалып, жолда тұрақтап тұрған екі жүк автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан «Subaru Legacy» жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Ал, автокөліктің жүргізушісі және оның 3 жолаушысы, оның ішінде бір бала түрлі дене жарақаттарымен Т.Рысқұлов орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. – Жамбыл облысының барлық тұрғындары мен қонақтарына трассадағы көлік қозғалысы кезінде көлік жүргізушісін бақылап, қадағалап отыруларыңызды сұраймыз. Әдетте жолаушылар жүргізушінің шаршағанын және ұйықтағысы келіп отырғанын біледі. Десе де, мұндай жағдайға немқұрайлы қарайды. Ал, немқұрайлылық көп жағдайда ауыр зардапқа әкелуі мүмкін, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ержан Мананбаев.Есен ӨТЕУЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді