Шу ауданында «Мәдениет-асыл қазынам» атты мәдениет күндері өтті

Шу ауданында «Мәдениет-асыл қазынам» атты мәдениет күндері өтті
ашық дереккөз
Шу ауданында «Мәдениет-асыл қазынам» атты мәдениет күндері өтті
Бүгін Шу ауданында «Мәдениет-асыл қазынам» атты мәдениет күндері өтті. Ауданның абыройын айқындайтын мәдени шараға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, шулық меценат Болат Сауранбаев, Шудан шыққан ақсақал Қасымхан Төлендиев, бүгінде бокстан ел мақтанышына айналған Батыр Жүкембаев сынды белгілі тұлғалар қатысып, ауқымды шараның куәсі болды. Шараның шымылдығы батырларымыздың жоңғарлармен кескілескен ұрысымен ашылып, қазақ хандығының қазығын қаққан Керейдің ақ киізге көтерілуіне ұласты. Кіреберісте орын тепкен қарауыл мұнарасы, жағалай қонған ақшаңқан киіз үйлер, жастарды тербеткен алтыбақан, ұсталар мен шеберлердің ауылы, ежелгі дәуір жәрмеңкесі қонақтарды елітіп, ежелгі заманға еріксіз жетеледі.  Бұл шараны өткізудегі басты мақсат - ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу әрі жас ұрпақтың санасына бабаларымыздың салт-дәстүрі мен өмір дағдысын сіңіру. Сонымен қатар, шара меймандарына Шу өңірінің жауһарлары мен жетістіктерін паш ету. Мәдени шара барысында алаңды жағалай жайғасқан қолөнер шеберлерінің ордасы да көпшілік қауымға ерекше әсер сыйлады. Кейбіреулер алаңның бір бөлігінде өткізіліп жатқан ат спорты ойындарын тамашалап жатқан кезде, енді бірі он саусағынан өнер тамған шеберлер мен ұсталардың қолөнер туындыларын көріп, зор қызығушылықпен қарады. Сондай-ақ, қалың қауымның бір бөлігі қаз-қатар тігілген қазақ үйлерде ұлттық дәмнен ауыз тиіп, ауданымыздың құрт жасап, май шайқап, тары түйіп жатқан нәзік жандылардың келелі істеріне зер салды. Шара соңында «Харекет» қоғамдық қайырымдылық қоры атынан аудандағы үш отбасына салтанатты түрде баспана кілті табыс етілді. Сондай-ақ, жуырда үлкен сында жеңіс туын желбіреткен спорт саңлағы, кәсіби боксшы Батыр Жүкембаевқа аудан жұртшылығы атынан шапан жабылып, зор құрметтің белгісі ретінде тұлпар мінгізілді. Ал, мәдени шараның соңы қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар