Өнертанушы ардагерлермен кездесті
«Ғылым таппай мақтанба», деп хакім Абай айтқандай, ілім іздегеннің қазынаға кенелетіні анық. Ұлттық өнеріміздің, бай фольклорымыздың дамуына аянбай үлес қосып жүрген қайраткердің бірі – Берік Жүсіп. Берік Жүсіп–филология ғылымдарының кандидаты, өнертану мамандығы бойынша доцент. Дәріс- концерттермен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде болған.
Музыкатанушы ғалымның екі жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрген. «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі-Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», Сүлейлер», «Адырна» атты кітаптардың авторы. «Қазақтың қаһармандық эпосы – Қобыланды батыр» монографиясы, «Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары», «Базар жырау Оңдасұлы шығармалары» ғылыми мамандар тарапынан жоғары бағаланған. Ғылыми басылымдарының құрастырушысы, жауапты шығарушысы, редакторы. «Сыр сүлейін сұрасаң», «Қайталанбас дауыстар», «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, 2015) музыкалық антологияларының авторы ретінде де көпшілікке танымал. Ғылыми-танымдық, көркем қойылымды «Жырау», «Қаһарман» фильм-портрет жобаларының жетекшісі. Қазақ радиосының Алтын қорында «Мирас», «Кәнекей, тілім, сөйлеші» атты сексенге тарта авторлық бағдарламалары сақталған. Ол халықаралық конкурстардың жеңімпазы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық TYРKCOЙ ұйымының «Мұрагер» сыйлығының лауреаты. ҚР Президентінің, РФ Мәдениет министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бір сөзбен айтқанда, Берік Мырзалыұлы ұлттық фольклорға, музыкасына ерен еңбек сіңірген азамат.
Ұлттық музыканы ғылыми тұрғыдан зерттеп, талай асыл мұраларға тереңдеп барған ғалым. Қай кезде де ұлттық өнерге жанашырлық танытып келеді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Ардагерлер орталығы» ғимаратында фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіп алдыңғы толқын ардагерлермен және БАҚ өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Берік Жүсіп ұлттық музыканың бүгінгі дамуы, өнерге ғылыми тұрғыдан баға беру секілді құндылықтарға тоқталды. Сондай-ақ, қазақ халқының салт-дәстүріне, шешендік болмысына көңіл аудара сөйледі.
– Ұлттық өнердің болашағы туралы ойлағанда, өткен тарихты да ұмытпағанымыз дұрыс. Мәселен, әйгілі Құрманғазының досы болған Ешнияздың әндері аса құнды. Белгілі күйші Кенжеқұл, сол Кенжеқұлдан тағы бір талантты өнер иесі Нұртуған туады. Сырда Мардан Байділдаев ақсақал біраз өнер мұраларын зерттеді. Сол мұраларды қараусыз қалдырмау да аса өзекті болып отыр. Мырзаның шәкірті Қазанғаптың да мұралары – жас ұрпақ үшін аса қажетті. Менің студент кезінде жазған «Жиделібайсын күйлері» атты кітабым музыка саласында еліміз бойынша оқытылып жатыр. Фольклорды Ақселеу Сейдімбек терең зерттеді. Ақселеуден кейін фольклордың мол мұрасы менің жеке архивімде сақтаулы. Менде екі мың сағаттық таспаға басылған мұра сақтаулы. Ол – осы елдің байлығы. Бүгінгі жастардың өнер жолына келуі – ерекше маңызды. Халқымыздың асыл қазыналары елдің алтын олжасына айналуы тиіс, – деді ғалым.
Кездесу барысында Берік Жүсіп Зілқараның, Ешнияздың термелерін орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп отырды. Жиын барысында жазушы Елен Әлімжан өз ойларын ортаға салса, ғалым Сейсекүл Исматова, әдебиетші Бақытжан Мақашев қонаққа түрлі маңызды сұрақтар қойды.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, қонаққа шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов ақ батасын берді.
Берік Жүсіп барлық қатысушыларға және ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, осындай басқа да тұлғалармен жас ұрпақ үшін маңызды кездесулер жиі өтіп тұрса деген ұсынысын жеткізді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді