«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұстаздық – ең асыл мамандық

Ұстаздық – ең асыл мамандық
ашық дереккөз
Ұстаздық – ең асыл мамандық
Ардақты ұстаздар! Қадірлі білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Биыл алғаш рет ҚР Үкіметі қаулысымен еліміздегі Ұстаздар күні мерекесі 5 қазанға бекітілді. Бұл ұстаздарға деген құрметтің бір көрінісі деп білемін! Ұлы Абай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігі баршаға белгілі. Сондықтан да ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Ұстаздық – ең асыл мамандық. Біз мұғалімдерді құрметтейміз, өйткені олар жоғары деңгейдегі тұлға. Елімізде ұстаздар қашанда ерекше құрметке ие», деп атап өткен болатын. Президентіміз қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң барша мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталған. Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалау, жыл сайын олардың жалақысын көтеру, біліктіліктерін арттыру және жұмыстарын жеңілдету шаралары қабылдануда. Педагогтердің алаңсыз шығармашылықпен айналысып, еңбек етуі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Оқушы зердесіне асылды дарытып, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны болып жүрген ұстаздардың еңбегі орасан. Осы жылы республикалық байқауларда 14 жамбылдық ұстаз, халықаралық байқауларда 31 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Бұл – облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдей түседі. Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде десек, Сіздер тәрбиелеген шәкірттер мемлекетіміздің ертеңгі алтын діңгегі, мықты тұғыры болуы тиіс. Осы сәтті пайдалана отырып, мен облысымыздың білім беру саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан 40 мыңға жуық мұғалімдерге өз алғысымды білдіремін! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Дені сау, ұлттық сана-сезімі биік, мәдениеті жоғары, парасатты азаматтарды тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.  

 Облыс әкімі Е.ҚАРАШӨКЕЕВ.

Облыстық мәслихаттың төрағасы А.НҰРАЛИЕВ.

Ұқсас жаңалықтар