- Advertisement -

Өркениет игілігінен шет ауылдар да тыс қалмайды

13

- Advertisement -

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданына барды. Аймақ басшысы алдымен Айдарлы ауылындағы №2 орта мектепке атбасын бұрып, білім ошағындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, қос қабатты оқу ошағында жылыту жүйесі автономды, қатты отынға ыңғайластырылған. Алдағы жылыту маусымы үшін 260 тонна көмір жеткізілген. 350-ден астам бала білім алатын нысанды жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталған. Бұл үшін 248 миллион теңге қаржы қаралған. Мердігер «DaurenBuild» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кесте бойынша жұмыстарды осы жылдың қазан айының 20-на дейін аяқтауы тиіс. Облыс әкімі құрылыстың сылбыр жүріп жатқанын сынға алып, мердігерге белгіленген мерзімде тапсыру керектігін ескертті.

Мұнан соң, аймақ басшысы жақында ғана пайдалануға берілген Қызылтал ауылдық округіндегі су имаратына барды. Қазіргі таңда жерасты су көзін пайдаланатын осы нысан арқылы 170 аула тіршілік көзімен қамтылуда. Атап өтерлігі, елді мекенге таза ауыз су 30 жылдан кейін тартылып отыр. Ал, магистральдық және сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 14 километрден асады. Нысанның қызметімен әрі қондырғылардың жұмысымен танысқан Ербол Қарашөкеев бұдан кейін ауыл қарияларының өтініш-тілектеріне құлақ қойды.

Бүгінгі таңда қызылталдық қарапайым тұрғындардың арман-тілегінің бірі – көгілдір отынға қол жеткізу. Сондай- ақ, мұнда кең жолақты интернетке қосылу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің округ тұрғындарымен өткен кездесуде жергілікті жұртшылық осылай деді. Жиынға облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Басқосуда аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жоспарлы шараларға қысқаша тоқталып өтті.

– Осы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысымен экономикалық өсім 104,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімі көлемі 6,7 пайызға, негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 24,8 пайызға артты. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысында 389,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірдегі босалқы жерлер санатындағы 397 мың гектар жайылым жер ауылдық округтерге бекітіліп, нәтижесінде елді мекендегі жайылым жерлер 363,5 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайды. Игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланып келген 308,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді биыл 200 мың гектар жерді қайтару жоспарлануда.

Жалпы, облыс бойынша жетіспейтін 164 мың гектар жайылым жер толығымен шешілетін болады, – деді облыс әкімі.

Келесі кезекте ауылдық округ әкімі Жәнібек Айдарқұлов есеп беріп, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді баяндады. Жиын соңында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы әрбір тұрғынның сауалына жауап беріп, кейбір мәселелерді шешу жолдарын қарастыру бойынша тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Ал, кездесуден соң облыс әкімі жоспардан тыс округтегі Б.Момышұлы атындағы орта мектебі мен дәрігерлік амбулаторияның қызметімен танысты.
Бұл күні облыс әкімі Қызылотау ауылдық округіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігімен де танысты. Ауылдықтар суармалы су, спорт кешенін салу, ауылдарды әлеуметтік игіліктермен қамту, мектептің асханасы мен шатырын күрделі жөндеу, жер беру, газ тарту, ауылдық клубты жөндеу, ауыз судың сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Аймақ басшысы көтерілген барлық мәселелер назардан тыс қалмайтынын, оларды заң аясында шешу үшін жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілетінін атап өтті. Басқосу соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.
Атап өту керек, ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Ербол Қарашөкеев Жаз- Ата саябағына арнайы барып, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың рухына тағзым етті. Мұнан соң, осынау тұлға атындағы аудандық музейінің жұмысын көріп, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Бұдан кейін, Б.Момышұлы атындағы орталық стадион мен №8 колледжіне бас сұққан облыс әкімі жергілікті атқамінерлерге колледжді сақтап қалу және оның жұмысын жүйелі түрде жолға қою шалғай аудан үшін аса маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу қажет. Осы мәселені уақыт созбай шешуді тапсырған аймақ басшысы жауаптылар өңірге қажетті мамандарды даярлауға айрықша назар аудару қажеттігін жеткізді.

Жасыратыны жоқ, мойынқұмдық шаруалар үшін Радай өзеніндегі көпірдің жайы бас ауыртар мәселеге айналғаны белгілі. Себебі, жөндеуді қажет ететін нысан шаруаларға су жеткізуде айрықша маңызға ие. Ұзындығы 110, ені 13 метрді құрайтын көпірді қалпына келтірудің маңыздылығына көңіл бөлген облыс әкімі жауаптыларға мәселені шешу жолдарын жеделдетіп жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің шалғай аудандағы жұмыс сапары Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінде түйінделді. Биыл аталған оқу ордасы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында материалдық-техникалық базасы толығымен жаңғыртылған. Бұл жұмыстарға 250 миллион теңге қаржы қаралған. Күрделі жөндеуден өткен мектепте бүгінде оқушылардың жан-жақты, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалып отыр. Тірек мектебінің таныстырылымында облыс әкімі бұл жұмыстардың барлығы еліміздің жарқын болашағы – балалар үшін жасалып отырған үлкен демеу екенін атап өтті. Сондай-ақ, аймақ басшысы облыс көлеміндегі білім саласын дамыту, сапалы білім беру мен инфрақұрымды жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша көңіл бөлінуде. Биыл 25 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Оның жетеуі 2024 жылы, бесеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі. Ауыл мен қала мектептері арасындағы оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты жою – басты мәселе. Бүгінде «Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы сәтті жүзеге асуда десек, оның игілігін өңіріміздің ауылдары да сезінуде. Бұл ретте «Білім беру саласын тұрақты дамыту» және «Қазақстан халқына» қорларына өңірдегі ауыл мектептеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтамын, – деген Ербол Қарашөкеев бұл шаралар балалардың болашағына және жалпы білім берудің дамуына оң әсер ететінін тілге тиек етіп, осы тұрғыдағы ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.

Есен ӨТЕУЛІ.

Мойынқұм ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support