Судың да сұрауы бар
Халықты жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесуге арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант халық ішінде қалай іске асырылуда? «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Үкімет тегін берді деп бұл қаражат несие жабуға, көлік алуға, той жасауға жаратылып жатқан жоқ па? Осы мәселенің мән- жайын білуге тырысып көрдік. 2020 жылдан бері ел игілігіне пайдалануға беріліп жатқан мемлекеттік грантты түрлі санаттағы талай адам алды. 1 миллион 280 мың теңге қаражатты алушылар шағын бизнесін бастап, өз жағдайларын түзеуде. Сол елдің ішінде осы ақшаға аса мұқтаждығы болмаса да әйтеуір тегін ақшадан құр қалмаудың амалын жасап, грантты иеленгендер де жасырын емес. Үйіндегі үйір-үйір жылқысы мен қора-қора қойын жоққа санап, тегін дүниеден құралақан қалмау үшін шын мұқтаждардың қатарынан табыла қалатыны рас.
Грантты алуға өтініш білдіргендердің барлығына база арқылы емес, жағдайларын көзбен көріп, бақылау арқылы зерделеу жұмыстарын жүргізуге құзырлы органдарға құқық берілмеген. Қаламыздағы мансап орталығы жәрдемақы алушылардың жағдайын тек компьютерлік база арқылы ғана бақылай алады екен.
Тараз қаласы бойынша мансап орталығы филиалының кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Динара Баянова «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын жеке кәсіпкерлерді тексеруге тыйым салынған. Біз тек қана база арқылы мониторинг жұмысын жүргіземіз. Яғни, әрбір грант иегерімен екі жақты келісімшарт болады. Мансап орталығы мен грант алушының арасындағы құжатта талаптар мен міндеттемелер жазылған», дейді ол.
– Әрбір грант иегерін қаражат соммасы аударылғаннан кейін үш айдың ішінде бизнес жобада көрсетілген құрал-жабдықтарын, алуға тиісті мүлік, заттарын алғандығын дәлелдейтін түбіртектерін орталыққа жеткізеді.
Сонымен қатар, осы мерзімде жеке кәсіпкер ретінде өзінің жеке кабинеті арқылы business. enbek.kz парталына кәсіпкерлік жұмысының есептерін жібереді. Сол жіберген мәліметке қарап отырып, қаражат осы мақсатқа жұмсалды ма, жоқ па соны бақылаймыз, – дейді Д.Баянова.
Сондай-ақ, 2-3 тоқсанда түбіртек арқылы алынған құрал-жабдықтардың фотоесебін және сол заттардың жеке пайдасына қызмет істеп жатқандығы, қанша шығыс шығып, қанша табыс тапқандығы, ал, 4-тоқсанда толықтай шығыс- кірісі туралы да мәлімет алынып тұратындығын айтып өтті.
Президент Жарлығымен бекітілген заңға сәйкес әзірге жеке кәсіпкерлерді тексеру заңсыз. Алайда, мониторинг арқылы грант иеленушілерден есеп алу барысында дұрыс мәлімет берілмесе, ол адамға заң талаптары аясында хабарлама жіберіледі. Грант қаражатына алынған құрал-жабдықтар туралы мәлімет дұрыс болмай, хабарлама 10 жұмыс күнінің ішінде ескерілмесе мансап орталығының заң бөліміне тапсырылады. Заң бөліміндегі қызметкерлер тағы да хабарлама жолдайды. Аталған талаптар кәсіпкер тарапынан орындалмаса оның ісі сот орындарына жіберіледі екен.
Бүгінде грант иеленуші адамдардың 15-і қайтарымсыз қаражатты дұрыс игере алмай, қазіргі мансап орталығының пайдасына өткізген.
Осы жылдың 25 қазанынан бастап 1280000 теңге қайтарымсыз мемлекеттік грантқа іріктеу өткізіледі. Бұл грантты Үкімет бекіткен Ережеге сәйкес арнайы әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдар алады. Жаңа бизнестік идеяларды қолдап, қаржыландыруға бағытталған жәрдемақыны атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жандар алады.
Мансап орталығы мамандарының сөзінше, қайтарымсыз грантты алуға өтінім білдірушілер жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудегі мерзімі 3 жылдан кем болмау керек. Тағы да басқа ереже, талаптары үміткерлерге таныстырылады екен.
Мемлекеттік 1 миллион 280 мың теңге қайтарымсыз грантқа қатысушыларды іріктеуге бекітілген тәуелсіз комиссияның төрағасы, ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Аманбаев, алдыңғы іріктеу комиссиясының мүшесі болған кездегі келеңсіз жағдайларды осы жолы қатаң ескеруін сұрады.
Сонымен қатар, мансап орталығының басшылығына аталған комиссиядан бөлек, грант иеленушілердің кәсібін зерделейтін комиссиялық топ жасақталуына ықпал жасауын өтінді.
– Мен бұл грантқа екінші рет комиссия болғалы жатырмын. Жобаға қатысушылар 14 күн кәсіпкерлік оқудан өтіп, арнайы тест тапсыруы тиіс. Бизнес жобаны өздері жасап, сол жобаны комиссияда қорғайды. Алдыңғы комиссия құрамында болған кезде бизнес жобаны біреуге ақшаға жасатып келгендерді байқадық. Өйткені, қолындағы жобаның өткен жылғы екенін өзі де аңғармапты. Оны қорғамақ түгілі, өзі қайда, сөзі қайда екенін білмейтіндер болды. Қалың елді қабылдау барысында бізге қоқан- лоққы көрсеткендер де табылды. Іріктеуден өтпей қалғанын жеткізу кезінде жылап, қарғап кеткендерге де куәміз», дейді.
Сондай-ақ, ол «алдыңғы іріктеуде 760 адам қатысып, 46 үмікер қайтарымсыз грантты иеленген. Демек, елдің бұл жобаға жауапсыз атүсті қарауында. Тегін ақшаны телпекпен қағып аламыз деп ойлайды. Ал, 1280000 теңгені алған 46 адам қаражатты қайда жұмсағанын құдай біледі. Осы ақшаны алып, не істегенін егжей- тегжейлі тексеретін комиссиялық топ құрылу керек», – деді.
1280000 теңге қайтарымсыз грантты алуға ниет білдіргендер бұл қаражатты шынайы игілігіне пайдаланса дейміз. Осы мүмкіндік арқылы кәсібін дамытып, жағдайын түзесе нұр үстіне нұр. Алайда, «Байдың малын байғұс қызғанады» дегендей, аталған әлеуметтік топтың қатарынан қалталылар да табылмаса игі еді.
Нұржан ӘЛІШ.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді