«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақбастауға ардақты азаматтар

Ақбастауға ардақты азаматтар
ашық дереккөз
Ақбастауға ардақты азаматтар
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ АСА МАҢЫЗДЫ. ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫН АЙТҚАНДА, ӨҢІРДЕГІ БЕДЕЛДІ ДЕ ҚҰРМЕТТІ ӘУЛЕТТЕРГЕ ТОҚТАЛУ ҚАЖЕТ-АҚ. СЕБЕБІ, ОЛАРДЫҢ КӨПШІЛІККЕ ҮЛГІ ІСТЕРІ КӨБІРЕК БОЛАРЫ МӘЛІМ. СОЛ КЕЗДЕ ЖАС ОТАУЛАРДЫҢ ШАҢЫРАҚТАРЫ БИІК, БОСАҒАСЫ БЕРІК БОЛУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІНІМІЗ АНЫҚ. Міне, осындай ұлағатты шаңырақ қатарында Ақбастау ауылында тұратын Алтаевтар отбасы да бар. Бұл әулетті жуалылықтар тегіс таниды, құрметтейді. Олай болатын себебі де жоқ емес. Отағасы Серғазы Алтаев ұстаздық мамандықты таңдап, өмірін жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған кісі. Аталған ауылдағы Б.Майлин атындағы орта мектепте 35 жыл мектеп директоры болған ақсақалды ақбастаулықтар ерекше құрмет тұтады. Ол кісі Сырдария мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, орыс тілі пәнінен де сабақ беріп, оқушылардың жүрегінен жол тапқан кісі. Бұл кісіні ауылдың құрмет тұтуы, аудан халқының бағалауы – бойындағы ізгі қасиеттердің молдығы болса керек. Ақсақалды ауылдағы әр шаңырақ биік бағалайды. Себебі, жас шаңырақтың көпшілігі Серғазы ағайдың шәкірттері. Ақсақалдың жары Дариға Садуақасова да Сырдария мемлекеттік университетінде Секеңмен қатар оқып, екеуі шаңырақ көтеріп, ертеректе Ақбастау ауылына жас мұғалім отбасы болып келген. Дариға апай да – алдынан мыңдаған шәкіртті шыңдап ұшырған маман. Сондықтан, сыйлы. Бұл кісілердің танымал шәкірттері өте көп. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессоры, ғылым докторы Ұлбике Көшербаева, «Түркістан» телеарнасының редакторы Серік Жұмабай, облыс әкімдігі білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева. Білім саласының мамандары Перизат және Сағын Қатабаев. Серғазы ағай мен Дариға апай ауылға осылайша білімнің нұрлы шамын жақты. Өнегелі ұл-қыздарды тәрбиеледі. Бір баласы Ғабит – Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы. Өзге ұл- қыздары да ата-ана жолын қуып, ұстаздық жолды таңдады. – Ауылым осы. Туған жер төсінде еңбек еттік. Еш жаққа барамыз демедік. Еңбегіміз бен білімімізді туған жерге арнадық. Осы мектепте менің тәлімімді көрген мұғалімдер кейіннен басқа мектептерге директор болды. Осы мектепте білім алған шәкірттер де білім саласында, өзге де салаларда көзге түсті. Ол – мен үшін мақтаныш, – дейді ұлағатты ұстаз, білікті басшы Серғазы Алтаев. «Мұндай кісілер – бізге мақтаныш. Серғазы Алтаев ақсақал – ауылымыздың айнасы. Барша жас отбасыларға тағылым беріп жүрген тәлімгер. Ол құрметке білікті ұстаз лайық. Біз де ағайды әркез құрметтеуге әзірміз», дейді аталған ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы. «Кезінде жас ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған. Бұл күнде ауылдың сыйлы ақсақалы болып отырған Серғазының өмірі – кейінгіге ұлағат. Әрине, қоғамда басшы да көп, директор да көп. Бірақ, Серғазының жүріп өткен жолы қай жағынан да құрметке лайық. Біз ауылдастары оны осылай бағалаймыз. Ол – отбасы құндылығын терең түсінген жан. Ол – ұстаздардың ұстазы», – дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Мақұл Қаржаулов ақсақал. Отбасы құндылығы дегенде ұлағат пен тағылым, тәрбие басты назарда тұрады. Тұнық тәрбие таусылмас тағылымға жетелейді. Таусылмас тағылым ұрпағымыздың талғамды болуы үшін керек. Жақсы өнеге – талғамды ұрпақ кепілі. Бұл орайда, бір ауданның айнасына айналған Серғазы Алтаев таратқан тәлім ерекше. Оны ақбастаулықтар жақсы сезініп отыр.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар