Тергеу судьясының құзіреті маңызды
Дана халқымыз қара қылды қақ жарған қазыларға ерекше құрметпен, сыйластықпен қарағаны белгілі. «Тура биде туған жоқ» деп қай істе де әділ шешім шығарған би- шешендерге қарапайым жұрттың ілтипаты бөлек еді. Ал, кешегі қазылар – бүгінгі судьялар. Әділетті Қазақстанның басты қағидаты – әділдік екенін ескерсек, бұл міндетті абыроймен атқару судьяларға жүктелген. Жалпы, судья қабылдайтын әрбір шешім Ата Заңға сай болуы тиіс. Өйткені, олардың (судьялардың) шешімдері ең алдымен, еліміздің тағдырына ықпал ететін шешімдер болмақ.
Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жүзеге асырылатын іс-әрекеттеріне сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне шағым келтіру әр адамның сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі. Қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері және шешімдері жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер еткен жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар) сондай-ақ ұйымдар (егер көрсетілген актілермен олардың заңды мүдделеріне әсер етсе) сол сияқты олардың қорғаушылары, өкілдері сотқа шағыммен жүгінуге құқылы.
Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау тергеу судьясының өкілеттігіне жатады. Прокурордың, тергеу және анықтау органдарының қылмыстық құқықбұзушылық сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуына, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, қылмыстық істі тоқтату, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, тінтуді немесе алуды жүргізу, өзге де әрекеттерді жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы әрекеті мен шешіміне байланысты сотқа шағыммен жүгінуге болады.
Заңда өзге тәртіппен шағымдану көзделген процестік әрекеттер мен шешімдердің күшін жою туралы шағымдар Қылмыстық- процестік Кодекстің 106-бабының тәртібімен қарауға жатпайды. Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеп- тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық құқықбұзушылық туралы арызды, хабарламаны немесе баянатты тіркеудің күшін жою туралы шағымдар сондай- ақ дәлелдемелерді жарамсыз деп тану туралы, адамды күдікті, қорғануға құқығы бар куә деп тану, әрекетті дұрыс сараламау немесе айыптауды тұжырымдау туралы, не оның дәлелденбегені туралы, күдікті деп тану және әрекетті саралау кезінде заңды дұрыс қолданбау туралы, сот санкция берген бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шағымдар, сондай- ақ сот актілерінің заңсыздығы туралы шағымдарды қарау тергеу судьясының өкілеттігі тәртібімен қарауға жатпайды. Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауы тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексеруі қажет.
Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін. Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән- жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды.
Тергеу судьясы сотқа дейінгі қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдардың құқықтарының, бостандықтары мензаңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Бұл – сотқа дейінгі қылмыстық сот ісін жүргізу барысында айыптаушы және қорғаушы тараптарының жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидатының толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Аңсабек НАЗАРҚҰЛОВ,
аудандық соттың судьясы.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді