КӨЛІК ТІЗГІНДЕГЕНДЕР ҚАТЕЛЕСПЕСІН!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру екенін атап өтті. Президент өз сөзінде соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсіп, салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алғанын жеткізді. «Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан, жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты. Жуырда ғана электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданды. Енді көліктің жаңа түрлерін іс жүзінде қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Рас, қазіргі таңда күнделікті теледидар мен әлеуметтік желілерде еліміздің тас жолдарда қайғылы оқиғалардың орын алғандығы туралы ақпарат тарап жатады. Көрсетілген кадрлар мен айтылған ақпаратты естісең жан түршігеді. Мемлекет басшысынан бастап жергілікті деңгейдегі билік өкілдері күн сайын осы жол қауіпсіздігіне аса мұқият болуға шақырғанымен көп дүние жол жүргізушілер мен жол қозғалысы қатысушыларының өзінен болып жатқаны жасырын емес. Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету – қазіргі таңда жүгенсіз жүргізушілердің ең жиі жасайтын қателіктері. Бұдан бөлек, мас күйінде темір тұлпарды тізгіндеп, талай тағдырды талқан етіп жатқандары қаншама. Мәселен, есепті кезеңде бір ғана Қордай ауданы аумағында және аудан аумағынан өтетін автожолдарда жол-көлік оқиғалары төмендегенімен, оқыста қаза болғандардың саны 24 пайызға өскен. Өткен жылы аудан аумағындағы жолдарда 25 адам қаза болса, биыл бұл көрсеткіш 31-ге жетіпті. Ал, жарақат алғандар 248-ден 224-ке азайған.
Жалпы, аудан аумағын кесіп өтетін республикалық маңызы бар жолдарда 92 жол-көлік оқиғалары тіркелген. Мұнда қаза болғандардың саны 24-тен 28-ге артып, жарақат алғандар саны 2,8 пайызға өскен. Жергілікті маңызы бар жолдарда да қауіпсіздік ережелерін елемей, темір тұлпардың тізгінін бос қоятындардың қарасы қалың. Есепті кезеңде бұл жолдарда 9 жол-көлік оқиғасы орын алған. Ал, былтыр 5 оқиға тіркеліп, 2 адам ажал құшқан. Сондай-ақ, 16 адам жарақаттанған. Өкініштісі, осы көрсеткіштердің ішінде жасөспірімдердің болуы да көңілге қаяу түсіреді. Осы жылы дәл осындай қайғылы оқиғаның салдарынан 5 жасөспірім қаза тауып, 51-і түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған.
Әрине, жол болған соң кемшіліктер де болмайды. Сол себепті, жол сапасы мен ондағы қауіпсіздік мәселелері өте маңызды әрі өзекті. Бұл ретте полицейлер Қордай ауданы аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігінің «Жол полициясы бөлімшелерінің жол қызметі саласындағы ережелердің, нормативтердің және стандарттардың сақталуын мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруды және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі» №757 бұйрығының талаптарын орындау мақсатында жұмыстарды қолға алыпты. Сақшылар жүргізген тексеріс нәтижесінде бір мыңнан аса кемшілік анықталған. Әйтсе де, аталған кемшіліктерді жою мақсатында жолға жауапты мекемелердің басшылығына 187 нұсқау берілгенімен, әзірге ол нұсқаулықтар толығымен орындалмаған. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу әрі болдырмау сондай-ақ аудан аумағынан өтетін күре жолдарда қауіпсіздік шараларын іске асыру мақсатында Алға, Әлжан ана, Степной, Жамбыл, Бетқайнар, Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдарына бейнебақылау камералары орнатылса деген ұсыныс енгізген.
Қорыта айтқанда, заң мен тәртіпке бәріміз бағынуымыз керек, сонда ғана еліміз өсіп- өркендейді. Бұл – мызғымас қағида. Оның үстіне, жол қателікті кешірмейді! Осы тұста талай жанның обалына қалып жататын жүргізушілер ойлануы керек-ақ. Өйткені, бір жүргізушінің бассыздығының кесірінен қаншама отбасы қайғы жұтып отыр.
Жандос ОМАРОВ,
журналист.
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді