Асқар рухты асқар тау
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның туған күні Әулиеатада ауқымды деңгейде аталып өтті. Әулиеаталықтар бұл күні таңсәріден қаранар қайраткердің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, ардагерлер мен көзкөргендер, зиялы қауым мен жастар Шераға ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мұнан соң белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының студенттерімен жүздесіп, Шерағаның редакторлық қызметі мен жазушылық қыры, мемлекеттің тағдырына қатысты жасаған батыл шешімдері тұрғысында тағылымды әңгіме өрбітті. Мұнан соң Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында мектеп оқушылары арасында аймақтық фестиваль ұйымдастырылды. Жалпы, Шерағаның туған күні қазақ әдебиетіндегі айтулы күндердің бірі. Бұл күнді Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы» дәстүрлі негізде биыл төртінші рет атап өтті.
Орталық жыл сайын ұрпақтар сабақтастығын жалғай отырып жаңа форматта байқаулар өткізіп келді. 2020 жылы «Шынның жүзі – Шераға» тақырыбымен онлайн форматта бейнероликтер байқауы өткізілсе, үш жыл қатарынан 2020-2022 жылдары дәл осы тақырыпта жас ақындардың мүшәйрасы ұйымдастырылды. 2020 жылы жазушының Тараз қаласында тұрған үйіне орталық ұсынысымен ескерткіш-белгі орнатылды.
Халық жазушысының 90 жылдық мерейтойы аясында Жуалы ауданы, Талапты ауылындағы өз үйі орталық меншігіне беріліп, бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы әдеби- мемориалды үйі ретінде ел игілігіне қызмет етуде.
Бір жыл ішінде әйгілі қаламгер үйіне мыңға жуық қонақ арнайы атбасын бұрып, рухани тәлім алды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, жалынды жастар көп.
Ал, сол үйде сақталған күнделік жазбалары негізінде орталық қызметкерлерінің ұсынуымен «Ауылды, сені сағынам» атты 2 томдық кітабы жарық көрді.
Ал, биылғы туған күнінде Шерхан Мұртазаның: «Театр көбейген елде, түрме азаяды» деген сөзін ілгері тартып, мектеп жасындағы оқушылардың арасында, драма үйірмелерінің жемісін ортаға салуды жөн көріп, «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалі ұйымдастырылды.
Фестивальға облыс аумағынан барлығы мектеп жасындағы балалар арасынан 7 ұжым қатысуға ұсыным берген екен. Оның ішінде 1 мектеп ұжымы Қордай ауданындағы Шерхан Мұртаза атымен аталатын оқу орны. Сондай-ақ, фестивальға «Қоғамдық келісім» мекемесінің өзге ұлт өкілдерінен құралған «Достық» драма үйірмесінің қатысушылары мен облыстық зағиптар және көзі әлсіз көретін азаматтар кітапханасының «Театр және инклюзия» жобасының мүшелері қатысты.
Фестивальда жазушының «Домалақ ана», «Ай мен Айша», «Интернат наны», «41-ші жылғы келіншек» шығармалары және жазушының ғұмырнамасына арналған «Найзағай», «Шерханның шерлі ғұмыры» сынды шығармалар сахналанды.
Фестивальға қатысушылардың өнерін Мәдениет, өнер және бұқаралық ақпарат құралдары саласының ардагері Асқарбек Сейілхан, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі Жүніс Әлімбеков, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева, облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев бағалап, өнер ұжымдарына сый- сияпаттар тапсырды.
Іс-шара ақсақалдардың батасымен ашылып, шарада облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының «Көңілді балалар» хор өнерпаздары, «Қарақат» өнер мектебінің дәстүрлі әншілер және жетігеншілер ұжымдары, «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің мүшесі Інжу Нұржанқызы да өнер көрсетті.
Фестиваль соңында барлық қатысушылар «Мыңбұлақ», «Бойтұмар», «Жолашар», «Мылтықсыз майдан», «Қара маржан», «Қызыл жебе», «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» номинацияларымен, жекелеген дарынды балалар «Үздік сомдаған образы үшін», «Үздік басты рөл үшін», «Ерекше есте қалған образ үшін» номинацияларымен марапатталды.
Барлық қатысушыларға «Aisha cosmetics» дүкендер желісінің иесі Меруерт Аппазованың атынан арнайы сый тапсырылды.
Аталған іс-шара 29 қыркүйекте «Түсіме жиі Мыңбұлақ кіреді» әдеби сағатымен Жуалы жерінде, жазушының әдеби-мемориалды үйінде де өз жалғасын тапты.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді