Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қарттарын қадірлеген ел ардақты
ашық дереккөз
Қарттарын қадірлеген ел ардақты
Қазыналы қарттар күні облыста жылда кең көлемде аталып өтуде. Биыл облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы екі әлеуметтік орталықта болып, ардагерлермен кездесті. Бұл атаулы күн 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған күннен бастап мерекеленуде. Бүгінде қазыналы қарттарға құрмет көрсетуді қолға алған №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 122 әлеуметтік қызметкер, 125 қызмет алушы бар.Әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқан сала ардагерлері осынау мерекеге орай ұйымдастырылған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шараның қонағы болды. Сондай-ақ, кеш барысында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Томирис» би ансамблінің ән-шашуларын тарту етті. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлермен қатар осы орталықта қызмет алушы Татьяна Шумилова «Рябинушка» әнін тамылжыта шырқады. Аталған іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев асыл қазыналарымызға ақ тілегін арнады. – Орталықтағы барша қариялардың ел ішінде еңбегі елеулі екеніне сенім білдіремін. Қазыналы қарттардың өмірден алған тәжірибесі бізге үлгі. Ардақты қарияларды көрген сайын өз ата-анамды ойлаймын. Мен ол кісілермен жиі хабарласып, жағдайын сұрап тұрамын. Қазақтың ұлттық рухының биіктігі қазыналы қарттарды құрметтеуінде жатыр. Әрбір үйдің ақылшысына айналған қарияларға ұзақ ғұмыр тілейміз, – деді облыс әкімі. Самайын ақ қырау шалған қазыналы қарттар бұл күні сый-сияпат алып, құрметке бөленді. Ән-күйі шарықтаған мерекелік кештің әсерлі бағытымен көңіл-күйлері көтеріліп, мәре-сәре күй кешті. Мұнда тағдыр тауқыметіне қайыспай қарсы тұрып, әр күннің шуағына шүкір ете білген қазыналы жандардың ішінде Бекен Белбаев пен Мейрамкүл Нұрбаева екі жарты бір бүтін болып, осы мекемеде бас қосқан. Отбасы құрғандарына бес жылдан аса уақыт болған.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар