Заман деген заңғармен санасады
28 қыркүйек – Шерхан Мұртазаның туған күні. Иә, ол ата-бабаның атақонысы Мыңбұлақтың қоңыр күзінде 1932 жылы дүниеге келген. Сұрапыл да сойқан кез болатын. Қазақ халқы солақай саясаттың кесірінен аштыққа ұшырап, қынадай қырылған жыл еді. Ашаршылық құрбандары миллиондап саналды. Әкесі Мұртаза Бердімұратұлы мен анасы Айшаның жанкештілігінің арқасында аман қалған сол қарадомалақ бала есейе келе қайсар жігіт, қалың елге тұтқа қайраткер болып қалатыны ата-анасының тілеуі болар, бәлкім, ұлттың маңдайына біткен ұлдың өз пешенесі шығар. Жоқ, арман-аңсарын күткен біздің иманды халқымыздың да бақытына туған дер едік.
Сол жылы туғандардың елімізде өте аз болуы қолдан жасалған ашаршылық пен «қарашешек» дертінің жаппай орын алуының сұмдық салдары. Бұл зорлық-зобалаң, нәубет, қайғылы қасірет жайында талантты суреткер «Қызыл жебе» романы мен «Сталинге хат» пьесасында тарихи деректер негізінде жазып, кешегі кеңестік идеология мен саясаттың шынайы пердесін ашып, бұрынғы сірескен ой-сананы тас-талқан етті. Бұл сананы сілкіндірген жазушының ерлігі еді.
Тосын, өте қауіпті тақырыпқа тайсалмай барған қаламгерге осы еңбектері керемет абырой әкелді. Асқан талант иесі Асқар Сүлейменов сол бір жылымық саясат лебі ескенде «Сіз жазбасаңыз, бұл Сталині бар тақырыпты ешкім жаза алмайды. Бұдан әрі кеш болады» деп әрі қолқа салып, әрі қамшылаған екен. Атышулы «Сталинге хат», одан кейін «Бесеудің хаты» осылай жазып, сахнаға қойылған. Сол кезде дүрілдеп, дүркіреп тұрған Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Г.Колбин арнайы спектакльді көріп, театрдан ілбіп басып, үнсіз ғана шығып кеткен екен.
Орайы келгенде ойға оралып отыр. Дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов бір сөзінде өзінің Қабанбай батыр туралы шығармасын газет- журналдар басшылары түрлі сылтау айтып, баспай қояды. Сондай бір мазасыз шақта бас редактор Ш.Мұртаза «Жұлдыз» журналының үш нөміріне үзбей жариялаған турашылдығы мен қамқорлығын айтқан-ды. Және бір салмақты ойын «Қайсар мінезді Шәкең саяси қуғын-сүргін құрбаны болған әкесінің жазықсыз жазаланып, қайғы-қасіретке ұшыратқан кеңестік саяси билікті ешқашан кешірген де, ұмытқан да емес. Саяси жауыздық пен зұлымдықты барынша әшкерелеп, оны шығармаларына арқау етті. Меніңше, «Қызыл жебе» романы мен «Сталинге хат» пьесасының жазылу тарихынан осы жағдайларды аңғаруға болады. Ол әдебиет майданында көзсіз ерлік жасаған батыр адам» деп бағаланды.
Қазақ қоғамында ел тағдырына ет-жүрегі елжіреп, жер тағдырына жаны ауырып, шындық үшін отқа түскен, өмір бойы халық сөзін айтып өткен Шерхан Мұртазадай қазақ перзенті болмаса, ұлттан да ұят болатындай еді. Мұны кешегі және бүгінгі замандарда жан-тәніңмен сезінбеу мүмкін емес.
Табиғат жомарт, бірақ сол табиғаттың сыйы өте сирек. Сыйлайтын адамдар бар, әрине, бірақ сирек. Сол сирек сыйлы адамдардың бірегейі деп шарболат елағасын туған халқы жүрек көзімен айтты.
Өз ойы арқылы өз мінезін қалыптастырған ол кісінің ең басты қасиеті-адамдарға жақсылық жасауы еді. «Жақсылық – бұл кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі» (Марк Твен). Бір басынан басқаны ойламайтын баққұмарлық пен ашкөздікке, қу дүние мен ақша үшін әке-шешесін де сатып жіберуге даяр опасыздарға, жерасты байлығын, мемлекет қаржысын қызмет бабын пайдаланып, арам пиғылдарымен тонап, ұрлаған мансапқорлыққа, жетім-жесірдің, кембағал жандардың аузындағысын жырып, жамбасына басқан жемқорларға, заң үстемдігін аяқасты етіп, қорлап, бетімен кеткен озбырларға қарсы айбарлы қалам-қаруымен, батыл да жаужүрек сөздерімен, биік-биік, мәртебелі мінберлерден табандап тұрып айтуы арқылы өз халқының алдындағы парызы мен қарызын өтеді және қоғамның дамуына септігін тигізді. Бұл ойымызды нақтылай түсер болсақ, осы қасиеттері шын мәнінде халықтық идеологияның жебеушісі, қай кезде де туұстар адамның жақсылығы деуге толық хақымыз бар.
Сондықтан да, Шераға – қоғам айнасы әрі шындық сөздің жебесі болды. Ал, егеменді елдің рухани байлығы мен қазынасын жасайтын зиялы қауым мен ұлттық журналистиканың жампоздары да, үзеңгілес әріптестері де, ізін қуушы жастар да, барша қаймана қазақ оны арқа тұтты, туған әкесіндей сенді, қорғаныш санады.
Се сті қайраткер, қаhарман саясаткер, қайталанбас редактор, көрнекті жазушы, журналистердің көшбасшысы және қатал да қамқор ұстаз деп келетін ең ардақты сөздер мен киелі ұғымдар қонымды және лайықты болатын.
Кейде оңаша ой кешкенде, қайда болса да қарапайым қасиетінен таймаған Шераға өзінің осыншама зор ықыласты, екінің бірінің еншісіне бұйырмаған бақ пен даңқты білді ме, қалай сезінді, қалай қабылдады екен деген сауалдар көлбең қағады. Бұл сауалдарға жауапты халық жазушысының алты томға енген мақалалары мен сұхбаттарынан таптық деуге болады. Негізі Шерағаның жазған дүниелерінің оқылмайтыны жоқ, сол себепті де кілең үздік, кілең ойлы, кілең тартымды және өзекті тақырып, күйіп тұрған зәрулікті дәл уағында қозғау салғаны заңғар қаламгердің заңдылығы.
Жұртшылықтың жүрегінен орын алған «Шерхан мен Камалдың өзара жазысқан хаттары» неге ел есінен шықпай келеді? Себебі, демократияның үп еткен лебі де сезілмейтін кезеңде басын бәйгеге тігіп, оқ пен оттың ортасында жүріп қоғамдағы кем-кетіктер мен орашолақ әрекеттерді, биліктің көзге сүйел болған олқы тұстары мен сыбайлас жемқорлық атаулыны аяусыз сынап, маңдайы тасқа тиген шенеуніктерді аты-жөнін атап-атап айыптаған өткір мақалаларды жазып, халықтың мұң- мұқтажы мен өмір шындығын дөп басқан жанашыр көзқарастары ерлікке пара-пар еді.
Зауал түптің түбінде кімдерге келетінін болжаған ойы 2022 жылғы қаңт ар қасіретінен кейін айғақталып, небір мырза- бишігештер халық алдында абыройларынан жұрдай болып, аймандай болған жоқ па?!
Кіп-кішкентай кітап «Бір кем дүниеде» өмірдің 256 өкініші оймақтай, қып-қысқаша тұжырымдармен тұйықталғанымен, жазушының дәл тауып айтқанының әрқайсысы бір-бір роман- повестке жүк болатын өзекті мәселелер екені дау тудырмайды. Бұл жаңа стиль, ықшамды формат суреткердің сезімталдығы, жаңа заман оқырмандары талабын ескеріп, олардың сұранысымен дер кезінде санасу деуге болады.
Ел аузында айрықша аталған Шерағаның артықшылығы тағы неде? Менмендік, асып- тасу, атаққұмарлық, өзін жоғары қою, кісімсу, көлгірсу және міндетсіну – оған түп-тұқиянымен жат нәрселер. Ұлылықты ерте ұққан ұлт перзенті тұнып тұрған қарапайымдылық және ізгі қоғамдық мәдениетпен өмір сүрді. Тәкаппар мінезі мен қалың қабағы қажетті шақта асауды жуасытып, шіренгендерді сабасына түсіріп жіберетін. Тәубасына келтіретін.
Түпкі тегінде Тұрар Рысқұлов пен Бауыржан Момышұлының ұлт үшін жаратылған, халқы үшін туған тағдырына ұқсас өмір мағынасын біз, кейінгі жас ұрпақ қалай ұғып жүргенімізді әлі де байыптап үлгергеніміз жоқ. Бүгінгі ұрпақ жазушының «Бір кем дүние» новеллалары мен «Ай мен Айша» повесін, «Қызыл жебе» роман- эпопеясын, басқа да прозалық шығармаларын және шетінен шедевр көркем әңгімелерін қайталап оқуымыз керек.
Баспагерлердің айтуы бойынша қазіргі аласапыран, жақсы мен жаман жағаласқан уақыт өрінде оқырмандардың жазушының әсіресе, «Ай мен Айша» повесіне, көркем де шұрайлы әңгімелеріне және «Бір кем дүние» кітабына сұраныстары күрт артып, таралымы көбейе түскені көп жәйтті, ең бастысы өлмес туындылардың халықпен бірге жасай беретінін аңғартады. Ал, қазақ баспасөзінің қоғам алдындағы абыройын биік шыңға шығарған Ш.Мұртаза тәлімі жаңа дәуірде де тағылымды және тартымды болып отыр.
Жақында қазақтың белгілі жазушысы Жұмабай Шаштайұлы бір телесұхбатында «Шерағаның шекпенінен шықпағаныма өкінемін кейде» деді. Бұл өзі қазақ баспасөзінде өзіндік салмағы бар, әртүрлі басылымда 20 жылға жуық бас редактор болған айтулы қаламгердің пікірі. Ойындағысын ашық айтып отырған Жұмабай ағамыздың өзіне сын көзбен қарай отырып, Шерағаның адамды таңғалдыратын қасиеттерінің қыр-сырына қанығудың қиын әрі күрделі, тіптен кейде жұмбақ болып көрінетінін де еске салады.
«Мен жақын жүретін әріптес жолдастарымның «Біз Шерағаның шекпенінен шықтық» деген сөзіне қызығамын» дейді. Бәріміз де шенеуніктердің шекпенінен емес, Шерағаның шекпенінен шыққанымызға шүкір. Кім айтып еді, өзі, ә, ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Шерағаң барда біз бармыз» деп, талантты қаламгерлер Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова мен Дулат Исабековтің, Бексұлтан Нұржекеұлының, Ақселеу Сейдімбектің, Серік Әбдірайымұлының, Кәрібай Ахметбековтың, Кәдірбек Сегізбаевтың, Сейітқазы Досымовтың, Қуанышбай Құрманғалиевтің және сан ондаған, жүздеген, тіпті мың сан ақын-жазушылар мен журналистер «Шерағаның шекпенінен шыққан» ұғымын ұлылық пен ұлт баспасөзінің дәстүрлі мектебін қалыптастыру сипатында бағалап, мақтаныш етеді.
Белгілі журналист-публицист, әдебиетші ғалым, шебер көсемсөз иесі Бауыржан Омарұлы секілді дарынды іні-ізбасарлары өздерінің Шераға болмысы туралы әрбір сүбелі мақаласы мен қас-қағым қысқа қайырымдарында «Біз ол кісінің қасында жүріп, бірге қызметтес болмасақ та сол кісінің сырттай-ақ шекпенінен шықтық деп санайтындардың қатарындамыз» деп сүйіспеншілікпен жазады. Себебі, қазақ журналистерінің қалың шоғыры жарты ғасырдан бері дара туған оны пір тұтып, еліктеп, бой түзеп, өсті.
Қазір де дара қайраткердің рухы көкте тұр. Кейбір тәрбиесіз, бетімен кеткендер желбуаз, көпірме сөздерімен ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізіп, қорлап жатқандар мен жемқорлар, ұры- қарылардың, билік тізгінін қолына ұстағандардың мол қазына мүлкін ту-талапайға түсіргені әшкере болуына қатысты, «Не айтар еді», деп те ойлауымыз мүмкін. Шіркін, қазір Шераға не айтар еді? дейтін өткір мәселе аз емес. Қайран, Шераға болса ғой, билікке қарай қақыратып айтар еді! деп оны жоқтап, іздейтіндер де жетерлік.
Солай да солай, әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева естеріңіз де ме, Халық жазушысының 90 жылдығына арналған конференцияда «Шераға өзінің саналы ғұмырында қоғамдағы әділеттілік пен ақиқат үшін аянбай күресті. Ал, біз болсақ, ардақты ағаның аманатты жолын адалдықпен жалғастыра алмай келеміз» деп өкініш білдірді.
Бүгінгінің Шерағалары қайда? Ірілердің інілері бар емес пе? Еститін билік, еститін үкімет осыны естіді ме? Таласып, тартысып айтары жоқ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінде Шерхан Мұртазаның қаламгерлікпен қатар қайраткерлік қасиеттері көзі тірісінде-ақ зор биікке көтеріліп, ел-жұртымыздың ұлттық намысы мен абыройына айналды.
Шындықтың бетіне тура қарап айтар болсақ, қазақ баспасөзінің арғы-бергі тарихында және бұрын-соңды дәл Шерағадай бас редактор болған емес. Ұлттың ұстыны болған ұлы тұлғаның табиғи жаратылысы мен ешкімге ұқсамайтын кесек мінезі, жүрек жұтқан батылдығы және көрегендігі бір өзін ғана емес, өзімен бірге қызмет еткен жас журналистердің де шоқтай жанып, бір елдің жүгін өз иықтарымен көтере алатын жоғары деңгейге жетуіне жолдарын ашты. Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен айтар ойы ұшқыр, терең, жазар қаламының желі бар адамдарды әркімге арман болған Алматыға шақырып алды да тұтас қоғамның мәдени өміріне және жастарды тәрбиелеу жұмысына белгілі бір деңгейде өзгеріс әкелді. Қазақ қоғамында «Шерағаның шекпенінен шықтық» деген атаулы сөз бен ойдың баламасы жоқ және бұл сөз тіркесі басқа да қаламгердің атынан айтылған емес. Абзал және айбарлы қаламгердің «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас»), «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Жұлдыз» және «Жалын» журналдарын жемісті басқарған жылдары және мемлекеттік «Қазақстан» телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитеттің төрағасы болған кезінде мың сан маман шәкірттер тәрбиелеп, ақпарат кеңістігінде тұтас Армия сарбаздарын шыңдап шығарған қолбасшыны көз алдыңа елестетеді.
Қазақ баспасөзінің қолбасшысы! (Үзеңгілес әріптестерінің сөзі). «Барлық редакторлардың редакторы!» (Е.Смайыл). «Бұрын-соңды Шерхан Мұртаза секілді мемлекет және қоғам қайраткері болған емес» (М.Құл-Мұхамед).
Егер Шерағаң жайында осы уақытқа дейін айтылып, жазылған мақалалар мен әдеби зерттеу еңбектеріне көз жіберіп сараптайтын болсақ, сол том-том болатын дүниелерде жазушының әрбір көркем шығармасының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мен олжасы мейлінше әділ айтылған. Сол уақыттарда Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғабиден Мұстафин, Тахауи Ахтанов, Жұбан Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Мұхамеджан Қаратаев, Рахманқұл Бердібаев, Әнуар Әлімжанов, Шерияздан Елеукенов секілді классик жазушылар мен әдебиет сыншыларының әрбір ойы қорғасындай ауыр, алмас қылыштай өткір екенін ескерсек, хас таланттың аяқ алысынан бастап үлкен үміт күткен. Үміттері толығымен ақталды.
Тәуелсіздік жылдары Шерағаның өміріне өшпестей із қалдырды. Есесіне елағасы егемендіктің құндылықтарын байытып, ұлттық мазмұнын сақтап, оянған жұртын әділетті қоғамда дені сау, білімді, мәдениетті болып, құлдық психологиядан арылып, бақытты өмір сүруі үшін өзін ешқашан аяған жоқ. Жанын салып ел мүддесін қорғады. Жалғыз болған жоқ, әрине, әрқайсысы бір-бір редактор бола алатын және болған сарбаздарына арқа сүйеді. Риза көңіл мұхит суындай тасыды.
Ел аузында айрықша аталған Шерағаның артықшылығы тағы неде? Менмендік, асып-тасу, атаққұмарлық, өзін жоғары қою, кісімсу, көлгірсу және міндетсіну – оған түп-тұқиянымен жат нәрселер.Ұлылықты ерте ұққан ұлт перзенті тұнып тұрған қарапайымдылық және ізгі қоғамдық мәдениетпен өмір сүрді. Тәкаппар мінезі мен қалың қабағы қажетті шақта асауды жуасытып, шіренгендерді сабасына түсіріп жіберетін. Тәубасына келтіретін.Бірақ мағыналы өмірінде мақтангерлік пен мақтану пендешілігінен жоғары тұруды мұрат етті. Бір жолы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалада оны ұлы жазушы деп атайды. Мұны шын ниетімен жазған тілшіге арнайы телефон соғып «Қарағым, мені «ұлы жазушы» дегеніңіз артық. Ондай зор атаққа Мұхтар Әуезовтер қана лайықты» деп айтады. Ол кісі «сіз» деген сөзді сыпайылық пен мәдениет сипатында бейтаныс үлкен-кішіге бірдей қолданатын. Ұлылық кімге жарасады, оны да талантты адал адамдар айтады. Заман да заңғармен санасады. Біз де осы көрнекті қайраткер ағаның шекпенінен шыққанбыз. Шераға жап-жас журналист кезінде 1957 жылы көктемнің мамыр айында іссапармен Жамбыл облысының Талас ауданына жолы түсіп, байырғы Үшарал ауылына келіп, біздің әулеттің шаңырағына қонақ болған күні мен дүниеге келіппін. Құтты қонақтың жолы бізге жұғысты болсын деп ата-анам ырым жоралғысын жасапты. Сол сапардан жазылған «Талас көктемі» дестелі очеркі «Лениншіл жас» газетінің 1957 жылғы сарғайған беттеріне басылған. Жалғыз біз емес, оны әрдайым мақтан етіп әрі жауапкершілік деп түсінетін кісілер қатарында жүрміз. Артынан ілескен іні-шәкірт болдық. Рухы иен қуаты күшті, жүз жылда бір рет туатын тұлғаның мейірімі мен қамқор пейілін шексіз сезініп, ардақтаған қаламгерлер қауымы үшін «Шерағаның шекпені» тат баспайтын, кір шалмайтын таңғажайып шекпен. Іздеушісі жоғалмайтын және келешекте де ұрпақтардың аса қадірлісі болып қалады. Көрнекті тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Үкімет пен ұлт жанашырлары айтарлықтай іс-шараларды жүзеге асырды. Жамбыл облысында төрт орта мектепке, Астана мен Алматыда, Тараз қаласында көрікті көшелерге есімі берілді. Таразда Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы жұмыс істейді. Жазушының мемориалдық үйі Жуалы ауданы, Талапты ауылында орналасқан. Ерекше оқиға: Халықаралық Тараз инновация институтының Ш.Мұртаза есімімен аталуы және сол жоғары оқу орнының ғимараты алдындағы аялы саябаққа қазақтың Шерағасына тұла бойы тұрған ескерткіштің қойылуын атап өтуді дұрыс деп санаймыз. Көне қаланың ажарлы көркіне көрік қосқан зерлі, сәулелі дүние болды. Әділетті Қазақстан рухымен де үндес болды. «Елім!» деп өткен Ерді әрдайым лайықты құрметтеген халқымыз аман болсын! Бұл күні аталмыш жоғары оқу орнында және мектептерде дәстүрлі Шерхантану сабақтары өткізіледі, одан әрі «Шерхан Мұртаза әлемі» фестиваліне жалғасады деген сенімдеміз. Мұндай бастамалар мен қадамдар ұлттық руханият пен төл мәдениетімізді дамыту ісіне дем береді. Қайран, Шераға! Таулардың атасы Алатауды «Тәңіртау» деп атап, бір Жаратушы құдіретке сыйынатын еді… Айтпақшы, Абыл мен Қабыл туралы жазған адамзат тәмсілі есіңізде ме?!
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
қоғам қайраткері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді