Жұлдызы биік Жуалы
Жақында Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы саябағында Жуалы ауданының құрылғанына – 95 жыл толуына орай «Жуалым – құт мекенім!» атты аудандық фестиваль және облыстық мәдениет, өнер күніне арналған мерекелік іс-шара кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шарада әуелі ауданның Құрметті азаматтары Б.Момышұлы мұражайындағы батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды және «Ерліктің туы – Бауыржан» атты театрландырылған қойылымды сахналады. Мұражай аумағында барабаншы қыздар, «Бауыржан Момышұлы» шекара бекетінің сарбаздары және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі, аудандық «Достық» мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін көрсетті.
«Дала дидары» ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесінде жеміс-жидектің, бақша өнімдерінің, дәнді-дақылдарды көрмеге жайғастырылған.
«Дәстүрім – асыл қазынам» этнокөрмесі алаңында қазақ ауылының бейнесі ерекше сән беріп тұрғандай әсер қалдырды. «Күндік» орау дәстүрі таныстырылып, егде әйелдің басына тартатын ақ жаулығы қойылымы көрсетілді. Диірмен айналдырып, келі тартып, күбі пісіп, құрт қайнатып, май түсіріп, табаға нан көміп отырған жеңгелер ауыл бейнесін айшықтай түсті.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы» мекемесінің қызметкерлері көрмеге түлкі, борсық, арқар, қасқыр, бүркіт, қырғауыл, қабан шошқа экспонаттарын жеткізіп, танымдық таныстырылым өткізді. Одан бөлек, аудан қолөнер шеберлерінің бесік, күбі, пиманың қалыбы сияқты бұйымдары таныстырылды.
«Жеті қазына» көрмесіне ер жігіт, сұлу әйел, құмай тазы, берен мылтық, жүйрік ат, ақыл-білім, қыран бүркіт қойылған.
Қазақы ауыл бейнесіндегі жүн түту, жүн сабау, ою оюмен, текеметке түр берумен, киіз басумен, ұршық иірумен, кесте тігіп, кілем тоқумен, қыз жасауын дайындаумен, құрақ құраумен, қамыстан ши тоқумен айшықталып тұрды. «Асығың алшысынан түссін» бұрышында бозбалалар асықатып, «Ханталапай» ойынының көркін келтіруде.
Көрмеге төрт түліктің төлдері мен үй құстары да орналастырылған. «Мәдениет – асыл қазынам» шығармашылық көрмесі алаңында ауданымыздың мәдениет үйлерінің және ауылдық клубтарының баннері, ақын- жазушылардың кітаптарының макеті жасақталған. Зиялы қауым өкілдеріне кітапхана көрмесі, «Мыңбұлақ» халық театрының, «Бөкейтау» халықтық вокалды, «Жаңабаевтар» халықтық отбасылық ансамбльдерінің тарихы, жетістіктері таныстырылды.
«Ұлттық ойын – ұлт игілігі» жастар алаңында белдескен палуандар боз кілемде қазақ күресін көрсетсе, күш иелері 50 килограмм шекерді көтерумен бақ сынасты. Есесін жібермейтін есепке жүйрік жеткіншектер тоғызқұмалақ ойынын, білегі шыныққан ер балалар қол күресінен сайысты.
91628 әскери бөлімінің сарбаздары жылқыны басқару техникаларын, таэквондо спорт мектебінің кірпіш сындыру өнерін және ауылдық округ шабандоздарының «Қыз қуу» ұлттық ойындарын тамашалады.
«Ұлы Жібек жолындағы Жуалы» тарихи көрмесі бай-манаптардың, саудагер- көпестердің образын сомдап, тарихқа ой жүгіртті. Мата, құмыра, кілем сатқан саудагерлер ұстаханасында қылыш қайрап, айбалта жасаған темірші, қырманға шығып бара жатқан шаруалар, Ұжымдастыру кезеңіндегі халық бейнесі, соғыс жылдарындағы вагонға тиелген халық келбеті тарихтан сыр шертті.
Қылқалам шеберлерінің көрмесі де назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, тарихпен бірге дамып, тарихтың әрбір сәтін баспа беттеріне жариялап отырған «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті көрмесіне кеш қонақтары ерекше ілтипатын білдірді.
«Жуалы – генералдар ұясы» көрмесі алаңында ауданнан шыққан генералдардың есімі, еңбегі таныстырылды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің тарихи жәдігерлері, аудан аумағынан табылған көне түркілер заманының жәдігері Балбалтастар және «Мыңбұлақ» бұлағы символы орын алған.
«Бірлігіміз жарасқан!» этномәдени бірлестіктерінің көрмесі алаңында өзге ұлт өкілдері ұлттық мәдениеттерімен, өнерлерімен, салт-дәстүрлерінен сыр шертіп, ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.
Әрі қарай іс-шара «Мәдениет – асыл қазынам» атты Жуалы ауданының мәдениет күнінің мерекелік концертімен жалғасты. Мерекелік шара «Шашу» ән-биімен ашылып, ақжаулықты аналардың шашуымен шырайланды.
Жуалының тойында облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев, аудан әкімі Жалғас Мұртаза ізгі тілектерін жеткізіп, құттықтау сөз сөйледі.
Концерттік шара барысында ауданымыздан шыққан, бүгінде республикаға танымал «Қоңыр» тобы, әнші, Мәдениет саласының үздігі Жанна Асанқұлова, айтыскер ақын Қанат Мырзахан, «Жаңабаевтар» отбасылық-халықтық ансамблі және ауданымыздың өнерпаздары өнер көрсетіп, кештің көркін қыздыра түсті.
Сонымен бірге, кеш қонақтары киіз үйлер алаңын тамашалап, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татты.
Мақпал СҮЙІНБАЙ.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді