«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сұлу өнердің сәні

Сұлу өнердің сәні
ашық дереккөз
Сұлу өнердің сәні
Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов: «Театр– қас сұлудың көз жасындай мөлдір» десе, сол мөлдір әлемге толы үлкен сахнада бір сәт өнер көрсетудің өзі – жетістік. Ал, елу жыл бойы сахнада өнер көрсетудің талантпен қоса қандай қажыр-қайратты қажет ететіні түсінікті. Мұны біз Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетованың аталған театрда өткен «Мендік әлем – сұлу өнер сәніндей» атты шығармашылық кеші барысында тағы да аңғардық. Бұл кеш актрисаның 70 жас мерейтойына арналды. Рухани кеш актрисаның шығармашылық жолына арналған театрландырылған композициясымен басталды. Театрдың жас актерлерінің қаумалауымен сахнаға Майра Жалмұханбетқызы шықты. Ол өзінің театрдағы жарты ғасыр бұрынғы сәттерін, өзінің рөлдерін және партнерлерін еске алды. Міне, осы сәтте LED-экраннан актрисаның әр жылдары қатысып, ойнаған спектакльдерінің бейнежазбалары көрсетіліп тұрды. Атап айтсақ, Майра Әлімбетова әр жылдары театр репертуарындағы: Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзіндегі» – Қаракөз, «Қара Қыпшақ Қобыландысында» – Қарлыға, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлік, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Гертруда, «Ричард – ІІІ»-інде – Елизавета, Шерхан Мұртазаның «Жалғыз үйлік зіл-заласында» – Сандуғаш, Дулат Исабековтің «Әпкесінде» – Гауһар, Еврипидтің «Медеясында» – Сүтана, Болат Жакиевтің «Әке тағдырында» – Зуһра, Бақытяр Әбілдаевтың «Айша бибісінде» – Баба әже, Елен Әлімжанның «Жанталасында» – Сәнім, Антон Чеховтың «Иванов»-ында – Сашенько, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» – Гүлбаршын, Исрайл Сапарбайдың «Ауылдан келген аруында» – Гүлдана, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасында – Әйгерім, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» – Башорат рөлдерін сәтті ойнап шыққан. Соңғы жылдары да театрдың жаңа репертуарына атсалысып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп келеді. Майра Әлімбетова сахнадағы жарты ғасырлық ғұмырында жүзден астам сахналық қойылымдарда басты және негізгі рөльдерді сомдапты. Әлем классиктерінің туындыларының басты кейіпкерлерін сахналаудағы Майраның шеберлігі көрермендер тарапынан оң бағаланып отыр. Бұл жолы да сахнаға сән берген Майраны құттықтап келушілер аз болмады. Замандасы Жүніс Әлімбековтың: «Майра, Майра!» деп атып шығуы, бір бүйірден «Уа, құдағи, қайдасың?» деп Халық артисі Мәкен Рахымжанованың шыға келуі, өмірде де бір-біріне құдағи Мәкен мен Майраның бір сәт: «Құдалар» спектаклінен үзінді ойнап жіберуі де шынайы шығып жатты. Осы театрда өнер көрсетіп, бұл күнде бақилық болған сахна шеберлерін еске алған сәтінде көпшілік өнерпазбен бірге толқыды. Сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды. Мұнан соң кештің ресми бөлігін танымал актер, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков жүргізді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай оқып беріп, мерейтой иесіне зор денсаулық, толағай табыстар тіледі. «Аmanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ермұханбет Жұмабек, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, актрисаны «Тараз қаласының Құрметті ардагері» атағымен марапаттады. Актрисаға мерейтой үстінде Қазақстанның Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов басқаратын республикалық театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісі, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалі де табыс етілді. Кеш барысында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің сәлемін Асхат Маемиров жеткізсе, елімізге танымал актерлер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Айдос Бектеміров, Саят Мерекенов және курстасы Шахадин Алқожаев толғана сөз сөйлеп, Мәскеуде өткен жастық жылдарға біраз сапарлап қайтты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовтың құттықтауын Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының проректоры Гүлшат Қамбарбекқызы жеткізді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова да құттықтап, кеш иесінің керемет қырларын айта келіп, бір кездері аталған оқу орнында еңбек етіп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерден құрылған театрына «Халықтық театр» атағын алып бергеніне тоқталды. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Гүлжан Шәріпхан мен Әлішер Болтаев әннен шашу шашты. Осылайша, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетованың 70 жас мерейтойлық кеші жоғары деңгейде тойланды. Театр толы көрерменнің тік тұрып, қол соғып, актрисаға көрсеткен құрметтері – кеш иесінің еңбегіне деген шексіз құрметтері екені анық.  

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар