Бақытқа толы «Балбөбек»
Мойынқұм ауылындағы алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі мекеменің бірі – «Балбөбек» бөбекжай бақшасы. Мекемені бес жылдан бері Фатима Сқақова абыройлы басқарып келеді. Мекемеде 280 бала тәрбие алуда. Оларға 32 маман педагогтар сапалы қызмет көрсетеді. Мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты жетілуіне, өнерлерінің өрістеуіне ерекше мән берілуде. Әсіресе, даярлық тобындағы балаларға қазақтың көрнекті ақындарының өлеңдері жаттатқызып, дамытып отыратыны көңілге қонымды. Мәселен, 5 жастан асқан балалар Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әли, Фариза Оңғарсынова секілді ақындардың жырларын шамаларына қарай екі-үш шумақтан жаттайды. Бұл мектепке дейінгі мекеменің тұрақты демеушілері бар екен. Атап айтқанда, Кенжекүл Бекболаева, Эльмира Кемерқұлова, Әсел Ілкібаева мұндағы жұмыстарға үнемі қаржылай қолдау көрсетіп жүргенінен хабардар болдық.
Мұнда еңбек ететін тәрбиешілердің көбісі тәжірибелі. Отыз жылдан астам уақыт тер төгіп жүрген мамандар бар. Сондықтан, ата-аналардың да балабақша жұмысына көңілдері толады. Ата- анамен байланыс жақсы жолға қойылған. «Бұл балабақшаның тарихы әріректен басталады. Балаларымыздың бәрі осы жерде тәрбиеленіп, жетілді. Қазіргі таңда көптеген ата-апалар немере-шөберелерін әкеліп жатыр. Олардың мұндағы тәрбие жұмысына көңілдері толады. Түрлі мәселелерді, тәрбиеге қатысты жұмыстарды бөбекжай әкімшілігімен ақылдасып отырамыз», – дейді ата-ана Әсел Айдарбекова.
Осындай ынтымақтың нәтижесінде Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өткен «Әжем, анам және мен» аудандық байқауында тәрбие алушы Мерей Мұрат, Надира Мейірхан, Еркеназ Болат, Айзере Орын жүлдегер атаныпты. Бұл ретте музыка маманы Айгүл Алдабергенованың, дене тәрбиешісі Жанна Сейіткерімованың еңбегі зор. Аға тәрбиеші Зиягүл Оспанова, Әдіскер Ләйла Көпбергенова, тәрбиеші Жанар Қожамұратова – өз істерінің шебері. Жас тәрбиешілер Шарбану Қожагелдиева, Гүлзипа Сүйінбекова да өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтынын байқатты. Балабақшаны бізбенен бірге аралаған Гүлбаршын Әлібекова: «Бұл бөбекжай бақшасы 1979 жылдан жұмыс істейді. Қағазға хатталған біраз тарихы бар. 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен. Оның үстіне қызметкерлер жауапкершілікпен қараған соң, мекеме ғимараты жайнап тұр. Бұл осы мекеменің тәжірибелі басшысы Фатима Рахматқызының да ұйымдастыру ісіндегі шеберлігі. Ата-аналардың да үнемі алғыс айтып жүргенін естиміз. Бұл балабақшадан тиянақты тәрбие, білім алған бүлдіршіндер мектеп қабырғасына барғанда да жақсы үлгерімімен көзге түседі. Оны зерделеп, байқап жүрміз», – дейді.
Біз «Балбөбекте» тәрбие алып жүрген бүлдіршіндердің жүзінен шаттық пен қуанышты, өздерінің шамалары келген нәрсені үйреніп алуға деген ынтаны байқадық. Себебі, мұнда жұмыс жақсы жүйеге қойылған.
Есет ДОСАЛЫ.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді