Мәдениет
Сахна саңлағы актриса Майра Әлімбетова туралы бір үзік сыр
- author «Ақ жол»
- 24 қыркүйек, 2023
- 266
Сахна саңлағы актриса Майра Әлімбетова туралы бір үзік сыр
«Бейбітшілік туы берік қолда». «Орындайтын – хор».
Жарасымды бір бұрым етіп өрілген қолаң шашын арқасына тастаған, үстінде қоңыр көйлек, ақ фартук – мектеп үлгісіндегі киім, омырауына Лениннің басы бейнеленген қызыл комсомол төсбелгісін таққан ашаң жүзді оқушы қыз осылай тақ-тақ хабарлады да, сахнада екі қатар болып тұрғандардың орта тұсындағы бос орынға барып тұра қалды. Сірә, соған дайындалып қойған орын болса керек. Ән басталып кетті.
«Жер шарын мекендеген бүкіл халық,
Советтер Одағынан қуат алып...»
Баянның сүйемелдеуімен әлгі қыз бен бір бозбала марш екпінімен әндете жөнелген. Сөздері – айқын, әуені – нақ-нақ. Тап бір сапта жүріп келе жатқандай.
– Мына қыз кім? Бұрын көрмеппін. Өзі өжет екен.
– Жалмұханбет ағайдың қызы. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында бірінші хатшы болып қызмет атқарған кісі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін елге көшіп келген. Мына қыз жаңа оқу жылынан біздің мектепте оқиды. 9-сыныпта болуы керек.
– Болайын деп тұрған бала екен. Ағамыздың тұқымында өнерпаздық бар ма еді?
– Ағамыздың ән айтқанын көрмеппін. Өмір-бақи жоғары лауазымды жауапты қызметтер атқарған партияның солдаты ғой. Ал, Бану жеңгеміздің әжептеуір әншілігі бар. Домбыра, пианино, гармоньда шебер ойнайды.
– Е, онда анасына тартқан болды ғой.
Бұл – 1967 жылы Орал облысы, Жымпиты ауданының орталығында Октябрь революциясының 50 жылдығына арналған мерекелік концертті тамашалап отырған егделеу екі кісінің әңгімесі. Әңгіме концерттегі пысық қыз Майра Әлімбетова туралы...
Сол анасына тартқан пысық қыз артына қарай-қарай зытып келеді. Зытып келе жатқаны қашып келеді. Тура Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» Бораш секілді. Майраның қашып келе жатқаны Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне оқуға түспек. Қанша көзі ашық кісі болғанымен, әкесі қызының әртістің оқуына баруына ықылас білдірмеген. Майра анасының ақ батасы мен рұхсатын алып, теміржол бекетіне ұрланып қашып келе жатқан беті. Артынан біреу қуып жетіп, ұстап алатындай асығыс, алаңдаулы. Тезірек вокзалға жетіп, пойызға отырып жүріп кетсе екен! Арғы жағын көре жатар.
Ал, егер оқуға түсе алмай қалса ше? Әкесі ризашылық білдірген жоқ қой. Жоқ, оқуға түсіп кетуі керек. Бану анасы батасын берді ғой. Осы халық ертегілерінде, батырлар жырларында тәуекелге бел буған батырлар аналарының баталарымен-ақ армандары орындалып, мақсат-мұраттарына жетіп жатады ғой.
Пойызда осы ойдың құшағында отырып қалғып кеткен екен. Көзін ашса, Ақтөбеге келіп те қалыпты. Орындықта тік отырып қалғығанына қарағанда, «общий» вагонға отырған болуы керек. Мейлі ғой, әйтеуір, жетсе болғаны да.
Талантты қыз сол жолы оқуға түсіп кетіп, ауылға жазғы каникулда бір-ақ оралған. Әкесі «жылы қабақ танытпайды- ау» деп ойлаған. Жоқ, сағынып қалыпты. Қанша дегенмен перзенті ғой. Маңдайынан иіскеп, бауырына басып тұрып: «Маған айтпай, мамаңмен ақылдасып кеткен екенсің. Арманыңа жет, айналайын!» деген шын ықыласпен.
Майра арманына жетті ақыры. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің актерлік бөлімін үздік бітіріп, қызыл диплом алғаннан кейін Мәскеуге тартқан. Онда Щепкин атындағы жоғары театр училищесінде оқуын әрі жалғастырып, білімін жетілдірмек. Училище деген аты болмаса, институтпен дәрежесі тең бұл оқу орны – қазір өнер академиясы.
1978 жылы диплом қорғау кезінде Джованнидің «Ринальдо шықты майданға» спектаклінде жаңашыл жастардың жігер берушісі Агатаның рөлін шебер сомдаған Майра Жалмұханбетқызы Әлімбетова Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жолдамасы ме н Торғай облыстық музыкалық драма театрына қызметке жіберілген.
Алғашында көпшілік сахнасында өнер көрсеткен жас актрисаға сол кезде театрда бас режиссерлік қызмет атқарған Ерсайын Тәпенов зор сенім артып, Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясындағы Қаракөздің рөлін берген. Майра бұл рөлді шығаруға жан-тәнін салды. Спектакльдің премьерасы қойылғанша театрдан шыққан жоқ десе де болғандай. Кез келген өнерпаздың басты мақсаты – патша көңілді көрерменнің көңілінен шығу. Басқа мақсат болуы мүмкін де емес. Ол үшін өзің сомдайтын кейіпкердің образына кіруің керек. Сахнада өзіңді ұмытпасаң, болмайды. Жасандылық жүрмейді. Шын күл, шын жыла, сөзің жүректен шықсын. Майра Қаракөздің қайғы-мұңын көрермен жүрегіне жеткізе алды-ау деймін, сол жолы спектакльді тамашалағандардың бәрін жылатты. Қаракөз рөлін жан-тәнімен беріле орындауымен, шынайы шеберлігімен.
Ойын аяқталып, шымылдық жабылғаннан кейін өзі де ағыл-тегіл жыласын келіп. «Шынымен-ақ көрермен көңілінен шыққаны ма?! Шынымен-ақ Қаракөз қайғысын жұртшылық жүрегіне жеткізе алғаны ма?! Шынымен-ақ...» Өзінен де қатты әсерленіп, өзінен де қатты қуанған әріптестері құшақтап алып жіберер емес. Майра ағыл-тегіл жылап жүр.
Құшағы гүлге толған сол ойыннан кейін режиссер Майраға басты рөлдерді беретін болды. Жоғары сеніммен. Ерсайыннан кейін театрдың бас режиссері болған Жамбыл Есенбеков те рөл бөлгенде оған зор сенім артатын. Оған әріптестері де қарсы болған емес. Қанша дегенмен пенде ғой, кейбіреулерінде іштей қызғаныш болса болған да шығар? Бірақ, Майраның талантын, әртістік шеберлігін бәрі де мойындаған. Сыйлаған. Оған қоса театртанушылардың айтқан ашық пікір, жылы лебіздері тағы бар.
– Менің өнердегі жолымды ашқан – Қаракөз рөлі. Театрдағы жарты ғасырға жуық қызметімде (Анығында екі училищедегі жылдарды қосқанда елу жылдан асып кетті. Оқып жүргенде студенттерді көпшілік сахналарына шығару, шағын спектакльдерде оңай рөлдерде ойнату тәжірибеде бар. Онсыз актерлік шеберлік қалыптастыру мүмкін де емес. Автор.) жүзден астам рөлді сомдаған екенмін. Кейіпкерлерімнің ішінде кім жоқ, бәрі де бар. Соның бәрінің бейнесін шығаруың керек. Ол көрермен сенетіндей, жүрегімен қабылдайтындай шынайы шықпаса, бәрі де бекер. Ол үшін актер сахнада, оған дейінгі дайындықтарда, репетиция дейміз ғой, ақ тер, көк тер болуы керек. Актерлік, кейбіреулердің ойлайтынындай, жеңіл-желпі мамандық емес. Өзіңді ұмытып, өзгенің бейнесін сомдау қайдан оңай болсын. Ол рөлдерде қуаныш, қайғы-мұң, бәрі-бәрі бар. Соның бәрін бойынан да, ойынан да өткізген актер ғана – шын өнерпаз. Тағы да қайталап айтамын, менің театрдағы жолымды ашып, өнердегі өрісімді кеңейткен – Қаракөз рөлі, – деп ақтарыла сыр шертті Майра замандас әртістік өнер және өзі туралы әңгімелескенімізде.
Торғай облыстық театрында 3 жыл қызмет атқарған актриса Майра Әлімбетова осында Қаракөзден басқа да бірқатар рөлдерді сомдаған. Бәрінде де көрерменнің құрмет-қошеметіне бөленді. Әр қойылымнан кейін көрсетілген құрмет, білдірілген қошемет оның өнерге ынта- ықыласын, махаббатын арттыра түсті. Ол мұнда қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, облыстық кеңестің депутаттығына да сайланған.
Олар отбасы жағдайына байланысты 1981 жылы Жамбылға көшіп келген. Өмірлік серігі Нұрхат – Әулиеата топырағының түлегі. Жамбыл гидромелиоративтік- құрылыс институтын бітіргеннен кейін туған жерден жырақтау кеткен жігіт мұнда да жоғары лауазымды жауапты қызметтер атқарды. Майра облыстық қазақ драма театрына жұмысқа орналасқан. Сол баяғы өзі жүрек қалауымен таңдаған актрисалық қызмет. Сол баяғы актердің ақ тер, көк тер тынымсыз тірлігі.
– Мейлі жоғары лауазымды қызмет атқарсын, мейлі қарапайым жұмысшы болсын, әйелі әртіс кейбір жігіттердің «сені де, балаларды да өзім асыраймын, үйде отыр» дейтіні болушы еді, Нұрекең сізге ондай талап қойған жоқ па? Қанша дегенмен өзіңдей сұлу, қылықты қызды қызғануы да мүмкін ғой, – деп әзіл-шыны аралас сұрақ қойғанмын сөз арасында.
– Біз ол мәселені отау құрған кезімізде- ақ келісіп, шешіп қойғанбыз. «Әртіс дегенде әртүрлі сөздер ереді. «Біздің ел арасына гастрольге шығатын кездеріміз тағы бар. Сол кездерде менің өнеріме кедергі болмайсың ба, тосқауыл қоймайсың ба?» – деп сұрадым Нұрхат маған сөз салғанында.
– О не дегенің, ондай әңгіме болмайды, – деді.
– Ондай болмайдыны бәрі де айтады. Кейін, үйленіп алғаннан кейін басталады еркектің «үйде отыр» деп едіреңдейтіні. Мен сенен бұрын өнерді сүйгенмін. Сол рухани махаббатыма адалдық танытуым керек. Отбасын құру – өмір заңы. Дүниеге перзент әкелу, шаңырақтың шаттығын сақтау, отбасының берекесін кіргізіп, беріктігін сақтау – әйел біткеннің арманы. Ол бір жағынан азаматтық парыз. Мен сол арманды жүзеге асырып, әйелдік парызымды орындауға бармын. Бірақ, бойымдағы Құдай берген талантты тұншықтырып, өнерді өлтіргім келмейді, – дедім тебірене сөйлеп әрі ой-арманымды барынша жеткізуге тырысып.
– Туһ, сахнада рөлде ойнап тұрғандай тебіреніп кеттің ғой. Біз өзара түсіністікте өмір сүреміз. Мен сенің өмірде де, өнерде де қолдаушың боламын, – деді болашақ жарым уәде бергендей.
– Иә, дұрыс айтасың, мен өмірдегі өзімнің, сенің болашақ жарың Майраның рөлінде ойнап тұрмын, – дедім турасынан тартып. Міне, осылай өлеңде айтылатынындай қосылған қос өзен секілденіп жүректі де, тілекті де бір арнада тоғыстырып өмір сүріп жатырмыз, – деп болған жайды баяндай отырып, шешіле әңгімелеп берді Майра ол мәселе туралы.
Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар, Жамбылға келісімен облыстық драма театрына топ ете қалды. Ұжым да мінезі ашық-жарқын әріптестерін жатсынған жоқ. Ұзатылған қызға айтып жатамыз ғой, «барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп. Дәл сондай.
Жамбыл драма театрында Майра Әлімбетова 42 жылдан астам өмірін өткізіп келеді. Өткізіп емес-ау, театрмен, өнермен бірге өмір сүріп келеді. Оны театрдан бөліп қарау мүмкін емес. Болмайды да! Өйтсек, өмір заңдылығын бұзғанымыз.
– Мен алғашында Арқалықтағы театрда 3 жыл жұмыс істегенімді айтқанмын. Келіннің бетін кім ашса, сол – ыстық, осы ұжымда қызметтес болғандардың барлығы дерлік есімде. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Айдос Бектеміров, ҚР еңбек сіңірген әртістері Сағызбай Қарабалин, Серік Бұлғақбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекеновтерді жырақта жүрсем де мақтан етемін, дейді М.Әлімбетова.
Ал, Жамбыл театрындағы әріптестер жөнінде әңгіме бөлек. Бұл өнер ұжымындағылардың барлығы дерлік жаныма жақын.
Режиссерлер Ерғали Оразымбетов, Әскер Құлданов, әкелі-балалы Тұрар және Асқар Дүйсебаевтар, Қуандық Қасымов – маған қабілетіме қарай рөлдер ұсынып, шабытымды шарықтай қайрап, шеберлігімді шыңдағандар.
Мен сахнада әртістік қызметтің қиындығын бірге көрген әріптестерім ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрсифат Салықова, Қазақстанның халық артисі Мәкен Рахымжанова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қарабай Сатқанбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова, әртістер Үмбет Әлжанов, Көпесбай Бейсенбаев, Шәмшәгүл Жәменкеева, ерлі-зайыпты Мағзом және Шалқия Бақытжановтар, Спандияр Мұқышев, Мәкен Райысханова, Жұмахан Әбдіқадіров, Несіпкүл Омарбекова, тағы басқалар туралы таңға әңгімелеуге бармын. Жоғарыда аты аталғандардың кейбіреулері – бүгінде бақилық. Жатқан жерлері жайлы, жайлары жәннаттан болсын!
Айтпақшы, өткенді ғана айтып, келешек жайлы ұмытқанымыз жөн болмас. Жастар біздің болашағымыз ғой. Театрда болашағынан зор үміт күттіретін жастар көп. Кейбіреулері өкпелемес, мен өнерлеріне өзім сүйсініп жүрген жас таланттардың өнердегі өрістері кең болуына тілектеспін! Артыңда ізіңді өшірмей ісіңді жалғастырар ізбасарлардың болғаны қандай жақсы! Бақыт қой ол!
Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртаза ағамыз «Әдебиет, өнер тоқтаса, асағаның ақ май болса да, қоғам өледі» деген екен. Ендеше, қоғамның өмір сүруінде, дамуында өнердің де зор үлесі бар екенін сезіну – мен үшін мақтаныш. Менің өзімді бақытты санайтыным да сондықтан.
Айтпақшы, тағы бір тамаша әріптесімді ұмытып барады екенмін. Ол – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан. Ол әлгі атақты Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында жүргенінде алған. Өзі Әулиеата өңірінің жігіті, Қордай ауданынан. Туған топыраққа оралғаннан кейін біраз жылдар облыстық теледидарда бас редакторлық қызмет атқарып, журналистік әлеуетін де танытты-ау Асекең.
Одан кейін біраз жылдар біздің театрда директорлық қызмет атқарып, осыннан зейнеткерлікке шыққан. Әлі де әртістіктен қол үзген жоқ. Театрда ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сіздің мен туралы мақала жазуыңызға да түрткі болған сол Асекең-ау шамасы?
– Оныңыз рас.
– Қағазға бәрі сияды ғой, осылардың бәрінің де аты-жөндерін атаңызшы мақалаңызда.
– Шын ықыласты өтінішіңіз қабылданды деп есептеңіз. Енді газет оқырмандары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, басқа да көптеген марапаттардың иегері Майра ханымның отбасылық өмірі жайлы да білгісі келетіні хақ. Құпия болмаса, сөз арнасын солай бұрсақ.
– Құпия ештеңесі жоқ, өмірде арманына жеткен бақытты жандардың бірімін. Басым – аман, бауырым – бүтін. Өмірлік жарым Нұрхат бірқатар жоғары лауазымды қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Құдайдың берген 2 ұл, 1 қызынан немере-шөберелер сүйіп отырмыз.
Мына сәйкестікке қараңыз, біздің үлкен ұлымыз Асхат әріптесім Мәкен Рахымжанованың қызы Гүлзадаға үйленген. Сөйтіп, 17 жыл қимас дос болған Мәкенмен 25 жылдан бері сыйлас құдағилармыз. Құдай ұзағынан сүйіндірсін, балалар бақытты болсын!
Қолда – кіші ұл Әділет пен келінім Жәмила. Ләззат қызымыз бен Саржан күйеубаламыз да бақытты отбасы. Олардан шөберелеріміз бар.
– Майра замандас, бүкпесіз әңгімелестік. Ол үшін рақмет! Дегенмен, тағы бір нәрсені білгім келеді. Зейнеткер Майра Әлімбетова қол қусырып қарап отыр ма?
– Жоқ, қол қусырып қарап отыру – табиғатыма жат. Мен әр жылдарда Тараз педагогикалық институтында, Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Тараз инновациялық- гуманитарлық университетінде (қазір Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты) студент- жастардың театр студиясына жетекшілік еткен жайым бар. Тіпті, пединституттың доценті де болғанмын. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген, өнерлі жастардың бойындағы жылт еткен ұшқынға от беріп, тұтатып жіберу керек. Әрі қарай жалындап жанып кетуі оның талантына байланысты. Бірақ, қай істе болмасын жастарды қамшылау керек. Оның талантын ояту үшін, болашаққа сенімін арттыру үшін. Әйтпесе, ол уақтылы суарылмаған гүл сияқты солып, қауашағын аша алмауы мүмкін. Менің мақсатым – сол гүлдің айналаға сән беріп, төңірегіне хош иісін шашуына қол жеткізу, – деп бір-ақ тоқтады Майра.
– Театрда рөлдерде ойнап, сахнаға шығып тұратын шығарсыз?
– Театрдан қол үзген жоқпын. Қазір өзімнің жасыма лайық аналар рөлдерінде ойнаймын. Біреу шеттетіп жатпаса, өмір- бақи бауыр басқан ұжымыңмен бірге болғанға не жетсін!
Мен онымен замандастығымды пайдаланып: «Нағыз өлермен екенсің ғой!» – деп салдым шын ризашылықпен.
– Иә, өнерге өлермендік керек, – деді ол да менің теңеуіме еш ренжіместен.
Міне, нағыз өнер адамы! Нағыз шыншыл азамат!
Болат ЖАППАРҰЛЫ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді