«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі ел арасындағы ынтымақтастық арта береді

Екі ел арасындағы ынтымақтастық арта береді
ашық дереккөз
Екі ел арасындағы ынтымақтастық арта береді
Ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылатын туыстас әрі көршілес Қырғыз елімен қазақтың қарым-қатынасы берік. Сол достықты іскерлік қатынаста жалғастырып, бекіте түскен алқалы басқосу кеше Тараз қаласында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы өңіраралық ынтымақтастығының I форумында екі елдің Үкімет өкілдері мен кәсіпкерлері ашық пікірлесті. Форум Қазақстан мен Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің сарапшылық отырысымен басталды. Форумға қатысушылардың назарына жамбылдық қолөнершілердің туындыларынан және кәсіпорындардың тауарларынан көрме ұсынылды. Қазақстан- Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысында «Ынтымақтастық шекарасын кеңейту», «Қазақ-Қырғыз өңірлерінің инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктері» тақырыбында әңгіме қозғалды. Қазақ-Қырғыз арасындағы іскерлік диалогы екі елдің ынтымақтастығына жаңа есік ашты. Олай деуіміздің себебі, мұнда қос мемлекеттің министрлері мен кәсіпкерлері ашық пікірлесіп, іскерлік байланыс орнатты. – Қазақ пен қырғыз бауырлас әрі сауда- экономикалық салада әріптес елдер. Бүгін алғаш рет өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізіп отырмыз. Бұл біздің елдеріміздің арасындағы, сонымен қатар, бизнес өкілдерінің сындарлы диалогты дамытуға жоғары мүдделі екенімізді көрсетеді. Біз екіжақты сауданы дамытудың жақсы серпінін көріп отырмыз. Ағымдағы жылдың 7 айында ол 12,7 пайызға өсіп, 755,4 миллион долларды құрады. Биылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстаннан Қырғызстанға жіберілген экспорт 17,5 пайызға өсіп, 469,7 миллион долларды құрады. Өз кезегінде импорт 5,6 пайызға артып, 285,6 миллион АҚШ долларын құраған. Екі елдің Мемлекет басшыларының алға қойған тауар айналымын 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатына 2021 жылы қол жеткізілді. Енді алдымызда оның деңгейін 2 миллиард долларға жеткізуді көздеген алдыңғыдан да ауқымды міндет тұр. Бұл бағытта екі елдің Үкіметі, бизнес өкілдері қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет. Біз сіздерге Үкімет деңгейінде барлық қолдау түрлерін көрсетіп, тікелей өзара әрекеттесу мен байланыс орнатуға дайынбыз, – деді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев. Көрші елдің мемлекетіндегі сауда-саттық пен өндіріс саласындағы жұмыстарды Қырғыз Республикасы Экономика және сауда министрінің орынбасары Қанатбек Абдрахманов жеткізді. Екі елдің өңірлеріндегі инвестициялық және экспорттық мүмкіндіктер турасында сөз болған панельді сессияда «Өнеркәсіптік сауда-логистикалық кешен» жобасының іске асырылуын «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Еркін Жылысбек мәлімдеді. Қырғыз Республикасының инвестициялық ахуалы турасында Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық инвестициялық агенттігінің Инвестициялық жобаларды іске асыру департаментінің басшысы Дамир Бикулов презентация жасады. Қазақстан мен Қырғызстандағы инвестиция салып, бизнесінде табысын арттырған іскер кәсіпкерлер өз істеріндегі тиімді тәсілдерімен бөлісті. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөнінде екі елдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері сөз сөйлеп, қазақ пен қырғыз мемлекетіндегі шаруалар да бүгінгі жай-күйлерін, кездескен проблемаларды шешудегі ұсыныстарын ортаға салды. Қос мемлекеттің Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысының екінші сессиясында қазақ-қырғыз бизнес диалогы аясындағы коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Онда біздің елдің «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қырғызстандық «Бай Дыйкан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында аммофоспен қамтамасыз ету бойынша келісім жасалды. Экспресс-тесттерді жеткізу негізінде біздегі «Амир және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен қырғыздың «АСБ-Компани» серіктестігі арасында меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, Қырғыз еліне қазақстандық азық-түлік, құрылыс материалдары және кешенді микротыңайтқыштар, натрий цианиді секілді өнімдерді экспорттауға келісім орнатылды. Осындай құны 24,82 миллион АҚШ доллары болатын 10 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер іргелес қонған қос елдің арасына берік байланыстың алтын көпірін салып, ынтымақтастық пен іскерлік қарым-қатынасты жалғастыруға негіз болмақ. Осы күні түстен кейін екі ел кәсіпкерлерінің В2В кездесулері өткізіліп, өзара мәселелерін бетпе-бет сұхбаттасып, талқылады. Іскерлік кездесуден соң Қырғызстаннан келген делегация тарихы терең Жамбыл өңірінің «Тектұрмас», «Айша бибі», «Қарахан баба» кесенелеріне барып, облыстағы ісі ілгері басқан кәсіпорындарды аралады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар