Ақ пен қара айқасқан өмір
Отбасы – ұлы құндылық. Адам баласы шаңырақ көтеру арқылы өсіп-өнеді, өркендейді. Қазақ атамыз «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген сөзді бекер айтпаған болар. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақылдардың айтылуы да отбасы институтының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Отбасы құндылықтарының мәуелі бәйтерегі – ана. Ана өз ұрпағына дұрыс жол көрсетуші. Ана – әр үйдің жанған бағы, алтын шамшырағы. Анадан алған тәрбие, әкеден алған тәлім өміріңе жетеді. Бойымызға жақсылық дарытқан, мардымды істер жасауға күш, оң бағыт берген асыл аналарға қанша алғыс айтсақ та артық емес. Шариғатта «Меккеге үш арқалап апарсаң да, анаңның қарызынан құтылмайсың» деп бекер айтылмаса керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылықты анаңа жаса, анаңа жаса, анаңа жаса, сонан соң әкеңе жаса» деген хадисі де анаға құрметтің сауабы шексіз екенін байқатады.
Отбасы құндылықтарын насихаттауда ақпарат құралдарының, өнер ошақтарының, киноның алатын орны ерекше. Біз оны Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Анаға тағзым!» акциясы аясында сахналанған Сұлтанбек Құдайбергеннің «Періште қонған үй» драмасын көру барысында тағы да бір аңғардық.
Хадиша апайдың тағылымы
Бұл драмада мынау жарық дүниеге сәби әкелуге шешім қабылдап, перзентханада жатқан әртүрлі жастағы әйелдердің тағдыры, өмірлеріндегі аса жауапты сәттегі жан күйзелістері шынайы суреттеледі. Сахна шымылдығы ашылғанда жылаған сәби үні құлаққа естіліп, перзентхана палатасы көзімізге түсті. Өмірге тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп перзент әкелетін аналардан батыр кім бар? Бұл жерде де аналардың батылдығын, өмірге перзент әкелу жолындағы таусылмас тәуекелін байқаймыз. Мәселен, Хадиша апайдың жасы 47-де, он үшінші перзентіне аяғы ауыр. Өзі өте мейірімді. Құрсағындағы баласын ана әлдиімен жұбатады. Хадиша апай – перзентханадағы барша әйелдердің де ақылшысындай. Жасы үлкені болғандықтан, оларға қамқорлық танытып, жылы сөз айтып, ақылымен демеп, қолдап жүреді. Көпбалалы ана ретінде балаға қалай қарау керек, сәбиге не беру керек деген сауалдардан басқа қандай тәрбие беру керектігіне дейін үйретуден жалықпайды. Бір сөзбен айтқанда, өзінің бөлмесіне тегін шеберлік сабағын өткізіп құрметке бөленіп жүрген жан. Хадиша апай образын аталған театрдың талантты актрисасы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Анар Алтыбаева керемет шеберлікпен сомдап шықты. Көрермендер де бір сәт тіршіліктің күйбеңін ұмытып, сахнада өтіп жатқан өмірмен біте қайнасып кеткендей болды.Айман Бақытқызы кім?
Бұл қойылымдағы тағы бір маңызды кейіпкер – Айман Бақытқызы. Ол – облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, 39 жасында перзентханаға тұңғыш перзентін босануға келген беті. Ол жоғары білім деп, онан соң қызмет, қызметте өсу керек деп, тұрмысқа кеш шыққан. Енді біраз жасқа келгенде отбасының керектігі есіне түсіп, алғашқы сәбиін өмірге әкелсем деп жанталасуда. Отбасының құндылығы қызмет емес, сәбидің күлкісі екенін кештеу болса да түсінгені байқалады. Айман Бақытқызының образын талантты актриса Индира Мұстафаева жоғары деңгейде ойнай білді. Айманның образы – ауыр образ. Ол бір мекеменің басшысы, жоғары лауазымдағы кісі болғанымен, өте қарапайым. Бойында ізгілік, адамшылық, кішіпейіл қасиеттер мол. Сол асыл қасиеттер әр сәт сайын ашылып отырады. Мәселен, жұбайы Ержан перзентханаға кіріп келгенде оған мейірім төге қарауы – бүгінгі әр отбасында кездесе бермейтін бақыт. Жары Ержанның да жаны таза, адал азамат екені байқалады. Тіпті, Айман сонша үлкен мекемеде басшы екеніне қарамай, өзінің көлік жүргізушісіне тұрмысқа шыққан. Бұл жерде мансап емес, махаббат маңызды болып тұрғанын байқаймыз. Екеуінің басқалардан ұялып сөйлеуі, айтар сөздерін ашық айта алмай, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жеткізе алмай қиналғаны да шынайы берілген. Сол шынайы қимылдардан бір-бірін ерекше сағынғандары, бірін-бірі үнемі іздейтіндері байқалып тұрды. Бұл жерде біздің басты байқағанымыз – шынайылық. Шынайылық – әрбір отбасына өте керек қасиет. Отбасы құндылығы шынайылық пен тазалық бар жерде арта түседі. Бірақ, қазіргі қоғамда көп ерлі- зайыптылар осыны түсіне бермейді. Өмірді жылтыраған қалпында байлық деп танитындар, шынайылықты кемшілік деп қабылдайтындар қаншама? Міне, осындай жарымжан түсініктің салдарынан талай шаңырақ ұрыс-керістен, жанжалдан көз аша алмай жүр. Ал, Ержан мен Айманның арасы мұндай жағымсыз сезімдерден мүлдем ада. Олардың адал махаббаттары тіпті барша маңайды жылытып тұрғандай әсер қалдырды. Айман мен Ержанды қуантуға білікті дәрігер Венера Айтбайқызы да барын салады, сонша жанталасады. Бірақ, оның еңбегі ақтала қоймайды. Қарауындағы аяғы ауыр әйел Айман Бақытқызының жағдайы сәт сайын ауырлап, іштегі баланың қолайлы жатпағаны зерттеу апараттары арқылы анықталады. Сол кезде демалыстан келген перзентхана басшысы Нұрлан Амангелдиевичке (актер Жандар Қырықбаев) де жалынып, «көмектесіңізші» деп өтініш жасайды. Перзентхана басшысы – жағымсыз кейіпкер. Нұрлан Амангелдиевичтің депутат әйелмен арасында аздаған келіспеушілік бар ма деп те қаласың. Әйтеуір асықпайды. Керісінше, перзентхананың мейірбике қыздарына да қырғидай тиіп, көрсеқызар, алақол адам ретінде көрініс береді. Тіпті, Айман жанталасып өмір мен өлімнің ортасында жатқанда оны өзінің жеке клиникасында емдеп, науқастан көп мөлшерде ақша алып, пайда тауып қалуды ойлап аласұрады. Оның көңілінде адамгершіліктің тамшысы да жоқ. Ойлағаны – пайда мен арсыздық. Қойылым соңында Айман перзентін өмірге әкеле алмай, қайтыс болады. Автор ана мен бала өлімін азайту мәселесін де осылай оқиға арқылы көрсеткен. Қайғылы жағдайды естірту дәрігер Венера Айтбайқызына өте ауыр соғады. Әдеттегідей, Айманның күйеуі Ержан қуанып жетеді. Қолында гүл. Амандықтан соң: «Бұйырса, той жасаймын, бәріңе дастарқан жаямын. Екі қой соямын» деп, екпіндете жөнеледі. Дәрігердің: «Сіз кешіріңіз. Айманды баласымен қоса аман алып қала алмадық. Қолымыздан келген барлық жағдайды жасадық», деп жәйлап айтқан сөзін де еститін емес. Бір сәтте: «Не, біреу қайтыс болды ма? Иманды болсын» деп қояды. Аяғында жағдайды білгенде есінен танып қала жаздайды. Шөгіп, қан жұтып, қайғырып отырып қалады. Оған шарасыз халдегі Венераның жағдайын қосыңыз. Аяғы ауыр әйелдер үшін жанын салып, шырылдап жүрген бір маман бар. Ол – перзентхананың акушер-гинеколог дәрігері Венера Айтбайқызы. Бірақ, өзі бір перзентке зар. Жастық шағындағы қателіктері алдынан қасірет болып шықты. Бұл да күрделі тағдыр.Қойылымнан нені байқадық?
Орта жастағы аяғы ауыр әйел Жанна Оспанова, 25 жасар жүкті келіншек Назым Жәнібекова, 14 жасар аяғы ауыр қыз Айнұр Жүзімбек те – өмірден алынған кейіпкерлер. Автор осы перзентханада жатқан әйелдер арқылы да оқиғаны ширатады. Қоғамда болып жатқан жағымсыз істерді көз адыңа әкеледі. Мысалы, 25 жасар Назым сол перзентханада өзімен бірге босанып жатқан Жаннаның күйеуінің көңілдесі болып шығады. Тап сол жерде екі аяғы ауыр келіншек айқасып, жанжалдасып, бір-бірін жұлмалап, оқиға соңы Назымның перзентінің өлі тууына әкеліп соғады. Сеңдей соғылып, шиеленісіп жатқан дүниелер. Ал, 14 жасында аяғы ауыр боп қалған Айнұрдың қасіретін кім түсінген? Ол зорлықтың құрбаны. Содан ата-анасы егде тартқан малшы адам Ағайға тұрмысқа беріп жібереді. Ағай – жағымды кейіпкер. Ол Айнұрға тек қамқорлық жасауды ойлайды. Перзентханаға кейіннен Жұмагүл деген қойшының әйелі келіп қосылады. Ол жетінші қызын босанғалы жүр. Қимылы сергек. Бұл қойылымның басты мақсаты – перзентханадағы әйелдердің сан түрлі тағдырын беру арқылы қоғамға ой салу. Аналардың өмірге сәби әкелудегі ерлікке тән іс-әрекеттерін бейнелеген. Жастарды, жас аналарды ұрпақ мәселесіне жеңіл қарамауына үндейді. Түйіндеп айтқанда, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры ұсынған «Періште қонған үй» драмасының көрерменге берері көп болды. Әйел тағдырына қатысты көптеген мәселелерді қозғай білді. Көпшілікті әсерге бөледі. Барлық актерлер мен актрисалар өздерінің рөлдерін керемет шебер ойнап шықты. Қойылымнан соң көпшілік тік тұрып, қол шапалақтап, актерларға құрмет көрсетті. Қойылымның сәтті шығуына режиссер Гүлзинат Ерғалиеваның, суретші Қазым Аманқосовтың және өзге де музыка өңдеуші, жарық беруші, әрлеуші мамандардың еңбегін атап өткен жөн. Қойылым соңында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, театр ұжымын 88-жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде «Періште қонған үй» қойылымының көңілден шыққанын, көпшілікке ой салатынын айта келіп, ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді